Бүгінде құрылыс компаниялары «Қарағайлы» шағын ауданында тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған алғашқы көп пәтерлі 9 қабатты үйлерді қолданысқа беруде. Құрылыстың негізгі мердігерлері болып Семейдің екі ірі компаниясы белгіленген. Қазіргі уақытта кірпіш қалау және терезелерді орнату жұмыстары 100 пайыз аяқталып, тек үйдің ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сонымен қатар қалада мемлекет-жекеменшік серіктестігі аясында «Фирма Азия» ЖШС 320 орындық балабақша салып жатыр. Нысанды қолданысқа беру мерзімі осы жылдың соңына белгіленген. Қазіргі уақытта бұл жерде мектепке дейінгі тәрбие ошағының іргетасы құйылып, қабырғалары қалануда.
Аймақ басшысының қатысуымен «Фирма Азия» ЖШС болашақта бой көтеретін «Абай-Арена» бірегей кешенінің құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Бірегей ғимараттың құрылыс жұмыстарына бірнеше ірі серіктестер мен отандық мамандарды шақырту көзделіп отыр. Облыс әкімінің айтуынша, бұл ауданда көпқабатты бірнеше тұрғын үй салу жоспарланған. Еңселі тұрғын үйлер атшаптырым аумақты алатын «Абай-Арена» кешенін жан-жағынан қоршап тұратын болады.
– Қандай әдемі шағын аудан. Тағы да бірнеше тұрғын үй бой көтеруі керек. Олар «Абай-Арена» кешенін жан-жағынан қоршап тұрса үйлесімді көрінеді. Шамамен ол үйлер 12 қабат болса және түсін ашық түстен таңдасаңыздар. Бұл шағын ауданның тұрғындарына, жалпы қаланың халқына көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.
Сонымен қатар шағын ауданда тұрғындарға жайлы болуы үшін кең жолдар төселіп, жаяу жүргіншілер аймағы мен автотұрақ қарастырылған. Айта кетейік, құрылыс жұмыстары барысында шағын ауданда құрылысшылар қалашығы салынбақ. Жатақхана мен күніне төрт рет тамақ беретін 200 орынға шақталған асхана да болады. Одан басқа құрылыс жұмыстарына жұмылдырылатын компаниялар мен серіктестердің өкілдері жұмыс істейтін жеке кеңсе де жоспарланған.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ