Қазақстан • 06 Ақпан, 2018

Жақсы ит... (Әңгіме)

1763 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Арланның иесі үйін сатуға қойып, өздері қалаға көшіп кетті. Иесіз қалған иттің жарытып ас ішпегеніне аптадан асты.

Жақсы ит... (Әңгіме)

Көшуге әрекет жасалып, көлік­тер қақпадан еніп, заттар түй­дек-түйдек теңге айналып, буын­шақ-түйіншектер көлікке артыла бастағанда ғана көшірісіп жатқан­дар байлаулы тұрған Арлан­ға назар аударды.

Бірі «босатып жіберейік!» десе, енді бірі «босқа қаңғыртқанша атып тастаған жөн шығар» деді. Иттің аянышты түрін көрген көршісі «жаңа иесі табылып қалар, обал-ды» деді. Не керек Арлан өзін иесі қалаға әкетпейтінін анық түсінді. Иесі «асыл тұқымды ит асырасам керек болып қалар» деп мойнындағы қарғыбауын ағытып алды да, Арланды босатып жіберді. Арлан иесін қимай көш артқан көліктің соңынан ауылдың шыға беріс қақпасына дейін қапталдаса жүгіріп отырды. Ақыры арқыраған көлікке ілесе алмай жол бойында шоқиып ұзақ отырды. Осы сәтте Арланды жақын барып көрген пенде болса, оның көзіндегі мұңға шыланған жасты көрер еді. Содан бері орталықтағы базардың күл-қоқысын кезіп жүргені. Ілуде болмаса ешкім есіркеп нан, сүйек-саяқ тастай қоймайды. Арлан таңғы елең-алаңда, кешкі апақ-сапақта көшеге шықпайтын болған. Өйт­кені бұл уақыттарда тарс-тұрс атылатын отқару асынған адамдар жүреді. Өткен жолы сондай жандарға кезігіп жамбасына оқ сүйкетіп алып, әзер аман қалған болатын. Ауық-ауық өздері тұратын үйдің қаңыраған жұртын айналып шығады. Үй әлі иесіз. Шарбақтың іргесінен кіріп шығатын тесігі бар. Иесі көшер­де көршілеріне дайындап «алатын адам келсе, саудаласа бер. Бізге хабарын айт!» деп кілтін де тап­сырып кеткен. Арланның иесі қалаға көшіпті деген аты болмаса, қаланың шетінде кәдімгі ауыл­дағыдай жер үйде тұрады екен. Көшіп барғалы тірлігі өнбей, жұмы­сы кері кете беріпті. Жандары ашыған әркім-әркім маңдайдағы жазулы тағдырдан, қоғамнан, анадан-мынадан көріп жұбатпақ та болыпты. Ауылдан хабарласқан көршісі: «Сендер көшіп кеткелі ит үйге жан баласын жолатар емес. Ешкімді қауып немесе жұлмалап жатқан жоқ. Алайда ырылдап, сес көр­сетіп үйге жақындатпайды. Әлгі иесіз ит-мысықтарды аулайтын мекеме жұмысшыларын шақыр­ған мезетте Арлан ізім-қайым жоқ болып кетеді. Тура бір елес сияқты.Үйлерің әзір өтер емес», деді. Осы сәтте Арланның иесінің санасына әлдебір ұшқын ой сап ете қалды.

Таңертеңгі шай үстінде отбасы мүшелеріне қарап: «Үлкен бала келінмен осында қалада қалсын! Қалғанымыз ауылға қайта көшеміз. Ырыс пен несібені, кие мен қазынаны жұртқа қалдырып кеткен кінәнің кілті өзімізде екен ғой», деген Арланның иесі елге бет алмаққа бекінді.

Ауылдың ортасындағы қара шаңырақтың қақпасынан енгенде есігінің алдында артық еті қалмай, арса-арсасы шығып жүнжіп кеткен Арланды көріп: «Кешір мені, қарашаңырағымның қазынасы, отбасы, ошағымның киесі», деп жылап жіберген иесі Арланды қапсыра құшақтай алды. Сол түні Арлан аула ішінде қуаныштан әрілі-берілі ұзақ шапқылады. Ертеңіне Арланды ешкім де көре алмады. «Жақсы ит...»

Мақсат ҚАРҒАБАЙ