Аймақтар • 14 Ақпан, 2018

Ауған соғысына қатысқан атыраулықтардың есімдері кітапқа енгізілді

3105 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ауған соғысына қатысқан атыраулықтардың есімдері кітапқа енгізілді. Өткен жылы 546 жауынгердің өмірбаяны мен естеліктері жазылған жинақ жарық көрген болатын. 

Ауған соғысына қатысқан атыраулықтардың есімдері кітапқа енгізілді

Атырау  мұнай және газ университетінің доценті Айгүл Ермекованың бастамасын Жылыой ауданындағы әріптестері де қолдап, «Алыста қалған Ауғанстан» атты жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізді.

15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылған күні.  Жыл сайын осы мезгілде облыста түрлі шаралар ұйымдастырылады. Жылыой аудандық мәдениет үйінде өткен кешке Маңғыстау облысы Бейнеу ауданынан Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Сәндібек Үсенов, ардагерлер Бисенбай Демеуов, Нұрберген Жаңбырбаев, Мақат аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының төрағасы Қалыбек Тәжібаев, ардагер Кенжебай Тағабергенов, Қызылқоға аудандық ардагерлер қоғамының төрағасы Нұрман Мәжековтер арнайы келіп қатысты.

Атырау облысынан Ауғанстанға аттанған 13 жауынгер қаза тапты, бір жауынгер жоғалып кеткендер тізімінде тұр. Олардың тағдырларын өрнекті сөзбен өріп шыққан кітаптың авторы - ҚР Мәдениет қайраткері, ақын, журналист Сәулеш Шәтенова.  «Осы кітапты жазбағанда, Ауған соғысы дегенге мүлде мән бермей жүре берер ме едім? Қанды шайқастың барша қасіретін, қиындығын жан жүрегіммен сезіндім,-дейді ол,- соғыста опат болған жылыойлық жауынгерлер Болат пен Ерболаттың тағдыры, олардың аналарының қайғысы көзіме жас үйірді.

Небәрі жиырмаға да жетпей қыршын кеткен жастардың жөнді өмірбаяндары да жоқ еді, сондықтан олар туралы мәліметтер де аз болды. Ауғандық жауынгерлердің ерлігін патриоттық тәрбиенің негізі етіп, мектептердің оқу бағдарламаларына енгізуді ұсынамын. Кітаптың жарық көруіне аудандық Ауған соғысы қоғамының төрағасы Досан Әділов зор еңбек сіңірді».

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».