Қазақстан • 12 Ақпан, 2018

Онлайн қарыз опық жегізбесін...

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетіне Қазақстан Қаржыгерлер ассоциациясының өкілдері қайрылып, қарыздарды онлайн режімдерінде беретін компаниялардың әрекеттерін заңдылық жолмен реттеу мәселесін шешіп беруді өтінді.  

Онлайн қарыз опық жегізбесін...

Соңғы кездері біздің қоғам онлайн қарыз беру деген мәселеге тап болып отыр. Мұндай қарыз беретін шағын компаниялардың жылдық пайыздық өсімдері 700-ден 1000 пайызға дейін. Айыппұл мен төлемақы өсімі де шектеусіз. Қарыз алу үшін онлайн компанияның сайттарындағы талаптарын компьютерде басып, керекті соманы алып жүре бересің. Осының өзі түрлі күдік тудыратыны сөзсіз. Өйткені онлайн компаниялар қарыз алушының төлем мүмкіндіктерін тексермей қалай береді? Тіпті қарыз алушының бұрынғы несиелік тарихы дұрыс болмаса да қарыз берілетіні айтылған. Сонда бұл «не қылған батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық» деген ой келеді.

Клиенттің құжаттары тек­серіл­мей, өзін көрмей (мас күйін­де ме немесе есірткі шегіп алған жоқ па?) үлкен қаражатты ұстата салу деген қайдан шыққан? Мүмкін ол адамға басқа біреу­лер компьютер түймешелерін зорлықпен басқызып тұрған шығар?..

Қазақстан Республикасының «Шағын қаражат ұйымдары туралы» Заңында мұндай операцияларды реттеу және осындай компаниялардың клиенттерін қорғау қарастырылмаған. Бұл – аталмыш онлайн компаниялар заңнан және мемлекеттік реттеу­ден тыс әрекет етеді деген сөз. Сонымен қатар онлайн ком­па­ния­лар клиенттерінің кредит­тік кар­таларының барлық дерек­те­рін (соның ішінде қорғалатын код­тарын), сондай-ақ ешқандай ке­лі­сімсіз несиелік тарихтарын те­гіс жазып алады екен. Ал бұл де­ге­ніңіз Қазақстан Респуб­ли­ка­­­сы­ның «Несиелік бюро және не­сие­лік тарихты жасау» Заңын­да­ғы 25-баптың талабын бұзып тұр.

Осыны көрген соң біз қоғам­да азаматтар мен онлайн компаниялар арасында ертеңгі күні талай жайттар тууы мүмкін екенін болжап, алдын алу үшін заң талаптарына қайшы жасалып жатқан қаржылық опе­ра­ция­лардың әрекеттерін тек­серуді өтініп Бас прокурор Қайрат Қожам­жаровтың атына депу­таттық сауал жолдадық.

Сергей ЕРШОВ,

Сенат депутаты