Аймақтар • 13 Ақпан, 2018

Ауылыңа бардың ба, жағдайына қандың ба?

506 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

О шеті мен бұ шетіне көз жеткізгісіз жазиралы даламен, аспан таулармен, айдынды өзен-көлдермен, жұпар иіс бақтармен біте қайнасқан ғажап ортада – ауылда дүниеге көзімді ашыппын. 

Ауылыңа бардың ба, жағдайына қандың ба?

Туған жер – ұлы анамның омырауын еміп, қойнында жүргенімде, әрбір дем-тынысын, кейде бұрқанысты, кейде жаймашуақ мінезін, мен дегенде «шығарға жаны бөлектігін» беймәлім бір түйсікпен сезетінмін. Әнімді айтып, жырымды оқып, өзімен кәдімгідей-ақ сырласатынмын. Табаныма шөңге кірсе де шағынатынмын. Емен-жарқын қуанышқа кенелтетін де, боркемік болып өспесін деп қиындыққа қайрап салатын да өзі, басыма не күн туса да бәрін көріп-біліп сезіп тұратын секілді көрінуші еді. Мейірімділікті, дархандықты, сыршылдықты да содан алдым, сенсеңіз! 

Ауыл үстінен өтетін үш өзеннің – ұзына аққан Таластың, Көкөзектің, Ақа­рық­тың суына сүңгіп, балығын сүзіп, Жамаубай талының желекті саясын сая­лап, Қызылдың қырын, Байарыстан, Бал­таның бойын, Тәукей түлейін, Тәңір­берді даласын тынбай кезіп, аяқ астынан ғажайып оқиғаларға кез болуды армандап, алаңсыз асыр салған арда шағымның небір қызықтарын қойнына қаттап, үнсіз-тілсіз томсарып жатыр ол! Өн бойында менің құлын үнім мен жан сезімімнің дірілі жүр! «Мені ұмыттың» деп ту сыртын беріп, томаға-тұйық қалып танытатын да секілді.

Туған жеріме тереңдей жіберген тамырымды ешкім қозғай алмас деуші едім. Қайда-ан! Өмір, күнкөріс қамы бізді де әр тарапқа тартып, тарыдай шашып жіберді, ақыры. Туған жерге бәрібір кіндігімнен байланып, діл-тамырыммен жалғасқанмын. Жүйе-жүйкемді оған деген махаббат пен сағыныш сыздата өріп, күндіз түгілі, түнде де тынышымды алады. Иншалла, осы сезім, осы қасиет тарпаң уақыттың табанында тапталып қалмады. Ел ішін, күллі қоғамымызды әлсін-әлі тітірете дүр сілкіп өтер өзгерістер дүмпуінің пәлендей әсері болмады оған. Туған жерге деген ұлы сезімім, сүйіспеншілігім сол бәз-баяғы қалпында, өз тұғырында туын жықпай желбіреп тұр!

Бір қызығы, туған жерге зәуімен табаным тисе болды, оның дем-тынысын бағзы кездегідей сезініп, көңілде қалған ғажап көрініс-елестерді қайта тірілткім-ақ келеді. Бірақ жасыл жамалы оңып, ажары тозыңқырағаны көңілімді пәс етіп, құлазытады-ақ. Баяғыдағыдай қас-қабағы мейірлі, жаймашуақ емес, қату ма, қалай? Төскейдің баяғыдағыдай қарақұрым малы да жоқ. Улап-шулап қозы-лақ қайырып, салқар түбектің бойын шарлап жүрер бала-шаға да көрінбейді. Шабындығы мал тісі тимегендіктен, қалың қорысқа айналып, қатпарлы жықпыл-жынысы түкпірінде әлдебір тажал тырнағын ішіне бүгіп, бас бағып жатқандай үрей шақыра үңірейеді. Айлап, жылдап адам аяғы баспаған жапан түз осылай аң-құстың құзырына қайта көшіпті. Айдын көл де, алма бақ та «біреудікі»... «Пәленше ата», «Түгенше ата» қожалығының жері деп, әлдеқашан қағазда қатталып, актіленген аумақта алшаңдап жүруің де қиын. Жайылымдықтың құнарлы, шұрайлы тұ­сы­ның көбі дөкейлердің қолында. Үл­кен-кішінің санасына «Онысыз да әлде­бі­реудің иелігіндегі жер (ортақ емес), пұл болмаса, күл болсын» деген үғым ор­нық­қалы қаш-шан! Былтыр аудан­ның пәлен мың шаршы шақырым жаз­ғы жайылымдығы өртке оранып, отқа үйтіл­генде де бүйрегіміз бүлк еткені шамалы. Қайта «шоқ, шоқ» десіп, қыбымыз қанғандай сыңай таныттық. Құдды бір өртенген жер өзіміздікі емес, жаттың жері секілді. Осыны көріп, сезінген бүгінгі ұрпақтың алтын бесігімізге деген сүйіспеншілігі сұйылмай қайтсін! Бұл құбылыс түптің-түбінде ұлы анамыз бен ұрпақтары арасындағы етене байланысқа сы­зат түсіріп, бір-біріне жат қылып жүр­месе деңіз!

Бүгінгі «жаңа қазақ» жерді табиғи байлығы әжетке жарап, өзінің, одан қалды отбасының аузын «май» етіп, молшылыққа кенелткенде ғана жақсы көреді. Олай болмайды екен, ондай жердің барынан жоғы... сатып жібереді! Қазекең ұлттық романтиканың ауылынан қара үзіп, алыстады. Ұлттық патриотизмнің «ресурстық патриотизм» дейтін бұтағы бүршіктеп шықты. Олай болатыны нарық адамдарды тауар фетишизміне, дүние-байлық табуға ұмсындырып, жалаң есеп пен алыпсатарлық психологияның етек алуына, адамгершілік қасиеттерге үстірт көзқарастар қалыптасып, тарауына жетелеумен келеді. Отаншылдық, имандылық, дәстүр, ата-баба салты, ұлт тағдыры секілді мәселелер болмашы нәрсеге айналып үлгерді. Мұның кейбір көріністері ауылға барғанымда алдымнан да шықты...

Ауылдастарым (әрине, қолынан іс келетіндері) бағзы бір кезде отар-отар қойдың жазғы суаты үшін тартылған 30-40 шақырымдық жерасты су жүйесінің шойын құбырларын қазып алып, қырықпышақ үлесіп жатыр екен. Кейін мал басы өсіп жатса, мұның игілікке жарауы мүмкін-ау деген ой қаперлеріне кіріп шықса, қанеки!

Иесіз оқшау қалған «Жамаубай талы» тоғайына да жыныққан жұрт балтасын ала жүгіріп, отынға кесіп, бір жылдың ар жақ, бер жағында тып-типыл еткен. Шамасы, шоқ тоғайдың сыбдыр қағып, ауылға көрік беріп тұрар сұлулығынан гөрі үйін бір қыс жылытар отын болғанын олжа көрісті. Туған жермен олардың да дем-тынысы, кіндігі бір еді-ау, әттең! Шабындықты шекарамен бекітіп, көйлектің ең жақсысын өзі киіп, көрпені өзіне көбірек тарту, ата-атаға бөліну секілді ауыл мінезіндегі жайсыз өзгерістер жекешелендірумен бірге келді. Ортақ өгіз жоқ бүгінде. Оңаша бұзау болмаса!

Баяғыда... жоңғарлар шапқы­н­шы­лы­ғы­нан қорғану үшін ұйымдаса «Жаңа қор­ған» мен «Қызыл қорғанды» (үйінтік қал­дықтары әлі де бар) тұрғызып, жау­ға қарсы тұрып, күресіп, елдік таныт­қан­быз. Осы елден шыққан Жамбыл хан, Бөлтірік шешен, Жүніс, Құдас, Тас­болат, Төлек, Бұғыбай, Қалтас батырлар, елді уәзінді сөз бен тәлімді тәрбиеге ұй­ыт­қан Қуандық, Қонысбай датқалар, Жа­манқара, Бегалы, Бекбол, Бейбіт, Қал­дарбек, Биназ, Әлімбек, Қожакелді билер, берідегі бірнеше ондаған ақын-жазушылар, ғалымдар, өнер майталмандары, 72 Батыр ана – барлығымыздың ортақ мақтанышымыз болды. Оларды бір-бірінен бөле жармадық. Көпшіліктің игілігі жолында тындырған тірліктері кейінгіге үлгі болсын дедік. Бұл әр нәр­сені өз орнына қойып, әр нәрсені өзі­нің лайықты атауымен атаудың ұлық бел­гісі еді. Ал қазіргідей жер-су аттарын былай қойып, ілгерілі-кейінді сандаған буын өкілдерінің маңдайына біткен жалғыз ауылдың атына жармасып, ырду-дырду болу қайдан шықты? Бұл бо­ла­шақта тұтанар үлкен даудың басы бо­лып жүрмегей... Өз басым ауылдың бұрынғы бөлімшелерінің көркем әрі бейнелі Көктөбе, Бестам, Жаңатұрмыс атауларының өзгертілуін қаламаймын. Қанша жерден еңбегі сіңсе де, базбір қайраткерлер есімдерімен осындай тамаша жер-су атауларының орны алмастырылып, ресмилендіріліп, сүреңсіз, сіреспе жүйеге түсірілуі түсініксіз. Қанша жерден арамтер болайық, бәрібір, сол ауылдар ауызекі тілде ескі атауларымен аталып жүр ғой...

Бірақ қазіргі ауыл қырық ру, жыртыстарын да жеке-дара жыртады. Ноғай ишан, Қарақожа мешіттерін тұрғызып, имандылық әдебін баяғыда-ақ бекемдеп алған ауылдың үлкен-кішісіне мұндай мінез мүлде жат-тұғын. Торқалы тойдан топырақты өлімге дейінгі барлық рәсімін ұй­ымдаса өткеріп, тұлымдысын үкілеп ұзатып, қарадомалағын ерте есейтіп, ел ісі­не араластыруға, сол арқылы бола­ша­ғын баянды етуге ұмтылған ұлыс­тың бір бағаналы бәйтерегі еді Ойық елі!

Бір кездердегі батыр, билерін, халыққа қайырымы тиген байлары мен бектерін, тоған тұрғызып, арна тартып, ортақ игілікті еселеуге үлестерін қосқан арлы азаматтарын қастерлеп, жер-су аттарын «Тәңірберді даласы», «Елеместің жотасы», «Жүністің жалы», «Бөрібай тоғаны», «Сиқым арығы», «Бәкір талы», «Жәдік көлі» деп атап, осындай ерлерімен толыққан елдің тарихи жадын жақсы ісімен жаңғыртар батырлары жарқ етіп қашан көрінер екен? Әйтеуір, бұл үміт, арман ғана болып қалмас. Ел қаһармандарын қайталап туар. Туып та жатыр. Оның әлі-ақ
үлкен шоғырға айналары да анық.

Мысалы, іскер азамат Ақын Бек­таев­тың бұрнағы жылы кәсіпкерлік құры­лым­дарын қаладан ашып, ауылының ау­зы­на ең қиын сәтте де су тамызбай, сыр­ғақтап, зәуінде бір тиіп-қашты көмек көрсеткен болып жүретіні қолының қысқалығы екен. Бүгінде кемеліне келді. Тіпті ауылының қақ ортасына көшіп барып, мешіт тұрғызып, жүзімдік өсіріп, бақшалық салып, жұмыс орындарын көбейтіп, ел-жұртының кезерген ернін аққа жарытып-ақ жатыр. Аудандық деңгейдегі орман шаруашылығы мекемесін тиісті басшылық органдармен келісіп, Ойыққа көшіруі де жергілікті азаматтардың біразының жұмыспен қамтылуына септесті. Кезінде Алматы қалалық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымының докторы Амантай Біртановтың (иманы саламат болсын) туған ауылына «дәрігерлік десант» жасақтап келіп, үлкен-кішіні түгел медициналық тексеруден өткізіп, дертіне дәрумен дарытып кеткені, сірә, ұмытылар ма!

Елдегі жаңғырту шаралары тұсында бір өзгеріс болар деп елеңдеп отырған елге бұл да үлкен көмек! Туған жер – ұлы Анамызбен еш құдірет ажырата алмастай кіндігіміз бір болып, діл-тамырымызбен біте қайнасып кеткеніміз бала кезіміздегі «біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деп, қандай игілікті болсын ортақ ету тұрғысындағы тәрбиенің әсері ме, әлде... Әйтеуір, бұл біздің буын үшін жақсы үлгі болды. Өзімізді ауылға қа­рыз­дар сезінетініміз де содан. Күн шуа­ғымен аймалап, суына шомылтып, құ­мы­на аунатып, самалымен сүйіп, ер­кін де бұла өсіргендігінен де болар, ұлы анамыздың қойнындағы бұйырған не­сі­беміз қара нан, қара шайдың дәмі әлі күнге таңдайымыздан кетпейді...

Одан берідегі өзгергені – Таластың суы тобықтан келіп, шылдырап қана ағып қалғаны, Көкөзек пен Ақарықтың арнасы, кезінде қыруар қаржы жұмсап, іске қосып, су иіріп игілігімізге жарап келген жасанды су қоймасының табаны кеуіп үлгергені, үнді фильмдерін немесе ойын-сауық кештерін ауылдықтардың бұрнағыдай орталық клубқа ойдан-қырдан жиылып келіп көріп, ортақ қызық-думаны ете алмай отырғаны...

Туған жерге деген асқақ сүйіспеншілік сезіміміздің қызғылт жалты оның бұрнағы жасыл желегі семіп, реңі солғынданып, тозыңқы тартқан табиғаты аясында өсіп, жетіліп келе жатқан бүгінгі ұрпақтың бойыда жүр ме екен?! Олар да біз секілді арманшыл ма? Атаның емес, Отанның ұлы болып бой түзеп келе ме? Осы ойлар мені жиі мазалайды да жүреді...

Баймаханбет АХМЕТ,
журналист

Жамбыл облысы,
Талас ауданы,
Ойық ауылы

Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45