Кейде аманат ұғымының саяси да сипаты болуы мүмкін. Мысалы, ежелгі русь князі Ярослав Алтын Орда билеушісі Батуға бағынғаннан кейін, толық бойұсынудың белгісі ретінде өзінің ұлы Александрды аманатқа берген. Демек аманат ұғымының маңызы өте зор. Басқасын былай қойғанда, мұсылман үмбетінің қасиетті кітабы Құран-кәрімнің «Ахзаб» сүресі 72-ші аятында «Біз аманатты көктерге, жерге және тауларға ұсындық. Олар мұны қабылдаудан бас тартты, (жауапкершілігінен) қорықты» дейді.
Осындағы аят үкімінен қоғамда аманаттың жүгі аса ауыр екенін, оның жауапкершілігі өте қиын екенін аңғарамыз. VII ғасырда өмір сүрген ислам ғұламаларының бірі Абдулла Омар: «Егер сендер аманатты сақтай алсаңдар, екі дүниеде ештеме де жоғалтпайсыңдар» деп аманат ұғымында екі дүниенің сыйы мен сыры жатқанын ескертеді.
Бұрынғы ата-бабаларымыз аманат ұғымының астарында сарқылмас сауап пен тарқамас жақсылық жатқанын жақсы білген. Тіптен шариғатта ер азаматқа мал-мүлкі, бала-шағасы оған аманат делінген. Атақты шайырларымыз «Алланың аманатқа берген мүлкін, кезегі келген күні тапсырамын» деп бекер жырламаған. Сондықтан да аталарымыз «аманатқа қиянат жүрмейді» дейтін бұлжымас қағиданы өз өмірлеріне темірқазық етіп ұстанған.
Осы орайда мына бір оқиғаларды сөзімізге дәлел ретінде ұсынбақпыз. Сонау ноғайлы дәуірінде атақты батыр Кегенес Кенжанбайдың жан жолдасы Ақпанбет батыр азғырушылардың алдамшы сөзіне еріп кетіп, тұтас жұрттың бүлініп, берік іргенің сөгілуіне себеп болуға сәл қалады. Ол кезде ұлыстың бүтіндігі батырлық пен байлықтың құнынан әлдеқайда жоғары екен.
Ноғайлы билеушісі Мамайдың жарлығымен бүлікшілер талқандалып, Ақпанбеттің басы шабылып, батырдың үрім-бұтағы тұтқындалады. Ақпанбет өлер алдында досы Кенжанбайға кісі шаптырып, «досыма аманат жалғыз ұлымды ажалдан құтқарсын, ұрпағым үзілетін болды» депті.
Хан жасағының алдынан шыққан Кенжанбай Ақпанбеттің жалғыз ұлына сауға сұрайды. Қаһарлы жасақ басшысы көнбейді. Досының өлер алдындағы айтқан аманатын орындап, Ақпанбет батырды ұрпақсыз қалдырмау үшін Кенжанбай өзінің егіз ұлының сыңары үш жасар Жанұзағын Ақпанбеттің ұлының орнына өлімге беріп, досының ұлы Тастемірді құтқарған екен. Беу, дүние-ай!!!
Аманатқа қатысты келесі бір оқиға. Сарысу-Таластың бойын жайлаған тама елінде Тұрдыбай, Таңат дейтін ағайынды адамдар өмір сүріпті. Тұрдыбай ертерек дүниеден өткен екен. Одан Нұралы дейтін жалғыз ұл қалыпты. Тұрдыбай марқұм өлерінде інісі Таңатқа: «Мына, сырқаттың беті жаман, егер де олай-бұлай болып кетсем, ұлым Нұралы өзіңе аманат, қатарынан кем-қор қылмай өсір, түтінім өшпесін» деп аманаттайды.
Арада бір мүшелден астам уақыт өткенде, дүние төңкеріліп, екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Ел ішіндегі жілігі татитын ер-азаматтар жаппай соғысқа алынады. Көппен бірге қара қоржынын арқалап Таңат та майданға аттанады. Майданға кетіп бара жатып әйелі Мариямға: «Марқұм Тұрдыбай ағам Нұрәліні маған аманаттаған еді, ол енді саған аманат, бірдеңеге ұшырып қалмасын, ағамның түтіні өшеді», депті.
Уақыт сырғып өтіп жатты. Соғысқа кеткен Таңаттан қара қағаз келді. Мариям белін бекем буып, өзінің үш баласымен бірге аманат иесі Нұралыны да қанаттыға қақтырмай өсіріп ержеткізді. Бір күні Нұралыны майданға шақырған қағаз келді.
Мариям қатты абыржиды. Күйеуінің аманаты санасында жаңғырып тұрып алды. «...Ағамның түтіні өшпесін!». Ақыры Мариям аманат иесі Нұралыны алып қап, оның орнына жасы әлі толмаған өз ұлы Қыдырәліні «Нұралы мынау» деп майданға аттандырыпты...
Қазір сіз бен біз аманаттың қадірін түсінбей, білмей жүргеніміз болмаса, бұрынғылар аманаттың алдында арын да, намысын да, ұятын да, салтын да сатпаған. Аманатқа қылдай қиянат жасамаған. Шындығына осы күні біз ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай, «Даланың шыдам-төзімін Дарытқан бойға алыппыз, Асылын әттең өзінің, Әлі ұқпай жүрген халықпыз...».
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»