Шараға Инвестициялар және даму бірініші вице-министрі Роман Скляр, Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев және Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов қатысып, Министрліктің 2017 жылға арналған жұмысының нәтижелері туралы, Министрліктің 2018 жылға жоспарлары туралы баяндады.
Журналистердің сұрағына жауап берген Қайырбек Өскенбаев Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы қосылғанын тілге тиек етіп, Үкіметке дайындалып жатқан ұсынысқа да тоқталып өтті.
«Былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы іске қосқанда ипотеканың пайызы 10 пайыздан аспау керек дедік. Одан асатын болса, үкімет өз тарапынан оны субъсидиялау механизімін іске асырды. Қазіргі уақытта ол жұмыс жақсы жүріп келе жатыр. Ипотеканың саны көбеюде. Соны екі жолмен арзандатамыз деп отырмыз. Бұрын жай банктер берген ипотека шамамен 80 пайыздай болса, 20 пайызын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі құрайтын. Ал былтыр Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ипотекасы 76 пайызға дейін жетті. Қалған банктер 24 пайызын құрап отыр. Осы жолда екі мақсатты көздеп отырмыз. Қалған банктердің осы жұмысқа ақшаларын жұмсау қандай тетіктері бар екенін соны алып, ипотеканың бағасын түсірілсе деп. Ондай ұсынысты біз дайындап отырмыз. 10 пайыздан да арзан болса екен деп. Егер Үкімет қолдаса оны жақын арада еститін боласыздар. Екінішден, жаңағы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің механизімін дамытып отырмыз. Олардың пайызы өздеріңіз білесіздер 5 пайыздан бастап, 9,5 пайызға дейін», деді Қ.Өскенбаев.
Сонымен қатар ол Ипотекалық үй алуға арналған міндетті алғашқы жарна 30 пайыздан төмендемейтінін жеткізді.
«Себебі оны азайтатын болсақ, айлық төлейтін төлем өсіп кетеді. Мысалы, 30 пайызды алдын-ала төлеп қойсаңыз, онда ай сайын 50 мыңнан төлеп отырасыз. Егер 15 пайызға дейін түсіретін болсақ, айлық төлейтініңіз 75 мыңға өсіп кетеді. «Нұрлы жер» бағдарламасының жүзеге асуымен өңірлердегі құрылыстар да жақсы жүріп жатыр. Тек қана үй емес, кіші аудандарда бой көтеріп, бір жылдың ішінде 25-30 үйден тұрғызылуда», деді ол.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»