Атқарылған жұмыс аз емес
Үкіметтің қорытынды жиыны саналатын алқалы отырысты әдеттегідей Елбасы өзі жүргізді. Алдымен қысқаша сөйлеп, отырыстың мән-маңызын түсіндірді. «Жылдың басында алдымызда тұрған мақсаттарды анықтап, бір-бірімізге сұрақ қойып, мәселелердің басын ашып, жұмыс істеуді бастау үшін бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізгелі отырмыз. Облыстардың әкімдері қатысуда. Өздеріңіз білесіздер, қаңтарда өткізген Үкіметтің жиналысында былтырғы жылдың қорытындысы жарияланды, айтылды. Шынын айту керек, өткен жыл оңай болған жоқ. Дүние жүзінің экономикасы да аумалы-төкпелі болды. Біздің де жағдай әртүрлі болды. Дегенмен, Үкімет пен әкімдіктердің бірлесіп істеген жұмыстарының арқасында менің бағалауым бойынша дұрыс нәтижеге жеттік», деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық өсімі өткен жылдың қорытындысында 4 пайызды құрап, инфляция 7 пайыз төңірегінде болғанын еске салды. «Бұл біз үшін алынған жаңа белес болып саналады. Сондықтан бұл жағынан мен Үкіметтің жалпы жұмысына, әрбір Үкімет мүшелеріне оң бағамды бергенім дұрыс деп санаймын. Халық та солай деп ойлайтын шығар. Дегенмен, әр- уақытта жетістіктерімізге тоқмейілсіп отыра бермейміз. Алдымызда мақсаттар көп, бағдарламалардың орындалуында кемшіліктер бар. Оны, әрине, айтатын боламыз», деді Президент. Сондықтан Елбасы бүгінгі жиында өткен жылдың қорытындысы халыққа тағы бір рет жария етіліп, Үкімет алдында тұрған міндеттер айқындалатындығын баса айтты. «Биыл Үкіметтің алдына қойып отырған меже – 4 пайыз аз болады. Одан төмен түсіп кетуіміз де мүмкін. Сондықтан өзіміз алдымызға одан жоғары міндеттер қоюымыз керек. Оның ішінде бағдарламалардың орындалу мәселелері бар, олардың арасында кемшіліктер де жоқ емес. Сондықтан осы мәселелер төңірегінде жұмыс істейтін боламыз», деді Н.Назарбаев.
Кеңейтілген отырыста елдің жалпы экономикалық көрсеткіштері жөнінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, бюджеттің атқарылуы жайында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, қаржы саланың ахуалы жөнінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов, Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев баяндама жасады. Сонымен қатар басқа да облыс әкімдері, Үкімет мүшелері талқыланған мәселелерге қатысты Елбасының сұрақтарына орындарынан тұрып, жауап беріп отырды.
Үкімет басшысының мәлімдеуінше, бүгінде ел экономикасы дамудың тұрақты жолына түсті. Оны Қазақстанның дамуына орнықты болжам ұсынып отырған халықаралық рейтингтік агенттіктер де растаған. Мәселен, өткен жылы ІЖӨ өсімі 4 пайызды құрады. Өсімнің 60 пайызына шикізаттық емес секторлар есебінен қол жеткізілген. Бұл – экономиканың тұрақтылығы мен оның құрылымдарындағы оң өзгерістерді көрсететін өте маңызды мәселе, деді Үкімет басшысы.
Мәліметке сүйенсек, сыртқы сауда айналымы 25 пайызға ұлғайып, 69,5 млрд долларға жеткен. Негізгі капиталға салынған инвестиция 5,5 пайызға ұлғайды, оның ішінде жеке инвестициялардың үлесі 6,9 пайызға артты. Өткен жылы еліміздің макроэкономикалық ахуалы жақсарды. Айталық, инфляция 7,1 пайызға дейін төмендеді. Мемлекеттік қаржы тұрақтылығының қауіпсіз деңгейі қамтамасыз етілді. Сыртқы қарыз ІЖӨ-ге шаққанда 26 пайыздан аспайды. Республикалық бюджетке түсім 26,3 пайызға көбейді. 2017 жылдың 9 айында шетел инвестициясының таза түсімі 3 034,8 млн долларды құрады. Өткен жылдың қаңтар-қараша айларының аралығында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 69,5 млрд долларға жетіп, 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 пайызға артты. Оның ішінде экспорт көлемі 43,1 млрд долларға жетіп отыр. Ұлттық банктің алтын-валюта активі 31,1 млрд доллар болды. 2018 жылдың 1 қаңтарында жеке тұлғалардың депозиттері 3,7 пайызға көбейіп, 8120,9 млрд теңгені құрады. Өңірлік шекте өнеркәсіп өндірісі көлемінің артуы 14 өңірде байқалды. Жалпы, 2017 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында пайдалануға берілген тұрғын үйлердің өсімі 6,2 пайызға жеткен.
Жиында Үкіметтің жұмысы толық баяндалғаннан кейін Президент соңғы Жолдауды орындау бойынша не істегендерін сұрады. Сұраққа жауап берген Үкімет басшысы Жолдаудың жалпыұлттық бағдарламасы қабылданғандығын айтты. «Сондай-ақ сала-салаға қатысты көрсетілген он тапсырма бойынша жобалық кеңсе арқылы әрбір министрлікке тиісті міндеттер жүктелді. Индикаторлар қойылды. Жылдың соңына дейін тапсырмалардың барлығы орындалатын болады», деді Б.Сағынтаев. Президент атқарылған шараларға оң баға берді. Алайда «жақсы баяндадың, бірақ өзіңе деген сыни көзқарас жоқ», деп ескертті Елбасы.
Премьер-Министр мен Үкімет мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған Мемлекет басшысы еліміздің былтырғы экономикалық дамуының көрсеткіштеріне оң баға берді. «Қазіргі таңда дүние жүзіндегі ахуал біршама жақсарып келе жатқанын бәріміз білеміз. Оның бізге де өзіндік әсері бар. Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу үшін әлі де талай ауқымды жұмыстар атқаруымыз керек. Оған қажетті бағдарламалар мен заңдар қабылданды. Тиісті реформалар да жүргізіліп жатыр. Үшінші жаңғырудан бастап, цифрлы экономикаға қарай бет түзей бастадық. Биылғы Жолдауымда төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері айқындалып, соның төңірегінде жұмыс істеу басталды. Сондықтан дамудың қарқынын үдету керек. Жақсы жасалған шаруа ешқайда кетпейді. Енді кем-кетігімізге көңіл бөліп, алда тұрған маңызды міндеттерді орындауды жалғастыруымыз қажет. Бағдарламаның бәрін сапалы жүзеге асыру, оларға бөлініп жатқан қыруар қаржыны тиімді пайдалану осы отырған барлық азаматтың басты міндеті», деді Елбасы.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы Үкіметтің алдында тұрған кезек күттірмей шешілуге тиіс негізгі мәселелерге тоқталды.
Индустрияландыру – экономиканы дамытудың қозғаушы күші
Алдымен индустрияландыру мәселесі жөнінде сөз қозғаған Президент осы уақыт ішінде біршама тәжірибелер жинақталып, көптеген өндіріс орындары салынғанын, жаңа жұмыс орындары пайда болып, бірталай жетістікке қол жеткізілгенін атап өтті. Индустрияландыру жылдарында өңдеуші сектордың үлесі 36 пайызға өскен. Бірақ осы саланың экономиканың жалпы көлеміндегі үлесі әлі өсе қойған жоқ: баяғы сол 11 пайыз жағдайында қалып отыр. Сондықтан өңдеуші саланы дамыту үшін белсенді жұмыстар жүргізілуі тиіс. Елбасы кәсіпорындардың бәсекеге қаншалықты қабілетті жұмыс істейтіні де осы мәселені шешуге арқау болатынын атап өтті. Сондықтан инновациялық технологияларды қолдана отырып дамып келе жатқан өндіріс ошақтарына басымдық беріп, мемлекеттік қолдауды оларға көбірек жасау керек. Өйткені алдыңғы қатарлы технологиямен жұмыс істеп, экспорттық өнімдер шығаратын кәсіпорындар – экономиканың қозғаушы күші. Елбасы қаржыны пайдалы істерге ғана мақсатты жұмсау қажеттігін ескертті. Соның ішінде ол бюджеттің мол қаражаты жұмсалып жатқан арнайы экономикалық аймақтарды құруды тоқтатып, барына тексеру жүргізу қажеттігін айтты. «Қазіргі уақытта елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ бар, оған 283 млрд теңге бөлінді. Соған қарамастан облыс әкімдері жаңа АЭА құру өтініштерін тоқтатар емес.
Алдымен Үкімет аталған 11 АЭА-ның жұмысын тексеріп алуы керек. Мән-жайды анықтамайынша, жаңадан ешқандай арнайы экономикалық аймақ құрылмауы керек», деді Мемлекет басшысы.
Цифрландырудың тиімділігін халық түсінуі керек
Бүгінде еліміз цифрландыру технологиясына айрықша маңыз беріп жатқаны белгілі. Елбасы Жолдауында да бұл мәселе жан-жақты айтылды. Президент халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтің ашық әрі әділ болуына ықпал ететін цифрландыру жүйесінің тиімділігін әрбір азамат түсінуі керектігін жеткізді. Президенттің айтуынша, кен өндіру саласына ақпараттық теxнологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін еселеуге болады. Себебі жұмыс автоматты түрде жүреді. Әсіресе денсаулық сақтау мен білім беру саласына цифрландыруды кеңінен енгізген жөн. Соның арқасында шалғай ауылда отырған адамның денсаулығын бақылауға, білімін арттыруға мүмкіндік бар. Ал адам капиталын арттырсақ, ел экономикасын да көтеруге болады. Сондықтан мемлекеттік қызметшілерді жаппай цифрландыруға үйретуді қолға алу керек. Елбасы осыған байланысты Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында цифрландыру бойынша арнайы семинарлар өткізуді ұсынды. Осында кәсіби мамандар өзгелерге цифрландырудың жай-күйін түсіндіріп, тиімділігі туралы дәріс оқығаны артықтық етпейді. Бұл курсты тәмамдағандарға арнайы куәлік тапсыру үрдісін енгізуді тапсырған Мемлекет басшысы бұл жұмысқа «Нұр Отан» партиясы да атсалысуы керектігін атап өтті. «Әлбетте цифрландыру барлық мәселемізді шешіп бермейді. Бұл индустриялық революцияның басы ғана. Демек, алда тұрған мақсат-міндеттер көп. Ең соңында жасанды интеллектіге келуіміз керек», деді Н.Назарбаев.
Президенттің айтуынша, денсаулық саласындағы цифрлы теxнологиялар әрбір адамның денсаулығын онлайн режімде бақылауға мүмкіндік береді. Соның арқасында дәрігерлер қағазбасты жұмыстан құтылады. Сол сияқты кеден мен салық саласын цифрлы технологияға ауыстыру арқылы біраз жұмысты жеделдетуге, жеңілдетуге болады.
Жалпы алғанда, 2025 жылға қарай цифрландырудың тиімділігі 2 трлн теңгеге жетеді деген болжам бар.
Жиында Елбасы тұрғын үй мәселесіне де тоқталып, бұл салаға мемлекеттен 550 млрд теңге жұмсалғанын айтты. Дағдарыс жылдарында қолға алынған шаралардың арқасында мемлекет тарапынан қолдаулар болды. Енді қаржыны нарықтық тетіктермен пайдалануға көшу керек, яғни құрылысты банктер қаржыландыруы тиіс. Ал Үкімет, Ұлттық банк, әкімдер баспана құнының арзандауы үшін жағдай жасауы тиіс.
Сондай-ақ Елбасы ескі үйлерді сүру мәселесін де қозғады. Қала орталықтарындағы тозығы жеткен үйлерді сүріп, орнына жаңадан үйлер салу керек. Негізінен бұл ауқымды жұмыс мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы жүргізілгені жөн. Мемлекет басшысының айтуынша, ескі үйлерді алып тастау – мемлекетке де, халыққа да, бизнеске де тиімді. Біріншіден, бұл қаланың келбетін әсемдеуге мүмкіндік берсе, екіншіден, халықтың жақсы үйге көшуіне жағдай жасайды. Әлеуметтік жағдайдың осылайша оңалуы жұртшылықтың денсаулығына, көңіл күйіне де жақсы әсер етеді, деді Елбасы.
Медициналық сақтандыру ертерек енгізіледі
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев медициналық сақтандыру мәселесін де көтерді. «Бізге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды кейінге шегеруге тура келді. Себебі өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтарды заңдастырып, ресми түрде тіркеу керек болды. Олар салық төлемейді, зейнетақы жүйесіне қатыспайды. Былайша айтқанда, «көлеңкеде» жүр. Мен осыны бес жыл бойы айтып келемін. Нақты тапсырмалар да бердім. Алайда ол азаматтармен ешкім тығыз айналысып жатқан жоқ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға да талай мәрте айттым...», деген Елбасы Т.Дүйсеновадан мәселенің мән-жайын сұрады. Оның айтуынша, осы уақытқа дейін өзін өзі жұмыспен қамтып жүргендерді анықтау жұмысы атқарылған. Санақ жұмысы көрсеткендей, Қазақстанда 2,7 млн адамның нақты әлеуметтік мәртебесі жоқ болып шыққан. Олардың ішінде жұмыссыздар да бар. Ал өзін өзі жұмыспен қамтып жүргендердің ішінде тіркеуге тұрмаған кәсіпкерлер мен жалдамалы жұмысшыларды заңдастыру қажет. «Ең бірінші, «өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар» деген кімдер? Осыны анықтап, заңға өзгерістер енгізу керек», деген уәжін алға тартты Т.Дүйсенова.
Оның айтуына қарағанда, соңғы бес жылдың ішінде жұмыспен қамту бағдарламалары аясында 500 мың адам жұмысқа тұрып, әлеуметтік жарналарын төлеп жатыр. Дегенмен, «көлеңкеде жүрген» кәсіпкерлерді заңдастыруда әлі де қиындықтар бар. Оның бір себебі Салық кодексінде жазылған «700 мың теңгеден төмен табысы бар кәсіпкерлерге тіркеуге тұру міндетті емес» деген талапта жатыр. Осыған байланысты өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген кәсіпкерлерді тіркеудің тәртібіне өзгерістер енгізу қажет.
Міне, осы кедергілерге байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу 2020 жылға шегерілген. Алайда Елбасының қатысуымен өткен кеңейтілген отырыста Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев Президентке аталған жүйені бір жыл бұрын толығымен іске қосуға уәде беріп, аталған реформа 2019 жылдан бастап енгізілетінін жеткізді. «Өзін өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтар бойынша барлық жұмысты осы жылдың ішінде бітіреміз. Ақпараттық жүйелер, тіркеу сияқты заңнамаларға көктемде өзгерістер енгізіледі. Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті жаппай дамыту бағдарламасын негізге ала отырып, біз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды бір жыл бұрын бастауға бел буып отырмыз. Алдында бұл жүйені енгізуді 2020 жылға қалдырған едік. Енді жұмыстың бәрін еңсеріп, келесі жылдан іске қосқалы отырмыз», деді Е.Досаев.
Жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелермен, компьютерлік техникалармен қамтамасыз етілуі жайын сынға алып, бұл саладағы кемшіліктер электронды денсаулық паспортын енгізу секілді қызметті іске қосуға кедергі келтіріп отырғанын айтты. «Медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелермен жабдықталу деңгейінің ең төмен көрсеткіші Шығыс Қазақстанда тіркелген. Онда небәрі – 21 пайыз. Ақтөбеде облысында – 37 пайыз, Астанада – 31 пайыз», деген Елбасы облыс әкімдерінен оның себеп-салдарын сұрады. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, аймақта денсаулық сақтау мекемелерін компьютерлермен қамтамасыз етуге 1 млрд теңге бөлінген. Алайда барлық техниканы Қаржы министрлігіне қарасты сатып алулар комитеті ғана сатып алуға тиіс болғандықтан жұмыс кешеуілдеп тұр.
Ал Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев компьютерді сатып алуға ақшаны толығымен бөлгенін жеткізді. Астана әкімі Әсет Исекешев те алдағы уақытта өзіне жүктелген міндеттерді орындауға уәде етті.
«Бұл – халықтың денсаулығы. Ұсақ-түйек нәрсе емес. Мәселенің маңыздылығын ескере отырып, министрлік барлық жұмысты үйлестіруі тиіс. Әкімдер жүктелген тапсырманы орындауды жылдамдатқаны жөн», деп ескертті Елбасы.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының әкімдеріне де ескерту жасап, осы аймақтардағы медициналық ұйымдарды интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды.
Ал электронды денсаулық төлқұжатын енгізу туралы Елбасының алдында есеп берген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов биыл маусым айынан бастап бұл құжат қанатқақты жоба ретінде енгізілетінін атап өтті. «Егер жылдың аяғына дейін барлық аймақтар ақпараттық жүйелерін ретке келтірсе, келесі жылдан бастап денсаулық саласының басым бөлігі электронды режімде жұмыс істейтін болады», деді министр.
Ең бастысы – мінсіз қызмет
Үкіметтің кеңейтілген отырысында сондай-ақ заңның үстемдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі қозғалды. Елбасы құқық қорғау құрылымдарының жұмысы үшін барлық жағдай жасалғанын, жалақы көтерілгенін айта келе, құқық қорғау органдарына деген қоғамның сенімі әлі де төмендеу екенін еске алды. Сондықтан бұл сала мамандары жұмыстарын ширатып, елдің сенімін ақтауға тырысуы керек. Әрі қылмыстық процестерге де мән беріп, ондағы артық жазалайтын тұстарды қайта қарастырып, неғұрлым гуманизмге қарай бағыттауды жалғастыра беру керек. Мемлекет басшысының айтуынша, батыс елдерінде қылмыстық істердің 80-90 пайызы бейбіт жолмен шешіледі. Қазақстан да осы тәжірибені сынап көру керек.
Президент өз сөзінде құқық қорғау мен сот органдарының кадрлық құрамына қатаң талаптар қойылып келгенін айта келе, елдің тыныштығы мен қоғам тәртібін күзетіп келе жатқан азаматтар абыройлы, моральдық-әдептілік келбеті мінсіз болуы керектігін ескертті.
Жиынды қорытындылаған Президент Н.Назарбаев қабылданған барлық бағдарламаны, биылғы Жолдауда қойылған міндеттерді орындау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екендігін баса айтып, жұмыла жұмыс істеуге шақырды. «Шаруа аз емес. Күнделікті жасалып жатқан жұмыс та жетерлік. Халықтың әл-ауқатын жақсарту жолындағы мақсат-міндеттерімізді абыроймен орындауға әрқайсымыз міндеттіміз және алдағы мұрат-мақсатымызға жетеміз деген ойдамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін», деп сөзін түйіндеді Елбасы.
Динара БІТІК,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды