Қайсарлықтың қашанда қасиеті жоғары. Тұмар патшайымның бұл көрегендігі әлемдегі жүздеген қаламгерлердің, тарихшылардың шығармаларында көркемдік әдіспен бейнеленді. Ұрпақтар санасында елдік мүддені сақтап қалудағы ерлік болып қалыптасты. Тұмар патшайымның қайсарлығы мен сұлулығы да Болат Жандарбековтің «Сақтар» романында көркем бейнеленген еді. Жамбыл облыстық қазақ драма театрында аталған роман желісі бойынша «Томирис» тарихи драмасы сахналанды. Ал драманың қоюшы режиссері астаналық Дина Жұмабекова болды. Сондай-ақ суретші Рахат Сапаралиеваның жан-жақты шеберлігі көрерменді сақтар дәуірінде жүргендей әсерге бөледі.
Ең бастысы, сахналық қойылымда еркіндік орын алған. Көп жағдайда тарихи шешімдер сөзбен ғана емес, әрекетпен де беріліп отырды. Тұмар патшайымның бейнесін сомдаған Анар Сағымбекова қимылымен де, сөзімен де көрерменді тәнті етті. Әйел заты қанша жерден нәзік десек те, ел мен жерді қорғап қалудағы қаталдықты актриса Кир патшаның басын алу оқиғасы кезінде тағы бір көрсетті. Өзеуреп келіп, өлім құшқан Кирдің бейнесін сомдаған Кенен Ақүрпеков, Рустам рөліндегі Мәмбет Қожалиев те көрерменді көне дәуірге тартқандай болды.
Драма режиссері Дина Жұмабекованың айтуынша, шығармашылық ұжым бір ай бойы бірлесе еңбектенген. Ал театр директоры Болат Бекжанов қойылымның сәтті шыққанын сөз етіп, алдағы уақыттарда «Томирис» тарихи драмасының театр төрінен табылатынын айтты.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы