Экономиканың даму қарқынын үдету қажет

Өткен жұма күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңей­тіл­ген отырысы өтті. Онда елі­міз­дің 2017 жылғы әлеу­мет­тік-экономикалық даму қоры­тын­ды­­лары айтылып, алдағы өсімді қам­тамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды.

Егемен Қазақстан
12.02.2018 1709

Атқарылған жұмыс аз емес

Үкіметтің қорытынды жиыны саналатын алқалы отырысты әдеттегідей Елбасы өзі жүргізді. Алдымен қыс­қаша сөйлеп, отырыстың мән-маңы­зын түсіндірді. «Жылдың басында ал­ды­­мызда тұрған мақсаттарды анық­тап, бір-бірімізге сұрақ қойып, мә­се­лелердің басын ашып, жұмыс істеу­­ді бастау үшін бүгінгі Үкіметтің кеңей­тіл­ген мәжілісін өткізгелі отырмыз. Об­лыстардың әкімдері қатысуда. Өзде­ріңіз білесіздер, қаңтарда өткізген Үкі­мет­тің жиналысында былтырғы жыл­дың қо­ры­тындысы жарияланды, айтылды. Шы­нын айту керек, өткен жыл оңай бол­ған жоқ. Дүние жүзінің экономика­сы да аумалы-төкпелі болды. Біздің де жағдай әртүрлі болды. Дегенмен, Үкі­мет пен әкімдіктердің бірлесіп істе­ген жұмыстарының арқасында менің баға­лауым бойынша дұрыс нәтижеге жет­тік», деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның эко­номикалық өсімі өткен жылдың қо­ры­тындысында 4 пайызды құрап, инфляция 7 пайыз төңірегінде болғанын еске салды. «Бұл біз үшін алынған жаңа белес болып саналады. Сондықтан бұл жа­ғынан мен Үкіметтің жалпы жұ­мы­­сына, әрбір Үкімет мүшелеріне оң бағамды бергенім дұрыс деп санай­мын. Халық та солай деп ойлайтын шығар. Дегенмен, әр- уақытта же­тіс­тіктерімізге тоқмейілсіп отыра бермейміз. Алдымызда мақсаттар көп, бағдарламалардың орындалуында кем­ші­ліктер бар. Оны, әрине, айтатын бола­мыз», деді Президент. Сондықтан Елбасы бүгінгі жиында өткен жылдың қорытындысы халыққа тағы бір рет жария етіліп, Үкімет алдында тұрған мін­дет­тер айқындалатындығын баса айтты. «Би­ыл Үкіметтің алдына қойып отырған меже – 4 пайыз аз болады. Одан төмен түсіп кетуіміз де мүмкін. Сон­дықтан өзі­міз алдымызға одан жоғары мін­дет­тер қою­ымыз керек. Оның ішінде бағ­дар­­ла­малардың орындалу мәселелері бар, олар­дың арасында кемшіліктер де жоқ емес. Сондықтан осы мәселелер төңі­ре­гінде жұмыс істейтін боламыз», деді Н.Назарбаев.

Кеңейтілген отырыста елдің жалпы экономикалық көрсеткіштері жөнінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, бюджеттің атқарылуы жайында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, қаржы са­ла­ның ахуалы жөнінде Ұлттық банк төр­ағасы Данияр Ақышев, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мыр­зах­метов, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев баяндама жа­сады. Сонымен қатар басқа да облыс әкім­дері, Үкімет мүшелері тал­қы­лан­ған мәс­елелерге қатысты Елба­сы­ның сұ­рақ­тарына орындарынан тұрып, жауап беріп отырды.

Үкімет басшысының мәлімдеуінше, бүгінде ел экономикасы дамудың тұрақты жолына түсті. Оны Қазақстанның дамуына орнықты болжам ұсынып отырған ха­лықаралық рейтингтік агенттіктер де растаған. Мәселен, өткен жылы ІЖӨ өсімі 4 пайызды құрады. Өсімнің 60 пайызына шикізаттық емес секторлар есебінен қол жеткізілген. Бұл – эко­но­миканың тұрақтылығы мен оның құ­ры­лым­дарындағы оң өзгерістерді көр­се­те­тін өте маңызды мәселе, деді Үкімет басшысы.

Мәліметке сүйенсек, сыртқы сауда айналымы 25 пайызға ұлғайып, 69,5 млрд долларға жеткен. Негізгі капи­тал­ға салынған инвестиция 5,5 пайызға ұлғайды, оның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 6,9 пайыз­ға артты. Өткен жылы еліміздің макро­эко­­но­микалық ахуалы жақсарды. Ай­талық, инфляция 7,1 пайызға дейін тө­мендеді. Мемлекеттік қаржы тұ­рақ­ты­лығының қауіпсіз деңгейі қамта­ма­­сыз етілді. Сыртқы қарыз ІЖӨ-ге ша­ққанда 26 пайыздан аспайды. Рес­пуб­ликалық бюджетке түсім 26,3 пай­ызға көбейді. 2017 жылдың 9 айында шетел инвестициясының таза түсімі 3 034,8 млн долларды құрады. Өткен жылдың қаңтар-қараша айларының аралығында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 69,5 млрд долларға жетіп, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 пайызға артты. Оның ішінде экспорт көлемі 43,1 млрд долларға жетіп отыр. Ұлттық банктің алтын-валюта активі 31,1 млрд доллар болды. 2018 жылдың 1 қаңтарында жеке тұлғалардың депозиттері 3,7 пайызға көбейіп, 8120,9 млрд теңгені құрады. Өңірлік шекте өнеркәсіп өндірісі көлемінің артуы 14 өңірде байқалды. Жалпы, 2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің өсімі 6,2 пайызға жеткен.

Жиында Үкіметтің жұмысы толық бая­ндалғаннан кейін Президент соңғы Жол­дауды орындау бойынша не істе­гендерін сұрады. Сұраққа жауап берген Үкімет басшысы Жолдау­дың жал­пы­ұлттық бағдарламасы қабыл­дан­ған­ды­ғын айтты. «Сондай-ақ сала-салаға қатысты көрсетілген он тап­сыр­ма бойынша жобалық кеңсе арқылы әрбір министрлікке тиісті міндеттер жүктелді. Индикаторлар қойылды. Жыл­дың соңына дейін тапсырмалардың бар­лығы орындалатын болады», деді Б.Сағынтаев. Президент атқарылған шара­ларға оң баға берді. Алайда «жақсы баян­дадың, бірақ өзіңе деген сыни көз­қарас жоқ», деп ескертті Елбасы.

Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған Мем­лекет басшысы еліміздің был­тыр­­ғы экономикалық дамуының көрсет­кіш­те­ріне оң баға берді. «Қазіргі таңда дүние жү­зіндегі ахуал біршама жақсарып келе жатқанын бәріміз білеміз. Оның бізге де өзіндік әсері бар. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін әлі де талай ауқымды жұмыстар атқаруымыз керек. Оған қажетті бағдарламалар мен заңдар қа­былданды. Тиісті реформалар да жүр­гізіліп жатыр. Үшінші жаңғырудан бас­тап, цифрлы экономикаға қарай бет түзей бастадық. Биылғы Жолдау­ым­да төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағдайында дамудың жаңа мүм­кін­діктері айқындалып, соның төңіре­гін­де жұмыс істеу басталды. Сондықтан да­му­дың қарқынын үдету керек. Жақсы жа­салған шаруа ешқайда кетпейді. Ен­ді кем-кетігімізге көңіл бөліп, алда тұр­ған ма­ңызды міндеттерді орындауды жалғас­ты­руымыз қажет. Бағдарламаның бәрін сапалы жүзеге асыру, оларға бөлініп жат­қан қыруар қаржыны тиімді пайдалану осы отырған барлық азаматтың басты міндеті», деді Елбасы.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Үкіметтің алдында тұрған кезек күтті­рмей шешілуге тиіс негізгі мәсе­ле­лерге тоқ­талды.

Индустрияландыру – экономиканы дамытудың қозғаушы күші

Алдымен индустрияландыру мәсе­ле­сі жөнінде сөз қозғаған Президент осы уақыт ішінде біршама тәжіри­бе­­лер жинақталып, көптеген өндіріс орын­­дары салынғанын, жаңа жұмыс орын­дары пайда болып, бірталай же­тіс­­тікке қол жеткізілгенін атап өтті. Индус­трия­ландыру жылдарында өңдеуші сек­тор­дың үлесі 36 пайызға өскен. Бірақ осы саланың экономиканың жалпы көлеміндегі үлесі әлі өсе қойған жоқ: баяғы сол 11 пайыз жағдайында қалып отыр. Сондықтан өңдеуші саланы дамыту үшін белсенді жұмыстар жүргізілуі тиіс. Елбасы кәсіпорындардың бәсекеге қаншалықты қабілетті жұмыс істейтіні де осы мәселені шешуге арқау болатынын атап өтті. Сондықтан инновациялық технологияларды қолдана отырып дамып келе жатқан өндіріс ошақтарына басымдық беріп, мемлекеттік қолдауды оларға көбірек жасау керек. Өйткені алдыңғы қатарлы технологиямен жұмыс істеп, экспорттық өнімдер шығаратын кәсіпорындар – экономиканың қозғаушы күші. Елбасы қаржыны пайдалы істерге ғана мақсатты жұмсау қажеттігін ес­ке­рт­ті. Соның ішінде ол бюджеттің мол қара­жаты жұмсалып жатқан арнайы эко­­номикалық аймақтарды құруды тоқ­та­тып, барына тексеру жүргізу қаже­т­тігін айтты. «Қазіргі уақытта елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ бар, оған 283 млрд теңге бөлінді. Соған қара­мас­тан об­лыс әкімдері жаңа АЭА құру өті­ніш­те­рін тоқтатар емес.

Алдымен Үкімет аталған 11 АЭА-ның жұмысын тексеріп алуы керек. Мән-жайды анықтамайынша, жаңадан ешқандай арнайы экономикалық аймақ құрылмауы керек», деді Мемлекет басшысы.

Цифрландырудың тиімділігін халық түсінуі керек

Бүгінде еліміз цифрландыру технологиясына айрықша маңыз беріп жатқаны белгілі. Елбасы Жолдауында да бұл мәселе жан-жақты айтылды. Президент халыққа көрсетілетін мемлекеттік қыз­меттің ашық әрі әділ болуына ықпал ететін цифрландыру жүйесінің тиім­ді­лігін әрбір азамат түсінуі керек­ті­гін жеткізді. Президенттің айтуынша, кен өндіру саласына ақпараттық теx­но­ло­гияларды енгізу арқылы еңбек өнім­ді­лігін еселеуге болады. Себебі жұ­мыс ав­томатты түрде жүреді. Әсіресе ден­сау­лық сақтау мен білім беру саласына цифрландыруды кеңінен енгізген жөн. Соның арқасында шалғай ауыл­да отырған адамның денсаулығын ба­қы­лауға, білімін арттыруға мүмкіндік бар. Ал адам капиталын арттырсақ, ел экономикасын да көтеруге болады. Сон­дықтан мемлекеттік қызметшілерді жап­пай цифрландыруға үйретуді қолға алу керек. Елбасы осыған байланысты Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында цифрландыру бойынша арнайы семинарлар өткізуді ұсынды. Осында кәсіби мамандар өзгелерге цифрландырудың жай-күйін түсіндіріп, тиімділігі туралы дәріс оқы­ғаны артықтық етпейді. Бұл курс­ты тәмамдағандарға арнайы куәлік тап­сыру үрдісін енгізуді тапсырған Мем­лекет бас­шысы бұл жұмысқа «Нұр Отан» пар­тиясы да атсалысуы керектігін атап өтті. «Әлбетте цифрландыру бар­лық мәселемізді шешіп бермейді. Бұл ин­дустриялық революцияның ба­сы ғана. Демек, алда тұрған мақсат-мін­­деттер көп. Ең соңында жасанды ин­тел­лектіге ке­луіміз керек», деді Н.Назарбаев.

Президенттің айтуынша, денсаулық саласындағы цифрлы теxнологиялар әрбір адамның денсаулығын онлайн режімде бақылауға мүмкіндік береді. Соның арқасында дәрігерлер қағазбасты жұмыстан құтылады. Сол сияқты кеден мен салық саласын цифрлы технологияға ауыстыру арқылы біраз жұмысты жеделдетуге, жеңілдетуге болады.

Жалпы алғанда, 2025 жылға қарай цифрландырудың тиімділігі 2 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар.

Жиында Елбасы тұрғын үй мәселесіне де тоқталып, бұл салаға мемлекеттен 550 млрд теңге жұмсалғанын айтты. Дағдарыс жылдарында қолға алынған шаралардың арқасында мемлекет тарапынан қолдаулар болды. Енді қаржыны нарықтық тетіктермен пайдалануға көшу керек, яғни құрылысты банктер қар­жыландыруы тиіс. Ал Үкімет, Ұлт­тық банк, әкімдер баспана құнының арзан­дауы үшін жағдай жасауы тиіс.

Сондай-ақ Елбасы ескі үйлерді сүру мәселесін де қозғады. Қала орта­лық­тарындағы тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңадан үйлер салу керек. Негізінен бұл ауқымды жұмыс мем­лекет-жекеменшік әріптестігі арқы­лы жүргізілгені жөн. Мемлекет бас­шы­сының айтуынша, ескі үйлерді алып тастау – мемлекетке де, халыққа да, бизнеске де тиімді. Біріншіден, бұл қаланың келбетін әсемдеуге мүм­кіндік берсе, екіншіден, халықтың жақ­сы үйге көшуіне жағдай жасайды. Әлеуметтік жағдайдың осылайша оңа­луы жұртшылықтың денсаулығына, кө­ңіл күйіне де жақсы әсер етеді, деді Елбасы.

Медициналық сақтандыру ертерек енгізіледі

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық сақтандыру мәс­елесін де көтерді. «Бізге міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыруды кейінге шегеруге тура келді. Себебі өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды заңдастырып, ресми түрде тіркеу керек болды. Олар салық төлемейді, зей­нетақы жүйесіне қатыспайды. Бы­лайша айтқанда, «көлеңкеде» жүр. Мен осыны бес жыл бойы айтып келемін. Нақты тапсырмалар да бердім. Алайда ол азаматтармен ешкім тығыз айналысып жатқан жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға да талай мәрте айттым...», деген Елбасы Т.Дүйсеновадан мәселенің мән-жайын сұрады. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін өзін өзі жұмыспен қамтып жүргендерді анықтау жұмысы атқарылған. Санақ жұмысы көрсеткендей, Қазақстанда 2,7 млн адамның нақты әлеуметтік мәрте­бесі жоқ болып шыққан. Олардың ішін­де жұмыссыздар да бар. Ал өзін өзі жұ­мыс­пен қамтып жүргендердің ішінде тір­кеуге тұрмаған кәсіпкерлер мен жалда­малы жұмысшыларды заңдастыру қа­жет. «Ең бірінші, «өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар» деген кімдер? Осыны анықтап, заңға өзгерістер енгі­зу керек», деген уәжін алға тартты Т.Дүйсенова.

Оның айтуына қарағанда, соңғы бес жылдың ішінде жұмыспен қамту бағдарламалары аясында 500 мың адам жұмысқа тұрып, әлеуметтік жарналарын төлеп жатыр. Дегенмен, «көлеңкеде жүрген» кәсіпкерлерді заңдастыруда әлі де қиындықтар бар. Оның бір себебі Салық кодексінде жазылған «700 мың теңгеден төмен табысы бар кәсіпкерлерге тіркеуге тұру міндетті емес» деген талапта жатыр. Осыған байланысты өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген кәсіпкерлерді тіркеудің тәртібіне өзгерістер енгізу қажет.

 Міне, осы кедергілерге байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу 2020 жылға шегерілген. Алайда Елбасының қаты­суы­мен өткен кеңейтілген отырыс­та Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев Президентке аталған жүйені бір жыл бұрын толығымен іске қосуға уәде беріп, аталған реформа 2019 жылдан бастап енгізілетінін жеткізді. «Өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бойынша барлық жұмысты осы жылдың ішінде бітіреміз. Ақпараттық жүйелер, тіркеу сияқты заңнамаларға көктемде өзгерістер енгізіледі. Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағдарламасын негізге ала отырып, біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды бір жыл бұрын бастауға бел буып отырмыз. Алдында бұл жүйені енгізуді 2020 жылға қалдырған едік. Енді жұмыстың бәрін еңсеріп, келесі жылдан іске қосқалы отырмыз», деді Е.Досаев.

Жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі медициналық ұйым­дард­ың ақпараттық жүйелермен, ком­пьютерлік техникалармен қамта­масыз етілуі жайын сынға алып, бұл саладағы кемшіліктер электронды денсаулық паспортын енгізу секілді қызметті іске қосуға кедергі келтіріп отырғанын айт­ты. «Медициналық ұйымдардың ақпа­раттық жүйелермен жабдықталу дең­гейі­нің ең төмен көрсеткіші Шығыс Қазақстанда тіркелген. Онда небәрі – 21 пай­ыз. Ақтөбеде облысында – 37 пайыз, Ас­танада – 31 пайыз», деген Елбасы облыс әкімдерінен оның себеп-салдарын сұрады. Шығыс Қазақстан облысының әкі­мі Даниал Ахметовтің айтуынша, аймақ­та денсаулық сақтау мекемелерін компьютерлермен қамтамасыз етуге 1 млрд теңге бөлінген. Алайда барлық тех­ни­каны Қаржы министрлігіне қа­расты са­тып алулар комитеті ғана сатып алуға тиіс болғандықтан жұмыс кешеуілдеп тұр.

Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев компьютерді сатып алуға ақшаны толығымен бөлгенін жеткізді. Астана әкімі Әсет Исекешев те алдағы уақытта өзіне жүктелген міндеттерді орын­дауға уәде етті.

«Бұл – халықтың денсаулығы. Ұсақ-түйек нәрсе емес. Мәселенің маңыз­ды­лығын ескере отырып, министрлік бар­лық жұмысты үйлестіруі тиіс. Әкімдер жүк­телген тапсырманы орындауды жыл­дам­датқаны жөн», деп ескертті Елбасы.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Сол­түстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының әкімдеріне де ес­керту жасап, осы аймақтардағы ме­ди­ци­налық ұйымдарды интернетпен қам­тамасыз етуді тапсырды.

Ал электронды денсаулық төлқұ­жа­тын енгізу туралы Елбасының алдын­да есеп берген Денсаулық сақтау министрі Ел­жан Біртанов биыл маусым айынан бастап бұл құжат қанатқақты жо­ба ретінде енгізілетінін атап өтті. «Егер жылдың аяғына дейін барлық аймақтар ақпараттық жүйелерін ретке келтірсе, келесі жылдан бастап денсаулық сала­сы­ның басым бөлігі электронды режімде жұмыс істейтін болады», деді министр.

Ең бастысы – мінсіз қызмет

Үкіметтің кеңейтілген отырысында сондай-ақ заңның үстемдігі мен сыбай­лас жемқорлыққа қарсы күрес мәсе­лесі қозғалды. Елбасы құқық қорғау құры­лым­дарының жұмысы үшін барлық жағ­дай жасалғанын, жалақы көтерілгенін айта келе, құқық қорғау органдарына деген қоғамның сенімі әлі де төмендеу еке­нін еске алды. Сондықтан бұл сала ма­ман­дары жұмыстарын ширатып, елдің сені­мін ақтауға тырысуы керек. Әрі қыл­мыстық процестерге де мән беріп, онда­ғы артық жазалайтын тұстарды қайта қа­рас­тырып, неғұрлым гуманизмге қарай бағыттауды жалғастыра беру керек. Мемлекет басшысының айтуынша, ба­тыс елдерінде қылмыстық істердің 80-90 пайызы бейбіт жолмен шешіледі. Қазақстан да осы тәжірибені сынап көру керек.

Президент өз сөзінде құқық қорғау мен сот органдарының кадрлық құра­мы­на қатаң талаптар қойылып келгенін айта келе, елдің тыныштығы мен қоғам тәр­тібін күзетіп келе жатқан азаматтар абыройлы, моральдық-әдептілік келбеті мінсіз болуы керектігін ескертті.

Жиынды қорытындылаған Президент Н.Назарбаев қабылданған бар­­лық бағдарламаны, биылғы Жол­дау­да қойылған міндеттерді орындау Үкіметтің алдында тұрған басты мін­дет екендігін баса айтып, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. «Шаруа аз емес. Күнделікті жасалып жатқан жұ­мыс та жетерлік. Халықтың әл-ауқа­тын жақсарту жолындағы мақсат-мін­дет­те­рімізді абыроймен орындауға әрқай­сы­мыз міндеттіміз және алдағы мұрат-мақсатымызға жетеміз деген ойдамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», деп сөзін түйіндеді Елбасы.

Динара БІТІК,

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.04.2018

Мектеп оқушылары «Егеменде» болды

22.04.2018

Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанның жаңа тағайындалған премьер-министрімен телефонда сөйлесті

22.04.2018

Астанада тұрғын үйлерді басқарудың онлайн–жүйесі әзірленуде

22.04.2018

Оралда төртінші мәрте «Ашық әкімдік» шарасы өтті

22.04.2018

Алматыда дәстүрлі қайырымдылық марафон өтуде

22.04.2018

Әзербайжан парламенті елдің жаңа үкімет басшысын бекітті

22.04.2018

Астанадағы сенбілікке 140 мыңнан астам қалалық қатысты

22.04.2018

Қостанайда мемлекеттік қызмет аллеясы болады

22.04.2018

Мақтарал аудандарында абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр

22.04.2018

Қостанайда болашақ жаңа қаланы дамыту ісі қаралды

22.04.2018

Оралда өрт қауіпсіздігін сақтамаған ойын-сауық және сауда орталығы бір айға жабылды

22.04.2018

Қостанай облысында 21-ші цифрлы  технологиялық IT кабинет ашылды

22.04.2018

Қырғызстанда жаңа премьер-министр сайланды 

20.04.2018

«Smart Zholy» бағдарламасының үздік стартап жобалары анықталды

20.04.2018

23-26 мамыр күндері Астанада «KADEX - 2018» көрмесі өтеді

20.04.2018

Денсаулық сақтау министрі Орал қаласында

20.04.2018

Заңнамаға архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер қаралды

20.04.2018

Дубайдағы инвестициялық кездесуде ОҚО-ның инвестициялық өсу драйвері зерттелді

20.04.2018

Ақтөбеде зиянды қалдықтар тасқыны толастар емес

20.04.2018

ТҮРКСОЙ Шыңғыс Айтматов жылын ашты

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»

Кісілік әліппесі

Жер бетінде сонау да сонау көз жеткісіз, көңіл сенгісіз небір ықылымдардан бері жасап келе жатқан заты адам баласының ең зарлы мақсаты не десе, ол – адам болу дер едік. Түр-сипатыңмен, тәніңмен ғана емес, жаныңмен, алпыс екі тамырыңдағы қаныңмен, бүкіл болмыс-бітіміңмен. 

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Ауылдарды сақтаудың амалы қайсы?

Ауыл халқы азайып барады. Неге? Ешкім­ге ештеңенің керегі жоқ болып кеткен бүгінгідей заманда ол жағын ойлап бас қатырып жатқан да бірде-бір жан жоқ. Бар айтатын уәждері – урбанизация. Бір есептен ол да дұрыс шығар. Қалаларға қарай жа­қындаса ауыл қазақтары да өркениетті өмір­ге араласады, өзгелермен бірге қазіргі за­ман­­ның игіліктеріне ортақтасады. Бірақ... 

Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»

Қайырымдылық көмектің қайыры болады

Табиғат апатына немесе соғыс, қарулы қақтығыс салдарынан күйзеліске ұшырап, аштыққа, босқыншылыққа тап болған елдерге қайырымдылық көмек көрсету – халықаралық қоғамдастықтың игі шарала­ры­ның бірі. БҰҰ-ның Халықаралық соты ондай көмектердің азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек түрінде болуын, қару-жарақ түрінде берілмеуін қатаң бекіткен.

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Тағам сыры: аурудың алдын алу мүмкін бе?

«Ас – адамның арқауы» деп кішкен­тай­ымнан естіп өскен адам ретінде, та­мақ жемесе адамның күші болмайды, жұ­мыс істеуге, өмір сүруге энергиясы жетпейді деп ойлайтынмын.  Бірақ ас­тың да асы бар, оның пайдасы мен зияны туралы шы­найы да, өтірік те, ойдан құрас­ты­рыл­ған да әңгімелерді көп естіп, кейде білмегендіктен сеніп те қалып жүреміз.

Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Алматы: Шағын ауданның астарлы ақиқаты

Алматыда аты жоқ, бірақ, нөмір­­­лен­­ген 12 шағын аудан бар. Шын­туай­­тында, олар 12 емес, барлығын қос­­қанда – 13. Қала сәулетіне билік жүр­гізуші партия қызметкерлері, сірә, жобалау үстінде «шайтанның 12-сін» сес­ көрген-ау, ақырғы шағын ауданды – 10 «А» деп белгілепті. 

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу