Осындай құнды материалдар қатарына Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы қосылғанына өте қуаныштымын. Өйткені бұл кітапта біздің өткен жолымыз, қазіргі өміріміз, бүгінгі қазіргі Қазақстанның тарихы мен келбеті сипатталған. Егемен еліміздің жүріп өткен жолдарын тәуелсіз еліміздің бақытты ұрпақтарының санасына сіңіру үшін бұл кітапты таптырмас оқулық дер едім. Бүгінгі жастарға осы оқулық арқылы тәуелсіздіктің қадірін, қысқа уақытта қаншама тер төгілгенін терең ұғындыруымыз керек.
Егеменді еліміздің болашағы, ертеңгі иелері – бүгінгі жастар, келешек ұрпақ. Оларды жаңа Қазақстанның жаңашыл азаматтары ретінде сауатты, жан-жақты білімді де білікті, өз бетімен ойлап-білуге талпынатын, туған Отанын қорғайтын, қастерлейтін, экономикасын одан әрі дамытатын қазақтың ұрпағын тәрбиелеу – бүгінгі күннің талабы. Қазіргі заман талабына сай білім алушыларға кәсіби құзыреттіліктер қалыптастыруда жоғары оқу орындарының алдында орасан зор міндеттер тұр. Білім саясатындағы түбегейлі өзгерістер оқытушыдан студенттерді тек білімге ғана емес, өмір сүруге үйрететін қабілеттерді талап етуде. Болашақ мамандардың осынау ақпараттық қоғамнан қалыспай жете ойлаушы, жедел шешім қабылдаушы, іскер ұйымдастырушы, нақты бағыт-бағдар беруші болып шығуы – бұл қазіргі уақыттың талабы. Қазіргі демократиялық реформалар жағдайында жаңа идеялар мен құндылықтарды қалыптастырудың қажетті шарттарының бірі – саяси тұрақтылық. Ел басшысы Н.Назарбаевтың бүкіл күш-жігері
елде саяси тұрақтылық пен ұлтаралық татулықты сақтай отырып, əлеуметтік-саяси мəселелерді байыппен шешуге бағытталған. Мұның көптеген нəтижелерін көріп те отырмыз. Елімізде жаңа тұрпатты мемлекеттік басқару жүйесі, əлеуметтік құрылымдар қалыптасуда. Олардың бəрінің қызметі жаңа қоғамдық сананы жаңа идеологияны қалыптастыруға бағытталып отыр.
«Тәуелсіздік дәуірі» кітабының кіріспесінде Президент: «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деп кітаптың мазмұнын айқындап береді. Кітап әдеби де, публицистикалық та стильмен анық, жан-жақты жазылған. «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын саяси антология десек те қателеспейміз. Елбасымыз Н.Назарбаевтың елдің дамуы барысындағы сөйлеген сөздері мен жарияланымдары жүйелі жинақталып берілген. Бұл құнды еңбек Қазақстанның жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың көзқарасын да танытады.
Бұл еңбекте тәуелсіз еліміздің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен жиырма алты жылдық тәуелсіздік дәуіріндегі ішкі және сыртқы сын-қатерлерді еңсеруге байланысты қабылданған шешімдердің мән-мазмұны мен тетіктері терең талданып, баяндалады. Сондай-ақ кітапта «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның дамуы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері жүйеленіп, зерделенген. Қазақстанды жаңғыртудың толқындары барынша ашып көрсетілген. Аталмыш энциклопедиялық еңбекте еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген заманауи қуатты мемлекет құру, халықаралық дәрежеде мойындалған нақты шекара, ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі, Семей ядролық сынақ алаңының жабылуы, нарықтық экономикаға өту, ұлттық валюта, Астананы салу сияқты отыз үш жетістігі мен оған жету жолдары жан-жақты айтылған.
Кітап еліміздің жаңа тарихын тұтас қамтыған төрт бөлімнен тұрады. Атап айтсақ, «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірінші жаңғыруы (1991-1995 жылдар)», «Ұлы бетбұрыс. Қазақстанның екінші жаңғыруының басталуы (1996-1999 жылдар)», «Қияға құлаш сермеу. Қазақстанның екінші жаңғыруы (2000-2010 жылдар)», «Қалыптасқан мемлекет. Қазақстанның үшінші жаңғыруы (2010-шы жылдар)» бөлімдері оқырман қауымның назарына ұсынылып отыр.
Кітапта әр бөлімнің өзі бірнеше бөліктерге бөлінген. Олардың да атауларына зор мән беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дәуірлік оқиғалары нақты әрі дәл суреттелген. Атап айтқанда, «Тарихи әділеттілік салтанаты», «Тұғыры берік мемлекеттік құрылым», «Басты құндылығымыз – бейбітшілікті қастерлей білдік», «Жаңалықтың жылы лебі және қайта түлеген дәстүр», «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...», «Қияға көз тіккен Қазақстан барысы», «Баянды болсын Бас қала!», «Саяси тұрақтылықтың жемісі», «Тәуелсіздік рухымызды шыңдады», «Біз әлемдік дағдарыс сынағына төтеп бердік», «Бұрын-соңды болмаған зияткерлік өрлеу» және т.с.с. бөлімдерде еліміздің жарқын сәттері егжей-тегжейлі баяндалады. Кітаптағы тұжырымдамалар мен маңызды фактілер біздің өмірімізге мол азық екені сөзсіз. Жастар арасында ұйымдастырылып жатқан мәдени-көпшілік, мәдени-танымдық, патриоттық шараларда осы кітап көп қызмет етуде.
Білектің күші, найзаның ұшымен емес, нағыз білім мен мәдениеттің, өркениеттің бәсекесі басталған бүгінгідей дәуірде өзінің азаттығына қол жеткізген Қазақ еліне ынтымақ пен бірліктің идеясы қажет болды. Елбасы ел тарихы мен оның болашағына көзқарасын білдіріп, көз алдында қалыптасқан тарихты қағазға түсірген дәл осы еңбегінің жарыққа шығуы заңды да. Елбасымыз Жаңа Қазақстанды өз кемеңгерлігімен, өз бастамасымен аяғынан тік тұрғызғанын мақтанышпен айтамыз. Елбасымыздың шежіреге толы ел өмірін қаз-қалпында көз алдымызға әкелуі Президентіміздің шын шеберлігінің, шешендігі мен көсемдігінің дәлеліндей. Қазақстанның жүріп өткен жолының айнасы сияқты, мазмұн-мағынасы терең бұл кітап әлі талай сұранысқа ие бола беретініне кәміл сенемін.
Нағбду ҚАМАРОВА,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры
Маңғыстау облысы