Қазақстан • 07 Ақпан, 2018

Түркі академиясы Алаш әскеріне арналған кітапты таныстырды

625 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) ұйымдастыруымен Алашорданың 100 жылдығына орай өткен «Алаш әскері: тарихтан тағылым» атты семинарда қоғам қайраткері Берік Әбдіғалиұлының «Алашорданың әскери құрылымы (1917-1920 жж.)» атты жаңа кітабы таныстырылды.

Түркі академиясы Алаш әскеріне арналған кітапты таныстырды

Суретті түсірген Майгүл Сұлтан

Алашорда үкіметінің ұлттық әскерінің қалыптасу кезеңі жан-жақты сипатталған және сол дәуірдегі Уақытша Сібір үкіметі, казактардың әскери топтары сияқты маңызды тарихи факторлармен ара-қатынасы зерттелген.

Алаш әскерінің тарихына қатысты архивтік құжаттар жинақталған құнды кітаптың мазмұнына тоқталған автор деректерді Мәскеу, Санкт-Петербор, Омбы және Томск қалаларының архивтерін алғанын айтты.

«Алаш туралы зерттелмеген тақырып өте көп. Солардың бірі – Алаш әскері. Ғалымдарымыз бұдан бұрын да естеліктер жазды. Бірақ қанша әскер болды, оны кімдер басқарды деген сияқты құрылымын құжаттық деректермен қамти алған жоқ. Өйткені құжаттардың барлығы Ресейдің архивтерінде сақтаалған. Ресейдің «Белый фонд» деген тарихи-әскери архиві бар.  Сондағы деректер бойынша Алаш сарбаздарының тізімі шығарылды. Қазірге Алаш әскерінің 700-ге жуығының нақты тізімі кітапқа енді», деген тарихшы алдағы уақытта сол сарбаздардың ұрпақтарын іздеу керек екенін айтты.  

«Құжаттық тізімді тарқатып, тақырыпты ашу үшін осы жазда соғыс болған жерлерде арнайы экспедиция ұйымдастырсақ, шежірелерді ақтарсақ деп отырмыз. Соның ішінде Батыс Қазақстан құжаттары көп сақталмады. Торғай әскерлерінің құжаттары да жоқ. Бірақ командирлері белгілі», дейді кітап авторы.

Түркі академиясы жұмысының 2017 жылғы негізгі бағытының бірі – Алашорда үкіметінің 100 жылдығына арналған еді. Тарихшы Берік Әбдіғалиұлының аталған зерттеу еңбегі осы бағыттағы ғылыми жоба негізінде жарық көріп отыр.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»