
Есімін жоғарыда атап өткеніміздей тек қана биік таудағы «Медеу» мұзайдынының атауы арқылы ғана жақсы білетін Медеу Пұсырмановтың қазақ тарихындағы орнын айшықтау – қаладағы Медеу ауданының барлық мектептерінде кідіріссіз басталып кетті. Айлық аясындағы саяси-мәдени шараға 28800 оқушы мен 2000-дай мұғалім қатысып отыр. «Медеу Пұсырманов кім?» деп аталатын көрме – білім ордаларындағы барлық мұражайлардың басты жәдігеріне айналды. «Тарихи тұлға» атты жаппай өтіп жатқан сынып сағаттарында оқушылардың жас шамаларына қарай «Есімі ел есінде, халықтың жүрегінде» атты эсселер жазылуда, жоғары сынып оқушылары қазақтың даңқты перзентін мадақтауға арналған жыр мүшәйрасына дайындалып жатыр. Наурыз айының бірінші күні «Ғылым Ордасында» меценат-тұлғаға арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік ауқымы үлкен конференция өтеді.
Алматыдағы «Мәдениеттерді жақындастыру орталығы» мемлекеттік музейінде журналистермен бірінші өткізілген брифингте меценат Медеу Пұсырмановтың бұған дейін көпшілік естіп-білмеген деректері туралы әңгіме шертілді. Біз сонау Рим дәуіріндегі қолы ашық Гай Меценаттан (Мекенат) бастап есімдеріне кеңестік тарихтан қанық орыс меценаттары Морозов пен Третьяковтің, бүгінгі әлемдік Уоррен Баффеттің немесе қазіргі дәуірдегі бір шоғыр қазақ байларының тиіп-қашып көрсеткен мырзалығынан хабардармыз. Ал енді қазақ байы Медеудің меценаттығынан мүлдем бейхабар болып шықтық. Тарихта ол туралы жазылмаған. Өйткені оның есімі шежіреден социалистік қоғамның «тап жауы» болғандығынан ғана сызылып тасталынған. Бүгінгі қазақ тарихында меценат Медеу Пұсырмановтың тарихи орны айғақтала бастағаны туралы алғашқы шындықтың бетпердесі түрілді. Мәртебелі мұражайдың аядай ғана бөлмесіне іс-шараға сай жиналған мүдделестер ол туралы, оның қадір-қасиеттері туралы хал-қадерінше бүкпесіз ашып айтты.
Белгілі журналист-жазушы Бейбіт қажы Сапаралы шынайы ғана медеутанушы деген атаққа өте лайық жан. 1984 жылы жап-жас университет түлегі Бейбіт Сапаралиев көрнекті жазушы, сол тұстағы республикалық жастар газеті «Лениншіл жастың» редакторы Сейдахмет Бердіқұловтың көмегімен медеутануға алғаш рет ерекше ден қояды.
– Республикалық Орталық архивтен 25 мыңға жуық құжат ақтардым, – деді қаламгер-қажы. – Медеу атамыздың тұрған үйі Алматының қақ ортасында, бүгін өзіміз тәбәріктей сақтап келетін «Целинный» кинотеатрының орны болған. 1887 жылғы Алматыдағы алапат жер дүмпуі кезінде 1800-дей үй қирап, 400-ге жуық адам қаза табады. Алатау қарағайынан қиып қайта баспана салуда қайырымды қазақ байы Медеу Пұсырманов Шыбындысайдан (кейін бертінге дейін Бутаковка атанып келген) етектегі қираған қалаға қарауынан тегін ағаш тасымалдатқан. Ол үшін бір тиын алмаған. Зерттеу кезінде менің тапқан ең құнды дүнием – Медеу Пұсырмановтың сол кезде жасы 90-ды алқымдап қалған туған ұлы Шаяхмет ақсақал еді. Салиқалы сол бір ойлы атамыздан көп жайтқа қанықтым... 1985 жылдың 19 шілдесінде «Медеу кім?» деген бір беттік зерттеу мақалам қазіргі «Егемен Қазақстанда» жарияланды да.
Небәрі 58 жас ғұмыр кешкен ғажайып тұлғаның өзге де табиғи һәм адами болмысын жазушы, жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы былай түйіндеді:
– Медеу атамыздың ақиық ақын Сүйінбай мен жыр алыбы Жамбылға жүрек қалауынша қолдау көрсеткен мырзалығынан өте жақсы хабардармыз. Бұра тартқан кейбір тарихшыларымыз қимаса да, тұрмысының тәуірлігі шығар, «қазақтар тұрмаған» дейтін сол Алматының қақ төрінде Медеудің ағаштан қиып салған зәулім үш үйі тұрған. Мұның сыртында қайталап соққан зілзаладан соң қыруар қаражат бөліп, қаншама үйдің төбесін көтерген. Мұның барлығы да ресми құжатталған. Медеу Пұсырмановтың дәулетінің зорлығы мен қолының ашықтығы өз алдына, ол кісінің кереметтей бау-бақша бағбаны болғанын көпшілігіміз білмейміз. Алатаудың бөктерінде Алла тағаланың қалауымен самсап өскен он сан алма түрін будандастыруда ол кісі қыруар көп еңбек сіңірген. Кәдімгі апортыңыздың алғашқы түбі Медеудің бақшасында өскен, сенесіз бе?! Менің өз басым Ресейден айшылық жол жүріп алма ағаштың бұтағын арбамен тасып әкелген сұрыптан апорт туыпты-мыс деген сендірулерді қиял-ғажайып ертегі дер едім. Ағылшын ғалымдары Алматы алмасының, оның ішінде апортының еш жерге жерсінбейтінін баяғы заманның өзінде тасқа қашап жазып кеткен, қазір де ғылыми тұрғыда дәлелдеп беруге бейіл. Міне, біздің ғалымдарымыз үшін Медеу бабамыздың зерттелетін бір қыры осы жайт. Өйткені кеңестік идеологияның шылауынан түпкілікті арыла алмағандықтан әлі күнге дейін Алматы апортының атасы Медеу бабамыздың тікелей өзі екенін айта да алмай, уағыздай да алмай келеміз.
Дүниеден ерте өткен қазақтың атақты балалар жазушысы Мұхаметжан Етекбаев – Медеу Пұсырмановтар әулетіне күйеу бала. Қызықты басқосуда жазушының жары – Медеудің ұлы Айдарбектің немересі Қазима анамыз да көпшілік алдында шер тарқатты.
Айдар бек атасының тізесінде отырып ол кісінің естіген әңгімесі былай болып келеді: Кеңес өкіметі жергілікті алпауыт байлардың дүние-мүлкіне ашқарақтана қол салғанда Медеу Пұсырманов бар жиған-тергенін большевиктерге еш қарсылықсыз беріп құтылған. Ату жазасынан аман қалуына сол тұстағы белгілі революционер Тоқаш Бокин себепкер екен. Екінші қайталай тәркілеу жүргенде, кеңес өкіметі меценат Пұсырмановтың үш әйелінен тараған 20 шақты бала-шағасының тоз-тозын шығарып, жан-жаққа бір-ақ күнде бостырып жібереді. Ол кезде қолдау көрсетеді дейтін Тоқаш та мезгілсіз қапияда дүниеден өткен...
– Бабамыздан қалған қанымызға сіңген қасиет шығар – қаншама жыл тірнектеп жиған дүниеміз күні бүгінде тарап жатса да біздің әулеттен ешкім, еш уақытта өкінген емес, – деген кейуана көз жасын көрсетпей бір сығып алды.
Бүгінгі басқосудан тағы бір ұққанымыз – айлық аясындағы іс-шара барысында, тіпті таяу мерзімде, Алматыда Медеу атындағы жаңа саябақ ашылып, биік таудағы «Медеу» спорт кешенінің табалдырығында таудай тұлғаға лайықты ескерткіш орнатылады. Қазақ меценаты – тарихи тұлға Медеу Пұсырмановтың Алматы маңындағы Түймебаев кентіндегі мазары жаңартылады...
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ
Суреттерді түсірген
Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ