Қазақстан • 14 Ақпан, 2018

Астанада «Шығыс қайта өрлеуінің заманауи трендтері» атты ғылыми конференция өтті

270 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астанада «Шығыс қайта өрлеуінің заманауи трендтері» атты Орталық Азия, Оңтүстік Азия және Таяу Шығысты зерттеу бойынша алғашқы үш аймақтық ғылыми конференция өтті.

Астанада «Шығыс қайта өрлеуінің заманауи трендтері» атты ғылыми конференция өтті

Конференцияның ашылу салтанатына Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов,  бірқатар мемлекеттің  дипломатиялық миссия өкілдері, халықаралық сарапшылар мен белгілі ғалымдар қатысты.

Кіріспе сөз сөйлеген университет ректоры Е.Сыдықов іс-шараның маңыздылығына тоқтала келе үш аймақты байланыстыру жөніндегі бағыттарға тоқталды.

«Осы айтылған аймақтардағы саяси және экономикалық мәселелер мен оларды шешу жолдарды талқылаудың маңызы зор. Бүгінгі конференцияға әлемдік деңгейдегі ғалымдар мен сарапшылар, халықаралық қатынастар саласының мамандары жиналған», деді Е.Сыдықов.

Университет ректоры бұдан әрі Орталық Азия, Оңтүстік Азия және Таяу Шығысты стратегиялық тұрғыда зерттеу орталығының ашылғанына атап өтті. Оның айтуынша, мұндай орталық аймақтағы түйткілді мәселелерді дер кезінде анықтап, оңтайлы шешімін табуға көмектеседі. Бұдан кейін білім ордасының басшысы конференция барысында талқыланатын тақырыптарды таныстырды.

Жиында баяндама жасаған Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев осындай кең көлемдегі конференция туындаған түйткілдердің шешімін табуға мүмкіндік беретінін сөз етті. Ведомство басшысы Қазақстанның ұстанған саясаты мен бастамалары әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап көрсетті.

Сонымен қатар кейінгі он жыл көлемінде Азия елдерінің жаһандағы ықпалы мен рөлінің артқанына тоқталды. Оған Қазақстанның жақында ғана аяқталған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы міндетін атқаруы дәлел бола алады. Министрдің айтуынша, заман талабына сай қазақстандық дипломатияның ерекшеліктеріне үңілу үшін бірінші кезекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси феноменіне назар аудару қажет.  

«Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президентінің сыртқы саясаттағы бұлжымас ерекшеліктерінің бірі ретінде көпвекторлық саясатты, стратегиялық көрегенділікті, бітімгерлікті, аймақтық кооперация мен ең маңызды шешімдерді дер кезінде қабылдауы сияқты қырларын атауға болады», деді министр.   

Бұдан кейін мінберге көтерілген ЕҚЫҰ бағдарламаларының Астанадағы кеңсесі басшысының орынбасары Диана Дигол құттықтау сөз сөйледі. Оның айтуынша, конференцияның тақырыбы мәдени мұраны еншісіне алған аймақты, геосаяси жағдайдың орталығын қамтиды. Д.Дигол осындай жиынның өтуі өңірдің дамуына ерекше үлес қосып, білім саласының өркендеуіне жол ашатынына сенім білдірді.

Іс-шарада Иран, Пәкістан, Палестина, Үндістан мемлекеттерінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшілері, Ирактың еліміздегі сенімді өкілі баяндама жасады. Дипломаттар әлемдік дағдарысты шешудегі еліміздің рөлін жоғары бағалады. Сирия жөніндегі Астана процесінің, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануы мен төрағалық міндетін атқаруының өңірдегі әріптестік пен ықпалдастықты арттыруға тигізер пайдасы мен әлемдік қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтудағы маңызын ерекше атап көрсетті. Жиын барысында Қазақстанның өз еркімен ядролық қару арсеналынан бас тартқаны аталып өтті. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаевтың көшбасшылық қабілеті жоғары бағаланды.

Конференцияға АҚШ, Ресей, Үндістан, Пәкістан, Қазақстан, Өзбекстан және тағы да басқа мемлекеттерден аймақтағы өңірлік зерттеумен айналысатын алпыстан астам зерттеушілер мен профессорлар қатысты. Олардың қатарында Григорий Глиссон (АҚШ), Ирфан Шахзад (Пәкістан), Рамакрушна Прадхан (Үндістан) секілді ғалымдар бар.

Жиында аймақтық өзара іс-қимыл, мемлекеттердің сыртқы саясаты, қауіпсіздігі, экономикасы мен мәдениеті салаларындағы өзекті мәселелер талқыланды. Кітап көрмесі ұйымдастырылып, ирандық миниатюралар көрсетілді. Пленарлық отырыстар жаһандық дәуірдегі Орталық Азия, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыстың рөлі, жаңа Жібек жолының келешегіне арналды.

Айта кету керек, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Орталық Азия, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс стратегиялық зерттеулер орталығы» құрылған болатын. Жаңа орталық ғалымдар мен студенттер арасындағы академиялық әріптестіктің көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік беріп, аймақтағы қауіпсіздік, саяси және экономикалық жағдайды толық түсінуге жол ашады.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің деканы Ақбота Жолдасбекованың айтуынша, мұндай кең көлемдегі конференцияны өткізу жөніндегі бастама үш жыл бұрын көтерілген екен. Содан бері тыңғылықты дайындық жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда Халықаралық қатынастар факультетінде шетелдік бірнеше ғалымдар дәріс оқиды. А.Жолдасбекова университет жанынан құрылған «Орталық Азия, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс стратегиялық зерттеулер орталығы» студенттерді сарапшылыққа баулитынын айтады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»