Ирина Кимнің Жамбыл облыстық теледидарынан қазақ тілінде хабар жүргізе бастағанына біраз жылдың жүзі болды. Көрермендер бұған шын көңілімен қуанып, «әне, көрдіңдер ме, корейдің қаршадай қызы қазақ тілінде сайрап тұр!» деп мәз болса, енді біреулер оны қазақтың қараторы қызы екен деп қалады.
Иә, Иринаның әкесі де, анасы да корей ұлтының өкілдері. Бұл туралы Иринаның өзі «қоспасы жоқ» деп қалжыңдап қояды. Біз жақында Ирина қарындасымызбен жүзбе-жүз отырып, кеңінен сұхбаттасып қайтқан едік.
– Ирина, алдымен өзің туралы, ата-анаң жайлы айтып берсең?
– Мен Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Бұқарбай батыр ауылында 1987 жылы дүниеге келдім. Әкем де, анам да қазақ тілін біледі. Ес білгелі қазақ балаларымен бірге ойнап өстім.
– Корейлердің Қызылорда облысына қоныстану тарихы туралы көп адамдар біле бермейді, сол жағын да қысқаша айта кетсең.
– 1937 жылы корейлерді Қиыр Шығыстан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты тағы басқа одақтас елдерге күштеп қоныстандырыпты. Сол кезде атам мен апам 9 жастағы бала екен. Корейлердің негізгі азығы – күріш екені белгілі. Ал Қызылорда облысының көптеген аудандары күріш егуге қолайлы. Сондықтан болар, оларды әйтеуір бір жерге орналастыру керек болғанда осы жағы да ескерілген болуы керек. Атақты күріш өсіруші Ыбырай Жақаев атамыз сияқты корейден шыққан Ким Ман Сан деген күріш өсірудің рекордшысы да болған.
Атам Дух Ван мен апам Цой Ча Ок екеуі Бұқарбай батыр ауылында (ол кезде Калинин деп аталған екен) үйленіп, отау құрады. Олардан Людмила, Светлана және Владимир атты 2 қыз бен 1 ұл дүниеге келеді. Үшеуі де орыс мектебінде оқиды. Кейін осы білім ұясына қазақтар да балаларын оқуға бере бастапты.
– Өзің қай жылы мектепке бардың?
– 1994 жылы бардым және жақсы оқыдым. Біздің Қызылорда облысында тұратын өзге ұлт өкілдерінің бәрі де қазақша таза сөйлейді. Бұл табиғи нәрсе сияқты қалыптасып кеткен. Ал мен Тараз қаласына келіп, осындағы мемлекеттік педагогикалық институтқа оқуға түстім. Қазақша сөйлеп жүргенімді көрген студенттер мен оқытушыларым қатты таңғалды. Ал біздің жақта өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде сөйлескенін қалыпты жағдай деп біледі. Міне, осыдан-ақ қазақ тілі жағдайының, оған деген көзқарас деңгейінің қай өңірде қандай екенін біле беруге болады.
– Демек, Тараз қаласындағы қазақ тілінің қолданылу аясы мен даму деңгейі Қызылорда облысына қарағанда әлі де төмендеу демексің ғой?
– Бұл өңірге келгелі бері менің байқағаным, мұнда тұратын өзге ұлт өкілдерінің барлығы да қазақша түсінеді немесе аздап біледі. Сәл күш салса қазақ тілінде таза сөйлеп кетуге де мүмкіндіктері бар. Бірақ, өкінішке қарай, өйтпейді. Неге? Себебі, қажеттілік жоқ екенін біледі. Мысалы, мен Қазақстанда тұрып жатқаннан кейін қазақ тілінде сөйлеуім керек екенін түсінемін. Бұл анадан шыр етіп дүниеге келген сәбидің іңгәсіндей табиғи, үйреншікті нәрсеге айналуы керек.
– Мысалы...
– Мысалы, сонау 1937 жылы менің атам мен апам қазақтардың ортасына бір ауыз қазақша, бір ауыз орысша тіл білмесе де көшіп келіп, қоныстануға мәжбүр болған тарихи кезеңді алайық. Бұл басқа ұлт өкілдеріне де қатысты мәселе болды. Міне, солардың ешқайсысын қазақ халқы кеудесінен кері итерген жоқ. «Қоржын тамының» бір бөлмесін соларға босатып беріп, бір үзім наны болса, оны да бөлісіп жеді. Бұл тарихи шындық. Біз осы тарихи шындықты Қазақстандағы өзге ұлт өкілдеріне аз насихаттаймыз. Қазаққа, оның тіліне, салт-дәстүріне деген құрмет, міне, осыдан бастау алуы керек. Әйтпесе, өзге ұлт өкілдерінің жетпісінші, сексенінші, тоқсаныншы жылдары туған ұрпақтары өздерінің «аспаннан түспегенін» біліп, ата-бабалары қазақтардың арқасында зорлық-зомбылық пен аштықтан аман қалғанын жан-жүрегімен сезінсе, мемлекеттік тілде сөйлеу мәселесіне түсіністікпен қараған болар еді. Сондықтан заман ағымымен, тағдыр жазмышымен Қазақстанға қоныс аударған басқа ұлт өкілдерінің ұрпақтары қазақ тілінде сөйлемеуі немесе қазақ ұлтының мәдениетін, салт-дәстүрін білуге құштарлық танытпауы ұят деп ойлаймын.
– Өзің жағрафия маманы екенсің, қалай тілші болып жүрсің?
– Тілші болуымды қазақ тілін жақсы білетінімнің ықпалы деп түсінемін. Себебі, теледидарға қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілі керек болып, мені жұмысқа шақырды. Бұл ұсыныс өзіме де қатты ұнады. Ә дегенде «Рауан» деп аталатын таңертеңгілік ақпараттық-сазды бағдарламаны жүргіздім. Бірақ бір жарым сағаттық тікелей эфирге шығу алғашқыда өте қиын болды. Тікелей хабар болған соң әртүрлі адамдар телефон шалады. Оларға табан астында сауатты, мәдениетті, дәл және ұтқыр жауап беруің керек. Осыған орай есімде қалған бір қызық оқиғаны айтып берсем деймін. Бірде көрермендердің біреуі телефон шалып, «Қазақтың қыздары құрып қалды ма, неге корейдің қызын жүргізуші ғып алдыңдар. «Қыз сыны» байқауынан жүлде алған қаншама қазақтың сұлу қыздары жұмыссыз жүр» депті. Депті дейтінім, тікелей эфирде екі жүргізуші алма-кезек сөйлеп тұрамыз, сондай қарбалас сәтте мен өзіме қарата айтылған әлгіндей ауыр сөзді естімей қалыппын да: «Рахмет, хабарласқаныңызға» деп жіберіппін. Ал көрермен сауалына ыңғайсызданып қалған қасымдағы жүргізуші қазақ жігіті Руслан есесін жібермей: «Өзге ұлт өкілдерінің қазақша сөйлеп жатқанына қуанбайсыз ба қайта» деді. Мен болсам әріптесім неге бұлай айтты деп ойланып тұрмын. Бағдарлама аяқталған соң ол: «Ирина, сенің эфирге шыққаныңды жақтырмаған көрерменге «рахмет, хабарласқаныңызға» деп тұрғаның қалай» деп күлді. Мәселенің не жайында екенін сонда ғана барып түсіндім. Бірақ телеарнаның сол кездегі басшысы Қалыбек Атжан жиналыста: «Рахмет, Ирина, өзіңді өзің ұстай білдің, эмоцияңды сездірген жоқсың» деп риза болды. Қайдан білсін, көрерменнің сөзін естімей қалғанымды, әйтпесе мен де бір қазақтай жауабын беретін едім. Қалжың ғой...
– Бұл бағдарламаның мақсаты не еді?
– Ақпараттық-сазды бағдарлама ғой. Таң рауандап ата бастаған мезгілде жүргізілетін болған соң «Рауан» деп аталады. Осы бір жарым сағаттық таңғы бағдарлама мен үшін үлкен мектеп болды. Сөйлеу мәдениетін үйрендім. Сөз байлығым да молая түсті. Осы тәжірибем әсер етті ме, кейін «Тіл-дария» хабарын жүргізуді тапсырды. Оның мақсаты – мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысып, кейбір өзекті мәселелерді қозғап, талқылау, тіл саясатын кеңінен насихаттау. Оған өзім сияқты қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдерін көбірек шақыруға тырыстым. Мысалы, қаладағы қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлт өкілдері саусақпен санарлықтай. Оларды шақыра-шақыра өзіміз де, көрермендер де мезі болғанын жасырмауымыз керек. Сондықтан аудандардағы өзге ұлт өкілдерін іздей бастадым.
– Қызылорда облысынан қазақша оқып, қазақша сөйлеп келдің. Енді орысша сөйлейтін қазақтар мен түрлі ұлт өкілдері шоғырланған Тараз қаласына келіп, тіліңді «бұзып» алған жоқсың ба?
– Жо-о-оқ.
– Мұны сұрап отырған себебім, ортаға қарап адам да өзгереді ғой дегенім ғой...
– Орысшатыс ортаға түстім екен деп қазақ тілін ұмыта алмаймын. Өйткені, мен үш тілді: корей, қазақ және орыс тілдерін жетік меңгергенмін. Ортама қарап соларға қажетті тілде сөйлей алатын мәдениетке де жеттім.
– Қазақ тіліне байланысты сөздік қорың байи түсті ме, әлде бір орында тұрып қалды ма?
– Әрине, байи түсті деп ойлаймын. Институтта төрт жыл қазақша оқыдым. Адам өзінің тіл байлығын үнемі жетілдіріп отыруы керек. Бұл тұрғыда өзге ұлт өкілдері ғана емес, қазақтардың өздері де тіл байлықтарын күнделікті оқу, жазу, тыңдау, іздену арқылы байытып отырғаны абзал. Кемеңгер Мұхтар Әуезовтің өзі: «Менің білгенім бір тоғыз, білмегенім мың тоғыз» деген екен. Тілдік қорымның баюына қазақ тілінде жүргізетін бағдарламалардың да әсері көп болды. Оның үстіне қазақша оқып, қазақша ізденіп, қазақша сөйлеу өз алдына, көрермендер сауалына шешендікпен нақты жауап беру қажет. Дегенмен, Қызылорда мен Жамбыл облыстарын салыстырып қарасам, Қызылорда облысында тек қана қазақтар тұрғандықтан ба, ол жақтағы қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған сияқты көрінеді. Салыстырып айтсам, мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысындағы қазақтардың тілінде – өзбек, ал Жамбыл облысы қазақтарының тіліне – қырғыз ағайындардың әсері барын, яки тілдері араласып кеткенін байқадым.
– Қандай кітаптарды оқисың?
– Қазір «Абай жолын» оқып жатырмын. Жартысына келдім. Абайдың өлеңдерін, қара сөздерін оқыдым.
– Үйіңде жеке кітапханаң бар ма? Мұхтар Әуезовтен басқа қандай қазақ ақын-жазушыларын оқыдың?
– Ахмет Байтұрсынов, Сәбит Мұқанов, Бейімбет Майлин...
– Өңкей бұрынғы өткен жазушылардың кітаптарын атадың. Бұл осылардың аты-жөндерін айтсам, білімді көрінемін деген ойдан туған «қулық» емес пе?
– Жоқ, бұрынғы авторлардың кітаптарын оқитын себебім, олардың шығармаларында қазақтың көнерген сөздері көп. Менікі сол сөздердің мағынасын білсем дегендік. Әйтпесе, Әбдіжәміл атаның «Қан мен тері», Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы да бар кітапханамда.
– Қазақ тілін білу, үйрену үшін ең бірінші адамға не керек? Жұрт отбасынан, балабақшадан бастау керек деседі.
– Балабақшадан, отбасынан бастау керек деген сөз құлаққа қонады. Менің ең алғашқы үйренген қазақша сөздерім «нан», «қант», «су», «ойнайық» және «кетші әрі»... (күлді) болды. Айтпақшы, жақында мен бір отбасына бардым, құрбым тұрмыс құратын болып, күйеу жігіттің үйіне ертіп барды. Мысалы, сол үйдің ұл-қыздары ата-анасын қазақ тілінде «әке» және «ана» деп атайды екен. Әдетте, қазақ та, корей де «папа» мен «мамаға» құлағымыз үйреніп кеткен ғой. Бірақ маған әлгі үйдің ұл-қыздарының «әке», «ана» дегендері қатты ұнады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының Жамбыл облысы филиалы аясында атқарылып жатқан мәдени, рухани іс-шараларға атсалысып тұратын шығарсың?
– Әрине, біздің елде, мысалы, өзге ұлт өкілдері өте көп тұрады. Сондықтан Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуын өте құптарлық іс деп білемін. Өзіңіз ойлаңызшы, 130-дан астам ұлт өкілдеріне мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатында атқарылып жатқан қыруар игілікті істерді түсіндіріп, ортақ үйіміздегі татулықты, экономикалық табыстарды санасына жеткізетін осы ұйым емес пе?! Мысалы, мен Ассамблеяның облыстық филиалымен студент кезімнен бастап жұмыс істеп келемін. «Дөңгелек үстелдеріне» қатыстым, концерттеріне бардым. Содан байқағаным, біздің облыста, әсіресе дүңген, ұйғыр, орыс ұлттық мәдени орталықтары белсенді жұмыс істейді. Менің ойымша, осы және басқа да ұлттық мәдени орталықтардың басшылары мен мүшелері қазақ тіліне қатысты мәселені шешіп, талқылауға келгенде тыс қалмай, бір атаның баласындай бірігуі қажет деп білемін. Өйткені, мемлекеттік тілге қатысты мәселені неге қазақтар ғана талқылауы керек? Басқалар неге өбектемейді?
Содан кейін айтайын дегенім, бүгінде қазақ тілін дамытуға байланысты түрлі форумдар, фестивальдар өткізіліп тұрады. Бұл өте құптарлық іс-шара. Бірақ осы іс-шараларды жүзеге асырғанда жасандылыққа ұрынбау керек деп ойлаймын. Өйткені, сол іс-шаралардың кейбіреулері жоғары жаққа «өтті» деген ақпарат беру үшін ғана өткізілетін сияқты көрінеді. Қазақ тілін білетін, бірақ сол білгенін насихаттамайтын, ары қарай дамытпайтын замандастарым да баршылық. Олар сахна төрінде ғана қазақ тілінде сөйлегенімен, былай шыға бере, яғни қоғамдық орындарда орыс тілінде сөйлей бастайды. Елбасының өзі: «Қазақ тілі Қазақстан халқын біріктіретін фактор», деген жоқ па!
Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.