Суретті түсірген Дмитрий Пархоменко
Ансамбль атауын әжелер өздері таңдаған. Әнші Мәдина Ералиева орындаған «Сағындым, сағым жылдар» дейтін әнмен ансамбльдің аталуында мән бар. Айналып келген адамның бүкіл өмірі сағыныштан тұрады ғой. Әннің өзі де, сөзі де сол сағыныштың сазды ирімдері.
Ол әнді шырқап жатқан әжелердің жүздері жарқын, жандары жас. Әрқайсы салиқалы ұрпақ өсіріп, шөбере сүйіп отырған ұлағатты аналар. Өмірлері де, көңілдері де хош. Бірақ жүректері сағым жылдарын сағынады, дейді ансамбльдің музыкалық жетекшісі Қазигүл Батырханқызы.
Ансамбльдің үлкені Бақытжамал әже Елеукенқызы 71 жаста екен. Ал зейнет жасына жеткен Қазигүл Батырханқызы, Любовь Нұрғазинова апалар бұрынғы салық қызметкерлері, Манат Батталқызы кітапханашы, Раушан Мейрамова медбике, Кенже Құсайынова есепші, Роза Ахметова ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Қарлығаш Маутина жеке кәсіпкер, Жібек Қабылкенова полиция бөлімінде қызмет жасапты. Әжелер ансамблінің көркемдік жетекшісі Гайнутдин Ташимов.
Әжелердің сондай-ақ бір бойынан бірнеше өнерді байқауға болады. Ән-қоржындарынан сырлы саз төгілсе, үйлеріндегі сандық, кебежелерінен түрлі қолөнер бұйымдарын кездестіресіз. Осылардың арасында облыстық, қалалық деңгейде өткізілген барлық мәдени шараларға белсенді қатысады. Әжелердің «Сағым жылдар» ансамблін облыс орталығындағы Қарттар үйі, «Денсаулық», «Ардагер» санаторийлері асыға күтеді.
«Зағип және мүмкіндіктері шектеулі жандар үшін де жиі-жиі қайырымдылық концерттерін өткіземіз. Бізбен қосылып ән айтып, көңілдері шарықтап,бір жасап қалады. Сағым жылдар – әр жүректе жүр. Ән айтып қана қоймай, бауырсақ, құрт-ірімшік, қымыз, қоспа сияқты ұлттық тағамдардан ауыз тигізіп, шашу шашып, тыңдаушылардың ықыластарына бөленеміз», дейді Бақытжамал әже.
Сондай-ақ аталмыш ансамбль – облыстық «Ертіс» телеарнасындағы «Салт-дәстүр» бағдарламасының тұрақты қонақтары. Бағдарламада болашақ жастарға қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері жайлы келелі кеңестер айтып отырады. Әсем әнді әжелерді сонымен қатар Г.Потанин, Бұқар жырау атындағы музейдің, қалалық, облыстық кітапханаларындағы жастар үнемі кездесуге шақырып отырады.
«Біздің орталықта мектеп жасындағы балаларға арналған үйірмелер жұмыс істейді. Әжелердің сахнаға, мерекелерге, кездесулерге киіп баратын ұлттық киімдерінің өрнектері өз қолдарымен жасалған. Іші әнге, сырты сәнге толған әжелер ансамблін құрудағы мақсатымыз – жастар да дәстүрлі халық әндерін естіп, олар да салт-дәстүр, ұлттық қолөнердің бай мұрасымен жақын танысса деген тілек», дейді орталық директоры Алма Арынова.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР