Бұл сөздер бұл ғасырда да құнын жойған жоқ. Қайта ел болған тұста жұмылдырып, бүкіл қазақтың оқығандарының ой-санасын оятып, ұлт жайын көңілдеріне тоқығандарға танбай істейтін тірлік тауып берді. Ол тірлік – сол ұлт жақсыларының ұлтына еткен адал еңбегін кейінгіге әрін бұзбай, әрібін қисайтпай, ақиқаттан аттамай, қарау ойды жақтамай – бәріне елдік биіктен қарап, кейінгі ұрпаққа сабақ болатындай етіп, сап алтындай саралап беру. Берекеге біріктірер бұл қадамды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылғы рухани жаңғыру жөніндегі идеясы, тіпті қанаттандырып жіберді деуге болады.
Иә, ту көтеріп, тұғыры боламыз деп құлшынған КСРО құрдымға кеткен соң, төңірегімізді түгендесек, Тәңір-ай, ақыл-ойдың алыптарын қалтарысқа ысырып, ол «жау» десе е, «жау» деп кеудемен жүріппіз. Ұлылықты өзгеден іздеп, көзіміз бұлдырап, көңіліміз күңгірт тартып, санамыз сансырапты. Біз бұл ойларды неге алға тартып, ашына айтып отырмыз. Себебін баяғы ескі кесел науқаншылдықтан іздегеніміз жөн секілді. Зымиян саясат науқанды бастап берсе, бас шұлғудан танбай, арты қалай болады демей, демігіп жолда қалғанша шаба берген тәріздіміз. Бұған төмендегі екі кітап нақты мысал болады.
Елордадағы Ұлттық кітапханада қазақтың айтулы екі ұлына арналып жарияланған монографиялардың таныстырылымы болып, жақсы пікірлер айтылған. Бірінші кітап «Нұртас Оңдасынов» деп аталады. Авторы – тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов. Осы арада мына бір жайды айта кетсек дейміз. Соңғы жылдары Мемлекет тарихы институтының ғалымдары «Ұлы дала тұлғалары» деген сериямен Алаш рухты асылдарымыз туралы зерттеу еңбектер жариялап келеді. Солардың қатарында Е.Бекмаханов, Ә.Ермеков, Ж.Тәшенев, тағы басқалар бар. Сол алыптар қатарына енді Нұртас Оңдасынов туралы зерттеу еңбек қосылып отыр. Екінші кітап, Шәбден Ералиев туралы «Тарих толқынындағы тағдыр» деп аталатын жинақ еді. Оны жариялаған – тарих ғылымдарының кандидаты Құндызай Ерімбетова.
Заманында Нұртас Оңдасынов «Бірінші би – халық, екінші би – тарих», – депті. Тап басып айтқан сөз. Халық жүрегінде қалған, ұлтым деп өткен, жұртым деп жүйкесін жұқартқан адамды түптің түбінде әділдігін айтып, тарих жарыққа шығармай қоймайды. Осы арада Бауыржан Момышұлының «Көкте Құдай, жерде архив бар», деген сөзі еске түседі. Бұл сөздің де астарында терең мағына жатқаны анық. Пенде жақсысын ұмытқанмен Құдай ауық-ауық еске салып, архивті атқарған адам оның өнегелі өмірін көріп, біліп отырады.
«Тағдыр маған ел басқаруды, халық үшін қам жеуді сыйлапты. Ондай сый алған адам өз отбасының мүддесінен гөрі халық мүддесін жоғары қоюы керек. Ел басқару білгенге – мехнат, білмегенге – қанағат», – деген үлгі сөз қалдырған, кезінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы секілді биік дәрежелі қызметтер атқарған, өзі ерекше сыйлайтын Нұртас Оңдасынов туралы заңғар жазушы, ой әлемінің ғұламасы Әбіш Кекілбайұлы: «...халқына қызмет етуді мансап деп емес, парыз деп ұғып, ерінбей еңбек етіп өткен абзал ағамызды тек «Қайран, Азаматым-ай!» деп аңсап, «Есіл ерім-ай!» деп, еске алып жатқанымыздың өзі де елдіктің еңсесін көтергеніміз шығар», – дейді де сол арыстың КСРО-ның доғал басшысы Хрущевпен сөз салыстыруын, яғни Оңдасынов: «Маңғыстау табиғи ресурстарға, әсіресе мұнайға бай, оны барлау мен игеруді қатар жүргізуіміз керек», – дейді. Хрущев: «Бізге Сібірдің мұнайы да жетеді. Маңғыстауға күніміз қарап тұрған ештеңе жоқ», – дейді. Оңдасынов: «Маңғыстаудың өн бойы – толып тұрған құрылыс материалы. Ұлу тастарды елімізде енді қанат жая бастаған құрылыс ісіне кеңінен пайдалану керек», – дейді. Хрущев: «Осы заманғы құрылыс индустриясының наны – сенің қайдағы бір табиғи тастарың емес, темір-бетон. Неткен кертартпа надан адамсың?!», деп зіркілдеп ала жөнеледі... Маңғыстауға Мақаттан темір жол тарту керектігін айтады. Хрущев оны тыңдағысы да келмей, орнынан тұрып кетеді. Мұны көріп Оңдасынов қатқыл әңгімеге көшеді. «Бұл ұсыныстарым өтпейтін болса, облыстың жағдайы осы мүшкіл күйінде қалады. Оны көріп, басшы болып отыра алмаймын», – деп жұрт алдында қызметінен бас тартады», – дейді. Мұны қаһармандық драмаға балайды ұлт зиялысы.
Міне, осындай тұлғаға арналған кітап бес тараудан тұрады екен. Өскен орта, алғашқы қадамдар, жоғары дәрежелі қызметтер, шығармашылығы – бәрі де деректермен дәйектеліп, ғылыми тұрғыдан дараланады. Қазақ жұртының ортақ ұлына айналып республикалық, облыстық дәрежедегі лауазымдар атқарған Оңдасынов үлгісін оқып отырған кезде оның тектілігі мен тегеурінін айқын аңғарасың. Тектілігі дегеніміз, ызғары жан қаритын, үстемдігі үскіріктей ұрған кезде ұлт болмысына айналып, ұлт сөзін сөйлеуі, тегеурініне келсек, ел мен жеріне көз тіккендерге қарсы тұруы дер едік. Бұған Оңдасыновтың тың игеру деген дүлей күш басталған тұста қасқайып тұрып Хрущевқа: «Тыңды көтерсек көтерейік, қарсы емеспіз, бірақ тыңды ашаршылық жылдарында жан-жаққа ауып кеткен қазақтарды шақырып көтерейік», – деуі сөзімізге дәлел. Оңайға иліге қоймайтын мұндай қайсар жанды үстем күш иелері зейнет жасына жеткізбей қызметінен босатып, Мәскеуге көшіріп жіберген. Сол кезде азын-аулақ жүгін пойызға тиегенде төлейтін ақша таппай қиналғаны және бар. Кейін «Мәскеуге бекер кеттім-ау!» – деп өкініпті. Оны да өз сөзімен дәйектеп көрелік. Орындалмаған үш арманының бірі туралы: «...зейнетке шыққан соң Алматыда тұрсам деп едім. Мәскеуге өтіп кеттік», – дейді. Көрдіңіз бе, «өтіп кеттік» дейтіннің аржағында «өткізіп жіберді» деген бір әттең-ай жатқаны анық.
«Біріншіден, қанша жыл қолымда билік болса да, біреуден бір тиын да пара алмадым – қолым таза! Екіншіден, үштіктің бірі болып, біреудің сыртынан қол қойған емеспін, яғни ешкімнің қаны мойнымда жоқ – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға жүзге бөлгенде, тіптен ешкімнің ешқашан жүзін сұраған да емеспін – жүзім таза», – депті Алаш текті Оңдасынов. Ендеше қолы таза, ары таза, жүзі таза адам нағыз ұлт қызметшісі емес пе?!
Өзі жетелеп қоғамдық қызметке, өнер әлеміне әкелген небір тұлғаларды бұл арада мысалға келтірмесек те қалың жұрт жақсы біледі. Кітаптағы тарихи құжаттардан ұғар ұғым, түсінер жайлар мол. Кейде атүсті сөйлейтіндер де осы еңбектен өзіне нақты жауап алары ақиқат. Рас, құжатсыз аңғырт әңгіме айтатынымыз бар. Осы бір іргелі ғылыми зерттеуді терең барлай оқысаң, әлгіндей атүсті ағаттыққа бармайсың, заманның адамы бола жүріп, ұлтым деген жақсылардың ісіне ризашылық айтасың. Олардың шалқалап жүрген шақтары аз екен. Тынымсыз тірлігі көп екен. Түртпегі көп кезеңнің өзінде көп қазақтың қамына қарай жұмыс атқарыпты. «Тіл – белгілі ұлттың басты белгісі. Сондықтан оны қадірлей білу, оны ұқыпты пайдалана білу – аса қасиетті қоғамдық парыз, мемлекет міндеті болуы керек», – деп кеткен есіл ердің қазақ руханиятына қосқан құнды еңбегі – «Қазақша – парсыша түсіндірме сөздігі» дер едік. Әрине ой толғамдары мен мақалаларының жөні бөлек. Онда қоспасыз заман ақиқаты жақсы көрініс тапқан.
Мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов туралы көлемді кітапта көп дерек бар. Соның ішінде жат жердегі, өмірінің соңғы сәтіндегі күйзелістері жаныңды шоқтай қариды. Мәскеуге елден туыстары көңілін сұрай келгенде – дәрігерлер аз ғана ғұмыры қалды деп шешім шығарып қойған екен. Ағайындары қабағы ғана қимылдап жатқан ұлт арысының қолын ұстап, сәлем бергенде үн қата алмаған ол – он минуттан кейін ес жиып, аяғын басыпты. Дәрігерлер таңғалып «Бұл қалай?» – дегенде ақсақал: «Қандастарым қуат берді», – депті. Сөйтіп үш ай жер бетінде жүріп, өмірден озыпты. Өсиетіне сай, сом алтындай денесі кіндік қаны тамған жерден мәңгілікке мекен тауыпты. Жалпы, бұл кітапты оқыған кезде Кеңестік заманның небір оқиғаларына қанығып қана қоймайсың, шындыққа көз жеткізесің. Бұрынғы бұлтты ой сейіледі.
Екінші кітаптың аты айтып тұрғандай, тағдыры сан тарау, сан сала, заманның ұлы болғанмен, сұм саясат «құлына» айналдырып, соңында аяулы азаматты құрдымға жіберген. Жарық дүниеде 30-ақ жыл ғұмыр кешкен Ералиевтің тобықтан қаққандай жұмбақ өлімі әлі күнге толғандырумен келеді. Кеңестік саясат делінетін идеология уы бүлдірмеген не қалды екен? Ең сорақысы оң-солын әлі ажырата қоймаған Ералиевтей жасты «коммунизм ұланысың» деп ата-анасынан бастап, бүкіл ұлтқа, жұртқа қарсы қойған. Сенімге кіргізіп, коммунистік аңызға ұйытып, басын сергелдеңге салған. Ондай сұмдықтың соңы қасіретке әкелген. Оның бір көрінісі, Ералиевтің талқыға түскен тағдыры дер едік. «Жатқа тізгін бермейміз, жаламенен бас кетер» деген Бұқар сөзін қызынып алғандар, амал қанша ескермеген. Бұл қазақты алагөз етіп, алыстырғанын арғы-бергі тарих дәйектеп отыр.
Шәбден Ералиев өмір жолындағы қилы-қилы оқыс оқиғалар албырт жастың адасқанын, адасып от басқанын аңғартады. Ол білімін де көтеріп отырған. Замандастары: «Бұл – тас жұтқан жігіт, жолбарыстай жүректі», – деп бағалапты. Қарғадай кезінен Сәкен Сейфуллинге серік болып, Ақмолада Кеңес өкіметін құруға күш салыпты. «Тар жол, тайғақ кешу» романына кейіпкер де болған. Кейін белгілі жазушы Бек Тоғысбаев оның өміріне арнап, «Асыл адам айнымас» атты повесть те жазыпты.
Ақмола уездік атқару комитетінің төрағасы, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі, одан кейін Адай округтік атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарыпты. 1928 жылдың қарашасында мерт болған. Осындай қиын жолдан өткен Ералиевтің өмір жолы Қ.Ерімбетованың монографиясында жан-жақты қамтылған. Сұм саясат ұлтымыздың ойранын шығарып, біріне бірін айдап салғанын, оған Ералиев тағдырын арқау ете отырып дәйектейді. Сол арқылы үстемдік жасаушылар ұлтты әлсіретуге, аран-аран етіп, шайнастырып қоюға тырысқанынан мысалдар келтіре отырып, ой өрбітеді.
Ой түйініне келсек, заман сөзін сөйлеп, ісін атқарған ұлт ұланының тарихтағы орнын анықтауға бұл кітаптың берері мол деп білеміз. Кезінде мақтап, мадақтап ел болған тұста кейбіріне кінә артуда артық секілді. Кітап авторы осыны баса айтады. Яғни өз заманының адамы сол заманның қиясын бірде білгенмен, бірде білмегені рас. Білгенде «алып машинаға» қалай қарсы шыға қойсын. Шықса таптап кетеді. Оны көрмей білмей отырған жоқ. Сондықтан тарих толқынындағы тарихи тұлғаға жан-жақты қарап, сыңар езулемей уақытқа қарай әділдік танытсақ, бұл кейінгіге де сабақ болар еді. Бір кезеңді жоққа шығарудан, онда өмір кешкен ұрпақты алалаудан ұтарымыз шамалы. Мұндай іс ұлт болмысына жараспайды. Күштеп жарастырғанмен арты өкінішке ұрындырмай қоймайды. «Қара халық өте сақ болады. Тұрмысына, салтына, елдігіне зиянды нәрселерді қабылдамайды», деген екен Халел Досмұхамедұлы. Шынында, жалпы халық қазақтың бәрін өзіндей санайды. Телі мен тентегін өз ішінде алқақотан отырып шешкен. Осы қасиет бүгінгі зиялы жұртқа жұғысты болса, ұлтымыз ұтылмайды. Қайта ұтады. Ұрпақ та сол жолмен жүріп, әділдік танытары сөзсіз.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»