23 Қараша, 2011

Нұрлы Нұра

483 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстанның» арнайы жобасы: Жасампаздық жемістері Жиырма жылдың ішінде атқарылған игі істердің арқасында әрбір өңіріміз өзгеріп, өміріміз жақсарып келеді. «Егемен Қазақстан» газеті осындай өркенді өзгерістерді бейнелейтін материалдарды тұрақты жариялап тұрады. Төменде Қарағанды облысы Нұра ауданынан фоторепортаж беріліп отыр.

НҰРЛЫ НҰРА

Астанамен іргелес бұл аудан аймақтағы ғана емес, еліміздегі ең астықты аудандардың бірі ретінде белгілі. Күзде мұнда 246 мың тоннаға жу­ық алтын дән жиналып, бұрын-сонды болып көр­меген рекордтық табысқа қол жеткізілді. Осы саланың көшбасшылары, әрқайсысы жылына 30 мың гектар алқапқа егін егетін «Шахтер», «Қайнар», «Пржеваль» ЖШС 2 миллион пұттан астам ырыздық көзін қамбаға құйды. Өтпелі кезең қиындықтарына байланысты қыс­қарған егістік көлемі соңғы жылдарда қайта ұлғайды. Биылғы көктемде 200,4 мың гектар жерге тұқым себіліп, берекелі өнім шығым­ды­лы­ғы жоғарыда аталғандай нәтижеге жетті. Агро­техникалық тәсілдерді кеңінен енгізу, жаңа технология мен техниканы тиімді қолдану астық өндірісін дамытуға қолайлы мүмкіндіктер ту­ғы­зып келеді. Тұқым себу, орақ науқандары шетелдік техника күшімен қысқа мерзімде атқары­лады. «Шахтер» ЖШС егінжай төскейінде 20 мың тонна астық сақтайтын қойма салып алды. Аудан экономикасында мал шаруашылығының да үлесі салмақты. Соңғы 10 жылда мал өнім­де­рін өндірудің жалпы көлемі 4,6 есеге өсіп, ақшаға шаққанда былтыр 6,1 млрд. теңгені құрды. Осы кезеңде ірі қара саны – 24,7, қой мен ешкі – 121 ,9, құс 27,5 пайызға ұлғайды. Бұл ретте асыл тұ­қым­ды «Қарғалы» қойын өсіруді өрбіткен «От­қан­жар» ЖШС қадамы қарышты. Серіктестік алдағы жылы жылқы түлігін ұлғайту жобасын іске асыруды бастағалы отыр. Аудан бойынша осы уақытқа дейін 20 инвестициялық жоба іске асырылды. Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейлі мерекесі құрметіне арналған іс-шаралар шуағын бүгінде ауданның барлық елді мекендерінің көркейген бейнесі мен тұрғындардың жақсара түскен тыныс-тіршіліктері айғақтайды. Көптеген нұралықтар жаңа әрі тұрмысқа қолайлы үйлерге қоныс­тан­ды. Жыл басынан бері 4200 шаршы метр тұрғын үй пайдалауға берілсе, еліміздің торқалы тойы аталар күн алдында аудан орталығында бірнеше жас отбасы жеке отауға ие болады. Биыл бірқатар елді мекендерге таза су жеткізіліп, осы мәселе толық шешілетін күн алыс емес. Бұл күнде Тассуат, Көбетей, Заречный ауылдары ауыз су машақатынан біржола арыл­ды. Келесі кезек Кертіңді, Баршын, Кәрім Мың­баев атындағы ауылдарына келгелі тұр. Мерекелі жылдың үлкен бір сыйы Киевка –Астана және Нұра өзені бойындағы Киевка – Қарағанды бағытындағы республикалық маңызы бар күре жолдардың айнадай жарқыраған қалыпқа айналуы болды. Жараспай ауылына да жаңа жол төселіп, осы жақ жолаушыларының жүріп-тұруы жеңілдеді. Өңірдегі өрелі өзгерістер қай жерінен де айқын аңғарылады. Мәселен, алыстағы Изенді ауы­лының бүгінгі көркін бұдан он жылғы кескін-кейпімен еш салыстыруға болмайды. Аудандағы, қала берді, аймақтағы ең әсем, тұрмыс мәде­ние­ті жоғары ауылға айналған мұндағы спорт кешені, мәдениет үйі, мешіт, мектеп, интернат, тойхана, қымызхана, наубайхана, пошта мен байла­ныс бөлімшесі сәнді ғимараттары, балалар ой­най­­тын алаңқай көз тартады. Бұлардың біразы жергілікті тұрғындардың еңбек ортасы – «От­қан­­жар» ЖШС көмек-демеуімен салынған. «Шах­­тер», «Шербаков» селолары да өскелең өмір та­лап-талғамдарына сай барлық жағдай жасалған көрікті мекендер. Ал аудан орталығы – Киевка ажары осы жаз одан сайын ашыла түсті. Жаңадан салынған ба­ла­бақша, өлкетану мұражайы, кітапхана, жөн­де­ліп, құлпырған мәдениет үйі ішкі де, сыртқы да жайнаған бейнесімен баурайды. Осындағы орталық көшелердің біріне гүл егіліп, жасыл желектер отырғызылып, субұрқақтар орнатылып, үлкен-кіші сүйсіне демалатын, сейілдейтін орынға айналдырылды. Экономиканың барлық саласының, шағын жә­не орта бизнестің дамуы, аудандық бюджеттің жылдан-жылға молыға түсуі нұралықтар өмірін нұрландыруда. Қарағанды облысы. _________________ Дайындаған «Егемен Қазақстан» газеті­нің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі Айқын НЕСІПБАЙ.