Парламент сайлауында Христиан социалистік одағы мен Христиан демократиялық одағы блогы 32,9 пайыз, Германияның социал-демократиялық партиясы 20,5 пайыз дауыс алған еді. Ангела Меркельдің блогы көп дауыс жинағанымен, ол көрсеткіш ел үкіметін құруға жеткіліксіз болғандықтан, канцлер алдымен сайлауда 10,7 пайыз дауыс алған Еркін демократиялық партиясымен және сайлаушылардың 8,9 дауысына ие болған «Жасылдар» партиясымен коалиция құруға әрекет жасап көрді. Бірақ екі партия да олармен «бірігуден» бас тартты. Алған бетінен қайтуы қиын әрі бір тыным таппайтын Меркель енді кезекті рет «үлкен коалиция» құру мақсатында Мартин Шульц жетекшілік ететін Германия социал-демократиялық партиясына өтінішпен шықты.
Екі іргелі ұйымды біріктірген А.Меркельдің саяси блогы аталған партиялармен және Германия социал-демократиялық партиясы арасындағы келіссөздердің ұзаққа созылғаны соншалық, ол төрт айдан астам уақытты қамтыды. Осы аралықта тараптар келіссөздің бірнеше раундын өткізді. Ал Германия социал-демократиялық партиясымен өзара мәмілеге келген соңғы келіссөз 26 қаңтар күні басталған еді. Әсіресе олар босқындар, денсаулық сақтау саясаты, сондай-ақ еңбек рыногы мәселелеріне байланысты әрең дегенде келісімге келді. Өйткені социал-демократтар өздерінің съезінде келіссөзге қатысушы делегация мүшелеріне осы үш мәселе бойынша А.Меркельді «көндіруді» тапсырған болатын. Мысалы, жұмысшы мен жұмыс беруші арасында тұрақты еңбек шартын жасау жайын алайық. Социал-демократтардың пікірінше, уақытша еңбек шарты азаматтардың ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтады әрі адамдарды кемсітушілік болып саналады.
Канцлер социал-демократтардың осы үш талабымен және басқа да бірқатар ұсыныстарымен келісуге мәжбүр болды. Келіспеген жағдайда А.Меркельдің алдында екі түрлі таңдау бар еді. Оның біріншісі – ГФР тарихында тұңғыш рет азшылық жағдайында үкімет құру, екіншісі – қайтадан Бундестаг сайлауын өткізу. Бұл екі нұсқа да Меркельді қанағаттандырмады. Сарапшылардың пікірі бойынша, егер ол қайтадан сайлау өтуіне «тәуекел» етсе, оның саяси блогы Бундестагтан соңғы сайлауда қол жеткізген көрсеткішіне де жете алмаған болар еді. Себебі канцлердің рейтингі Еуропада миграциялық дағдарыс басталғаннан бері едәуір төмендеп кеткен.
Сұрау салу нәтижесі көрсеткендей, Германия тұрғындарының 40 пайызы ел босқындарды шақтап қабылдағаны жөн деген пікірде. Рас Еуропада белең алған миграциялық дағдарыс Германияның экономикасына айтарлықтай салмақ түсірді. Дегенмен А.Меркель басшылық жасайтын үкімет қанша қиын болса да, мүмкіндігіне қарай тасқын судай ағылған босқындарды баспанамен, азық-түлікпен қамтамасыз ете білді. Ресми мәліметтерге қарағанда, 2016 жылы осы елде 800 мыңға жуық босқын тіркелген. Ал өткен жылы Еуроодақ елдеріне бір миллионнан астам босқын келіпті. Босқындардың анау-мынау емес, экономикасы дамыған, халқы ауқатты тұратын мемлекетке қарай ауатыны шындық.
Үкіметті құру келіссөздеріне қатысушылар коалициялық шартқа байланысты Германияның болашақ үкіметінің министрліктерін бөлу мәселесін де қарастырып, уағдаластыққа қол жеткізді. Алғашында елдің сыртқы істер министрлігін Германия социал-демократиялық партиясының көшбасшысы Мартин Шульц басқарады, соған байланысты ол партия төрағалығын өзге әріптесіне тапсырады деген ақпарат тараған еді. Соңғы деректерге қарағанда, М. Шульц партия жетекшілігінде қала беретін сияқты. Сыртқы істер министрі лауазымын оның партияласының бірі атқаратын болады. Қаржы министрлігінің тізгінін Гамбург қаласының бургомистрі Олаф Шольц ұстауы мүмкін. Сондай-ақ Христиан социалистік одағына ішкі істер министрлігіне және экономикалық даму министрлігіне басшылық жасау бұйырмақ. Ал экономика, қорғаныс, білім, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау министрліктеріне Христиан демократиялық одағының өкілдері жетекшілік етеді.
«Біздің екі мақсатымыз болды, – деді Германияның федералды канцлері А.Меркель журналистерге берген сұхбатында. – Біріншісі – үкіметті құрып, оны тұрақты ету. Екіншісі – келіссөздер кезінде еліміздің игілігіне баса мән беру. Менің ойымша, біздің бірігіп қабылдаған шешіміміз барлық тараптың көңілінен шықты. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетті болып қалуы үшін және халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту үшін аса қажет».
Германия тарихында ең ұзаққа созылған келіссөздердің қорытындысында тараптар коалициялық уағдаластыққа келді. Енді осыған қатысты құжатты Германия социал-демократиялық партиясының өкілдері мақұлдауы тиіс. Ол 463 адамнан тұрады, дауыс беру жазбаша түрде өтеді. Мақұлдағаннан кейін ғана елді басқару коалициясы құрылады. Ал құрылған жағдайда Ангела Меркель осымен қатарынан төртінші мерзімге сайланған канцлер ретінде тарихта қалады.