Медицина • 09 Ақпан, 2018

Астананың медицинасы цифрландыруға көшеді

484 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада медицина саласы цифрландыру жүйесіне біртіндеп көше бастамақ. Бұл туралы кеше қалалық әкімдікте өткен брифингте елорда денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров баяндады. 

Астананың медицинасы цифрландыруға көшеді

Басқарма басшысының айтуынша, денсаулық сақтау сала­сын цифрландыру ең ал­ды­мен қағазбастылықтан ары­лу­ға көмектесіп, халыққа көр­сетілетін қызмет сапасын электронды жүйе арқылы арттыру­ға септігін тигізбек. Жалпы биылдан бастап, ел аумағында электронды денсаулық паспортын кезең-кезеңімен ен­гізу жоспарланғаны белгілі. Осы жылы Батыс Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан, Қара­ған­ды мен Қостанай облыс­тары­ның денсаулық ұйымдары іс-қағаздарын электронды фор­­матта жүргізе бастаса, ке­ле­сі жылдан бастап бір­тін­­­деп жаңа электронды төл­­құ­­­­жат­­қа көшеді. Бұл құ­жатта емханаға қаралған әр нау­қастың сырқат тарихы мен тап­сырған анализдерінің қоры­тындысы, дәрігер тарапынан қойылған диагноздары мен қаралған ауруханаларының тізімі енгізіледі. Электронды денсаулық төлқұжатымен танысқысы келген азаматтың өзі де электронды үкімет порталына тіркеліп, жеке паролі мен логині арқылы құжатты көре алады. Осылайша аста­налықтар 2019 жылдан бастап қағаз медициналық картадан біртіндеп бас тартатын болады. «Пайдаланушылар­дың элек­тронды денсаулық пас­пор­тындағы дербес дерек­тері па­циенттің жеке кабинеті арқылы ұйымдастырылады. Меди­цина­лық ортақ дерекқор ретінде жасақ­талған жүйеге дәрігерлер науқас­тың жеке куәлігіндегі ЖСН арқылы кіріп, оның сырқат­намасы­мен таныса алады. Бұл денсау­лық сақтау саласының сапасын арттырып қана қой­май, дәрігерлердің де жұмы­сын жеңілдетеді. Аза­маттар да қағаз карточкасын арқалап жүрмейді. Олар туралы деректер сенімді әрі қауіпсіз сақ­талатын болады», дейді бас­қарма басшысы. 

Сондай-ақ жиында астана­лықтардың дәрігерлерге онлайн режімде жазылуы, халыққа арналған медициналық ұялы қосымшалардың пайда болуы да сөз болды. Келешекте әрбір елордалықтың ұялы телефонына денсаулығын қорғау, саламатты өмір салтын сақтауға қатысты хабарландырулар, ескертулер жолданып, жұртшылыққа пайдалы жақсы жаңалықтардан хабардар етілмек. 

Бұған қоса, елордада 2025 жылға қарай бірнеше емхана ашылатыны да белгілі бол­ды. Соның ішінде халық көп шоғырланған Жағалау, Айнакөл, «Мәңгілік ел» қақ­пасы аудандарында жаңа ме­ди­­ци­на­лық ұйымдар бой көтереді. К.Надыровтың айтуынша, емханалар салу міндеті мем­лекет-жекеменшік әріптес­тігі аясында инвесторларға ұсынылмақ. Қазір «Мәңгілік ел» қақпасы ауданында емхана салуға ниет білдірген инвестор бар. Екіжақты келісім­дерден кейін құрылыс құны анықталмақ. Сонымен қатар Астанада мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында хоспис салу да жоспарланып отыр. Қазіргі күні нысанның тұжырымда­масы әзірлену үстінде. Жаңа ғимарат «Көктал» тұрғын алабында бой көтереді. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»