12 Ақпан, 2018

Шешім мен кесім

523 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орыс көркем ойына тереңдеп дендеу ешкімге оңай соғып көрген емес. Қоңсылас қонған көп жұрттар арасынан жан жүрегімен жақындап, ұлттық тілегін оған жалғастыра біл­ген халық дүниеде екеу болса, соның бірі қазақ. «Татьянаның қыр­­дағы әні» арқылы сезім дүние­сінің өзгеше құбылысымен әуелі Жи­дебайда табысып ап, сонан күллі даланы шарлай жөнелуінің өзі тегін емес. Сахараның ұлан-асыр төсіндегі көшпенді ел көкейіне нық орнығу үрдісінің кәміл дұрыстығын өмір әлдеқашан дәлелдеді. 

Шешім мен кесім

Таңдаудың Пушкинге бірден түсуінің көрегендікке қоса өнегелік сипаты да өзгешелеу. Ал «Қараңғы түнде тау қалғып» қозғалысының тірі бейнесімен тілдесіп үлгертіп, бүкіл әлем үндестігіне үн қосу айдынын иелену мерейі алда үстемдік құрып келе жатты. Ұлттық таным ерекшелігін оқыған азаматтарымыз кішіпейіл жаратылысымен тап басып танып қана қоймай, қабылдау ауқымының кеңдігінен үмітін үзбестен ағартушылық қызметті алғаусыз атқарған еді. Дей тұрғанмен, орыс қауы­мы тарапынан ізденістің осы қада­мы елене қоймайтын себебіне кім үңіліп көріпті. Екі ғасыр бойына өз атымен аталмаудың зиянын зерттеп, қаншалықты зерделей алдық деген сұраққа жауабымыз мардымсыз ба деп қорқамыз. Қазақты білімді ел есебінде елестету жағына мойны жар бермейтін бұрынғы метрополияның тәкаппар астамшылығы алдында кембағал се­зіну­ден әлі толық арылып болмаған сияқтымыз.

Жиырмасыншы ғасырдың бастапқы кезіне дейін бұратана саналып келген елдің едәуір бөлігі «қара орысқа» айналып, қағынан жерінген құланның керіне ұрыну қаупі де жоқ еместей. Қаншылдығы тұтануға шақ қап тұра­тын перзенттеріміз территориялық тұтастыққа қарсы көз алартып, қасақы сөздерге қанша өре түрегелсе де, өз уәждерімен санасатындай тиімді тетік­ті әлі таба алмай отырғаны тұтас ұлт болып алаңдайтын құбылыс емес пе. «Үй сыртында кісі бар» дегенді қазақ атамыз тегіннен тегін ескертпеген. Қазақ жұртының алқалы жиындарында ұябұзар әңгіменің шеті қылтиып шықса бітті, қыбы қана іліп ала жөнелетіні бесенеден белгілі.

Ел іргесін нығайтып, қатарын ұл­ғайта бекітудің шараларына бір кісі­дей үн қосу қазақ баласының жалпы парызы. Есесіне ауызды қу шөппен сүртудің итжанды дағдысының ас­қын­ған нобайы әлеуметтік желілер арқылы атойлап көрінген кезде өзін-өзі ұстау мәдениетінің осыншалық төмендегеніне сенер-сенбесіңді білмей дағдаратының рас. Ұлт болып ұйысу үдерісіне бейне бір адамның ғана ке­сірі тиетіндей, қайдағы жоқты аңсап, әлдекімді пір тұту өлермендігінің түп­кі сырында айлакер ақылдан гөрі, алданғыш аңқаулық басым түсіп жататындай. Алыпқашпа сөздерге үйір мінез әділетке жүгінудің орнына екі күйдірмекке бейім тұратынына көз жеткізгелі қашан.

«Жазушы күнделігі» топтамасын­да Достоевский орыс әдебиетін Еуро­паға аудартып, таныстыру барысын­да Тургеновтің «Рудин» романын, Островскийдің пьесаларын атын атап, түсін түстесе де, көңіл көншіте қой­майтынын ептеп қана сездіріп, қарық қылып қабылдай алмайды-ау деген қаупін ашықтан-ашық білдіріпті. Содан ұзамай дүниені дүр сілкіндірген орыс көркем ойының басында сол Дос­тоевскийдің өзі тұрған жоқ па еді. Баян­дау екпіні мен бояу-реңктеріне дейін халықтық нұсқа ендеп кірген ерек­шеліктер арқылы жадыға берік орнығып қалу себебі де сол болуы ықтимал-ау.

Бізде әлемге танылуға деген жаппай ұмтылыс кейде кембағал сезіністерден әлі күнге арылып болмағанымыздың белгісіндей көрінетінін несіне жасырамыз. Өзімізде назарға ілініп, ауызға алынбаса да, шығармалары дүниенің бірқатар жетекші тілдеріне аударылып, кітаптары үздіксіз басылып шығарыла бастаған жазушы бір ерекше желпіністің үстінде «Бұл жөнінен мен Мұқаңнан да озып кеттім-ау, шамасы» деп аңдамай лебіз жарып қойса керек. Ол кездің аға ұрпағының өкілдері мұндайды кешіре алмайтын ұстанымы мықты ма, әлде Әуезовті пір тұту сезімі кіршіксіз таза ма, әйтеуір сол пақырға көптің назасы тигендей көрінеді де тұрады. Ал қазір заман мүлде басқа, өзіңді ашықтан-ашық қайталанбас тұлға санап, қасиетті аруақтың толымына шәк келтіріп, одан әлденеше есеге асып кеткеніңді айқайлап айтудың еш сөкеттігі жоқ. Толқымалы шақтың шалығы үстінде ме, жоқ, қарадай көңілің қалып құлазып отырған сәтте ме, мейлі қайсы болса да айтылды бітті, қазақ деген халық тез құлақтанып алады. Біраз күн әңгіме арқауына айналып, есімі ел аузынан түспей, күндердің күнінде бәрі сап басылады. Бұрынғының кісілері сабырға шақырған кезде «сен асыққаныңмен, Құдай асықпайды» деген тоқтамға еріксіз жүгіндіретін...

Жұмабай Шаштайұлы,

«Егемен Қазақстан»