Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Мәскеудегі «Художественная литература» баспасынан «Қазақстан. Тәуелсіздікке – 20 жыл: тосынсыйлар және стереотиптер» атты лорд Джонатан Айткеннің кітабы жарық көрді. Оның тұсаукесері ИТАР-ТАСС агенттігінде өтіп, рәсімге қатысушылар елімізге айтарлықтай жоғары баға берді.
Тұсаукесерге модераторлық етуші ИТАР-ТАСС-тың бас директоры Виталий Игнатенко алғашқы сөзді еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановқа берді.
– Біздің бүгінгі кездесуіміз Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отыр. Тарихи тұрғыдан осы қас-қағым сәтте еліміз Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен саяси және экономикалық реформаларды, сыртқы көпвекторлы саясатты жүргізуде мол табыстарға қол жеткізді. Еліміздің жоғары беделін бірқатар беделді халықаралық ұйымдар – ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, ЕҚЫҰ және ИЫҰ-ға төрағалық етулері айшықтай түсті. Қазақстанның халықаралық бастамалары әлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау табуда, – деп сөзін бастаған қазақстандық министр әрі қарай бүгінгі күні еліміздің Орталық Азиядағы тұрақтылық пен дамудың генераторы ретінде қарастырылатынын, ал тәуелсіз Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы басты басымдығы бейбітшілік, толеранттылық және тиімді ынтымақтастық болып қала беретінін айтты.
Ал Қазақстанның әлемдік рухани әлеуетті бір-біріне жақындастырудағы, халықаралық кикілжіңдер мен дүрдіараздықтарды шешуге барар жолдағы бастамасы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін шақыруы оған қосылған нақты үлес болып табылады. Алдағы жылдың мамыр айында Астанада ІV-ші съезд өткізіледі.
Осы жылдар ішінде еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтары еш ауытқыған жоқ, деген шешен Ресеймен екі арадағы ықпалдастық пен ынтымақтастыққа да тоқталды. Біздердің арамыздағы сындарлы үнқатысу негізінде екі елдің де мүддесі есепке алынатындықтан, шешілмеген қиын түйіндер жоқ. Халықаралық көптеген мәселелерде Қазақстан мен Ресейдің көзқарастары ұқсас болып келеді. Қай салада да – сауда-экономикалық, гуманитарлық салалар болсын – қатынастардың тереңдеуі мен экономикалық интеграция өз жемісін беруде. Естеріңізде болса, 1994 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу мемлекеттік университетінде Еуразиялық интеграциялық бірлестік құру идеясын көтерген болатын. Кешегі күні мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық интеграция жөніндегі декларацияға және Еуразиялық экономикалық комиссия жөніндегі келісімшарттың регламентіне қол қойды, деді Е.Қазыханов.
2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап, интеграцияның келесі сатысы – Біртұтас экономикалық кеңістік қалыптастыру жолындағы іс-шараларды орындауға күшімізді жұмылдырамыз, деген Ержан Хозеұлы, осы орайда, Қазақстан мен Ресейдің табысты тандеміне тоқталып өтіп, тұсауы кесіліп жатқан кітапқа қатысты былай деді: «Мәскеу сапары алдында мен атының өзі адамның қызығушылығын тудыратын жаңа кітапты оқып шықтым. Автор өзіне тән мәнермен жаңа дәуірдегі Қазақстан тарихының маңызды оқиғалары – саясат, дипломатия, бизнес, білім беру, мәдениет, ядролық қарусыздану жайын баяндайды. Айткен мырза сыртқы саясатты да назарынан сырт қалдырмаған. Оның ішінде, әрине, жақын көршілермен қатынасқа да мән берсе, Қазақстан-Ресей, қазақ-қытай қатынастары жайындағы автор пайымдары сарапшылар мен журналистерге біраз азық болардай. Кітаптың басты кейіпкері – ол, әрине, Нұрсұлтан Назарбаев. Автор Қазақстан Көшбасшысы бойындағы харизманы әлденеше рет атап көрсетеді. Оның басты мәселені көре алуы, көбіне уақыттан озып алға кетіп, жаңылмайтын қадамдар жасауы айтылады. Сондықтан, кітаптың бір тарауы «Президент Назарбаев: тосынсыйлар шебері және алға оздырар қадамдар жасаушы» деп аталады. Кітаптың ендігі бір кейіпкерлері – жастар, «Болашақ» бағдарламасымен білім алған, автор атап көрсеткендей, «елдің болашақ басшылары».
Сөзімнің соңында ел Тәуелсіздігінің мерейлі мерекесі қарсаңында осындай сый жасаған Айткен мырзаға алғысымды білдіремін, деген соң модератор ендігі кезекті авторға берген.
– Алғашқы кітабым АҚШ-тың бұрынғы президенті Никсонға арналса, одан кейінгі еңбегімді «Темір ханым» Тетчэрге арнадым. Ал бұдан бұрын Президент Назарбаев туралы кітабым шыққан болатын. Бұл – Қазақстан жайындағы екінші дүнием, – деп сөзін бастаған Айткен елдегі жақсы өзгерістерге тоқталып, оның ішінде жастарға мән бере сөйлеп, олардың жігері мен шамшылдығын, мұраттарын көлденең тартты. Автор назарынан Қазақстан-Ресей қатынастары да тыс қалған жоқ.
«Художественная литература» баспасының директоры және бас редакторы Георгий Пряхин: «Бізді Қазақстанмен байланыстыратын көп нәрсе бар. Мәселен, менің өзім «Комсомольская правданың» тілшісі ретінде еңбек жолымды қазақ жерінен бастап едім. Бұл кітап арқылы бізге бұрыннан жақын Қазақстан танылып қана қоймайды, ол өзінің адамдық қалыптағы мемлекет екенін тағы да ұқтыра түседі. Кітаптан интеграция идеясын таратушы Назарбаевтың бейнесін тағы да тани түсеміз. Әйтеуір, шүкіршілігі – біздің қазіргі басшылығымыз Назарбаев идеясын ұғынып, қадамдар жасауда. Ал кітаптың жарық көруі тек Қазақстан үшін ғана емес, үлкен кеңістіктегі барлық орыс тілді оқырман үшін өте маңызды. Өйткені, кітап еуразиялықтар үшін қажет дүние», – деді.
Мұнан кейін сөз алған шешендер де кітаптың мазмұны мен мәніне үңіліп, оны берер сабағы мол құнды дүние деп бағалады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.
Астана – Мәскеу – Астана.