Қазақстан • 15 Ақпан, 2018

Қадағалау – қауіпсіздік кепілі

357 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кеше Спикер Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Мәжілістің жалпы отырысы өтті. Жиын аясында екі мәселе – кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған заң жобасы мен Қазақстан мен Беларусь елі арасындағы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылау күн тәртібіне шығарылып, мақұлданды.

Қадағалау – қауіпсіздік кепілі

Жиынды ашқан Мәжіліс Төр­ағасы Нұрлан Нығматулин пала­та депутаты Мұхтар Ерманды Мәжі­лістің Халықаралық істер, қор­ғаныс және қауіпсіздік коми­те­тінің төрағасы лауазымына сайлауды ұсынды. Сонымен қатар Ор­талық сайлау комиссиясының қаулысымен партиялық тізім бо­йынша, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Дархан Мыңбай Мәжіліс депутаты ретінде тіркеліп, Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің құрамына сайланды.

Содан кейін Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлей­менов­тің таныстыруымен «Қазақ­стан Рес­публикасының кейбір заң­намалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мә­селелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды.

Заң жобасы Мемлекет басшы­сының өткен жылғы «Қазақ­стан­ның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жол­дауын іске асыру мақсатында әзірленген. Сонымен қатар құжат ая­сын­да мемлекеттік бақылау-қада­ғалау қызметін реформалауға, оның ішінде қайталануына және тиім­ділігінің болмауына байла­нысты 132 бақылау мен қадағалау тү­рінің 28-ін қысқарту көзделеді. Сол сияқты мемлекеттік органдар­дың 544 бақылау функция­сын­ың мемлекетке және тұтыну­шы­ға қауіпсіздік қатерінің тәуекел­дерімен байланысты емес 137 түрін алып тастай отырып, тексерулер жүргізу мерзімдерін қысқарту ұсы­нылады. Министрдің айтуынша, қолданыстағы «анықтау және жазалау» саясатының орнына «құқық бұзушылықтың профилактикасы мен алдын алу» саясатына көше отырып, тексерушілердің ой әрекеті, мінез-құлқын түбегейлі өзгерту мақ­сатында профилактикалық бақылау енгізілмек көрінеді. Алай­да аталған бағытта қолға алынады деп жоспарланып жатқан ауқым­ды жаңашылдықтар халық қалау­лы­ларының біршама алаңдау­шылығын тудырды. Айталық бақы­лау мен қадағалау қызметіне қатыс­ты енгізіледі деген өзгеріс азамат­тардың қауіпсіздігін қаншалық­ты қам­тамасыз ете алады деген мә­се­лені Мәжіліс Төрағасы баянда­ма­шы­ның алдына кесе көлденең тартты.

«Бүгін біз Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингінде Қазақ­станның іскер­лік климатын жә­не позициясын жақсарту мақсатын­да кейбір мүд­делі мемлекеттік органдардан ба­қылау тетігін алып тастасақ, азамат­тардың қауіп­сіз­дігі қаншалықты тиісті деңгей­де қамтамасыз етіледі. Әсіресе қоғам мүшелері үшін өмірлік ма­ңызы жоғары қажеттіліктерін өтеу жолындағы кейбір қадағалау­ларды алмас бұрын, жүйелі түрде сараптамалық талдау керек. Өйт­кені бізге рейтингтік көрсет­кіш­терден азаматтар мен мемле­кетіміздің қауіпсіздігі жоғары тұруы тиіс», деді Н.Нығматулин.

Сондай-ақ Мәжіліс Спикері осы орайда ең алдымен энергетика мен мұнай-газ, кен өндіру және су шаруашылығы салаларындағы нысандарды тұрғызып, пайдалануда асқан мұқияттылық қажет екендігін алға тартты. «Мәселен, су ша­руа­шылығына қатысты нысандарды есепке алу мен мониторинг жүргізуді Су кодексінен алып тас­тау жөніндегі енгізілетін ұсыныс көптеген сұрақтар туындатады. Егер біз құжатты осы қалпында қа­был­дасақ, шиеленіскен мәселе­лерге тап боламыз. Ондай жағ­дайда «Қазгидромет» РМК орта­лық­тары суды пайдалануға қатыс­ты толық ақпаратқа иелік ете ал­май қалады. Ал ол өз кезе­гінде төтенше жағдайлар қыз­меті бол­жамының шынайы әрі нақ­тылық құндылығына кері әсерін тигі­зетіні сөзсіз», деді Н.Нығ­матулин.

Жалпы, 112 заңнамалық акті, 13 кодекс пен 100 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасына қатысты қосымша баяндама жасаған Мәжілістегі Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Сәкен Өтебаев жұмыс тобының назарына 892 түзету келіп түскендігін атап өтті. Сондай-ақ ол заң жобасы монополис­тер мен квазимемлекеттік сектор субъек­тілерінің заңды және жеке тұлға­ларға көрсететін міндетті қызмет­терін регламенттеуге, реттеушілік әсерді талдау институтын жетіл­діруге, бизнеске әкімшілік жүкте­мені азайту мақсатында ақпараттық құралдарды реттеуді жетілдіруге бағытталатындығын баса айтты.

Осы күнгі отырыс аясында депутаттар Қаржы министрі Ба­­қыт Сұлтановтың таныс­ты­руы­мен «Қазақстан Республи­ка­сының Үкіметі мен Беларусь Рес­публи­касының Үкіметі ара­сындағы 1997 жылғы 11 сәуірдегі Табыс пен мүлiкке қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы Қазақстан Рес­пуб­ликасының Үкi­метi мен Беларусь Респуб­ли­ка­сының Үкiметi ара­сындағы келі­сімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын бірауыздан мақұлдады.

Баяндамашының түсін­ді­­­руін­ше, хаттамада салықтық жал­та­руға қарсы шаралар, оның ішінде салық салу мәселелері бо­йын­ша ақпарат алмасу арқылы екі мем­лекеттің салық қызметтерінің ынты­мақтастығын кеңейту жолы көзде­леді. «Ратификациялау үшін ұсы­нылып отырған Хат­тама ре­зи­дент­тікті растайтын құжаттар­ды та­ну рәсімін жеңіл­детуге мүм­кін­дік береді. Келісім салық қызмет­теріне қолтаң­басы мен мөрін заң­дас­тырмай рези­дент­тікті растайтын түп­нұсқадағы құжат­­тарды қабыл­дауға мүм­кін­дік бере­тін ережемен толық­тырылды», деді Б.Сұлтанов.

Ал бұл мәселеге қатысты қо­сымша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ша­кир Хахазов құжаттағы кей­бір термин сөздерге тоқталды. «Ай­талық, «Тұрақты мекеме» деген терминге басқа тұлға үшін барлау­ды жүзеге асыру кезінде бірінші күннен бастап табиғи ресурстарды барлаудан түсетін кіріске салық салуға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізілді. Сол сияқты келісім арқылы қызмет көрсету кезінде қызметкерлер іс жүзінде келгеннен кейін 183 күннен соң тұрақты мекеме құруды көздейтін жаңа ережемен толықтырылды», деді ол.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»