Елімізде осы салаға мейлінше көңіл бөлетін уақыт әбден жетті. Туризмді дамыту арқылы экономикалық жетістіктермен қатар, халықтың ел мен жер тарихын тереңірек білуіне жол ашуға болады. Бұл мәселені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Туған жер» бағдарламасында атап көрсеткен еді.
Президент қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу үшін арнайы бағдарлама енгізу туралы ұсынысын былтыр сәуір айында жария етті. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткендей, «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады... Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекен, талай жанның өмірбақи тұратын өлкесі... Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі... Білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді қолға алу керек. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі...».
Қарағанды өңірі тарихи жәдігерлерге кенде емес. Бір ғана Ұлытау ауданындағы көне ескерткіштердің тарихи жоғары маңызын ешкім жоққа шығара алмайды. Айталық, ХІІІ ғасырдағы сәулет өнерінің ескерткіші деп танылып, мемлекет қамқорлығына алынған Жошы хан кесенесі Қаракеңгір өзенінің бойында тұр. Осы маңдағы Алашахан кесенесі де туристерді қызықтырары сөзсіз.
Ұлытау ауданында туризмнің экологиялық, этнографиялық, тағзым ету, тарихи, мәдени бағыттарын дамытуға мол мүмкіндік бар. Аталған кесенелерден бөлек, бертінде табылған көне Басқамыр, Аяққамыр қалаларының орны жеке бір саяхатқа негіз бола алады. Әулиетаудың әсем табиғаты да кез келген қонақты құшақ жая қарсы алады.
Ауданда республикалық маңыздағы «Ұлытау» мұражай-қорығы, Жезді кентінде кен және мыс балқыту ісі тарихының мұражайы жұмыс істейді. Өңір табиғатының биологиялық алуандығы табиғи аумақтардың үнемі бақылауда ұсталып, ерекше қорғалуы арқасында сақталып отыр.
Ұлытауда қонақтарды қарсы алып, күтетін үш қонақ үй, екі демалыс аймағы және төрт қонақжай шаңырақ бар. Ауданда туристік саланың дамуына осында 2014 жылы Қазақстан географиялық қоғамының ұйымдастыруымен өткен кешенді экспедиция айтарлықтай серпін берді. Оған қатысуға белгілі тарихшы, сәулетші, географ, биолог, ботаник мамандар шақырылған болатын. Қарағандыдағы «Авалон» тарихи-географиялық қоғамы экспедиция қорытындылары бойынша түрлі материалдар, соның ішінде GPS-тректер, фотожинақтар әзірлеп, солардың негізінде Ұлытаудың баспаханалық және электронды туристік карта-сызбалары жасалды. «СТВ» телеарнасы «Беймәлім Қазақстан» сериясы бойынша екі сериялы фильм жасап шығарды. Ал Google Earth жүйесі «Торап технологиялары зертханасының» мамандары алғаш рет әуеден түсірген Ұлытау мәдени-тарихи ескерткіштерінің 3D-модельдерімен толықты.
«Авалон» қоғамы 2016 жылдың сәуір айында Сарлық ауылында жергілікті тұрғындарға арнап семинар өткізген болатын. Онда экотуризмді дамыту үшін қонақжай үйлерді жұмылдыру мәселесі сөз етілді. Нәтижесінде, жергілікті төрт отбасы келісімін беріп, сырттан келген саяхатшы қонақтарды күте бастады.
Қонақтарды тартуға Ұлытауда 2012 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Терісаққан көктемі» этнофестивалі де септігін тигізіп келеді. Дәстүрлі шараны қызықтау үшін шетелдік туристер, облыстық, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келеді. Мәселен, фестивальға 2013 жылы АҚШ, Ресей және Франциядан келген туристер, 2015 жылы ЮНЕСКО өкілдері және Ресей мен Бахрейннен келген туристер қатысты. Ал 2016 жылы ЮНЕСКО өкілдері фестивальға «Мерген» және «National geographic Қазақстан» студияларының түсірілім тобымен бірге келді. Олардың мақсаты ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізу үшін қазақтың бие байлау, айғыр қосу, қымызмұрындық сияқты ұлттық дәстүрлерін фото және бейнетаспаға түсіру болатын.
2017 жылдың шілде айында «Туған жер» бағдарламасының аясында «Ұлытау қымызы» этнофестивалі ұйымдастырылып, өткізілді.
Еске сала кетсек, былтыр Түркі академиясы халықаралық ұйымының (TWESCO) ұйымдастыруымен қазақстандық және шетелдік бір топ ғалымдар мен зерттеушілер, журналистер «Кентайдан Ұлытауға дейін: тарихи жадының жаңғыруы» ІІІ халықаралық экспедициясына шықты. Моңғолиядағы Кентай аймағынан бастау алған экспедиция 15-16 қыркүйек күндері Ұлытаудағы Алашахан мен Жошы хан кесенелерінің басында өз жұмысын қорытындылады. Екі күндік экспедицияға шыққан топ құрамында Түркия, Моңғолия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің (Башқұрстан, Татарстан) бір топ ғалымдары, зерттеушілері мен БАҚ өкілдері болды. Мұның өзі, біріншіден Алтын Орданың 750 жылдығы қарсаңында сәтті аяқталған мазмұны зор, ауқымы кең шара болса, екіншіден экспедиция Ұлт ұясы – Ұлытау сынды қасиетті өлке тарихының төрткүл дүниеге таныла түсуіне игі ықпалын тигізді деп сеніммен айтуға болады.
Қарағанды облысының әкімдігі «Ұлытау» ұлттық паркі мен Ұлытау-Арғанаты қорына жалпы көлемі 202 419 гектар жер бөлу туралы қаулы қабылдады. Ұлытау ауданын дамытудың 2017-2019 жылдарға арналған жоспары жасалып, онда басқа мәселелермен қатар туризм саласына қатысты инфрақұрылымды, шағын және орта бизнесті дамыту жайы нақтыланды. Осы құжатқа сәйкес, биыл ауданда тарихи-өлкетану мұражайы ашылмақ.
Мәдениет және спорт министрлігі 2019 жылға дейін Ұлытау ауданында республикалық бюджет есебінен сапар-орталық пен «Ханшатыр» этнокешенін ашуды жоспарға енгізген.
Қарағанды облысында туризм саласын дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың мұндай мысалдар баршылық. Кәсіпкерлер турис-
терге арналған нысандар салып, тамақтандыру, сауықтыру орындарын ашып, басқа да мамандандырылған қызмет түрлерін ұсыну арқылы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруға өз үлестерін қоса алады. Барымызды бағалай білсек, төрткүл дүниеге танылудың да, толайым табысқа кенелудің де үлкен бір жолы осы.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Ұлытау ауданы