Алқалы жиында Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өткен жылғы жұмыстың нәтижелерімен бөлісті. Бұл ретте министр индустрияландыру бағдарламасын іске асырудың арқасында 2017 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 5,1 пайызға өскенін атап өтті.
«Негізінен өндіріс көлемінің өсімі металлургия, азық-түлік өндірісі, мұнай өңдеу, химия өнеркәсібі, фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі есебінен артып отыр. 2017 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 10,3 пайызға өсті. Ал 11 айында өңделген өнім экспорты 22,1 пайызға артып, 14 млрд АҚШ долларын құрады», деді Ж.Қасымбек. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынған инвестиция 4,7 пайызға өскенін тілге тиек етті.
2017 жылы Индустрияландыру картасы аясында 1,5 трлн теңгенің 120 жобасы іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылған. Биыл жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын 150-ден астам жобаны іске қосып, 15 мың жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2018 жылғы Жолдауда жүктелген тапсырмаларға сәйкес, инновация және өнеркәсіпті цифрландыру бойынша жаңа жаһандық технологиялық үрдістерді ескере отырып, жыл аяғына дейін «цифрлы дәуір» өнеркәсібінің қалыптасуына бағытталған Индустрияландырудың үшінші бесжылдығы тұжырымдамасы әзірленбек.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл инвестиция тарту жұмысы күшейтілетін болады. Жалпы, индустрияландыру жылдарында (8 жыл) өңдеу секторына 28 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды. 2017 жылдың 9 айында өңдеу өнеркәсібінің тікелей шетелдік инвестициядағы үлесі 24 пайызға дейін өсті», деді Ж.Қасымбек. Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстан ірі экспорттаушы елдер арасында 53-ші орынды иеленеді. Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің өнімі 122 елге экспортталады.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 602 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдары жаңғыртылған. 2018 жылы республикалық маңызы бар 528 шақырым автожолды реконструкциялау жоспарланып отыр. Жиында «Нұрлы жол» бағдарламасының нәтижелері туралы Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Роман Скляр баяндады. Оның айтуынша, биыл 23 жобаны іске асыру жалғасады және республикалық маңызы бар 4,2 мың шақырым автожол реконструкцияланады. Реконструкциядан өткен 528 шақырым автожол қозғалысын ашу жоспарланып отыр.
«Республикалық автожолдардың техникалық жағдайын қамтамасыз ету үшін биыл 179 км жол учаскесін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Оның 104 шақырымы және 32 көпір (өтпе жолдар, жерүсті жүргінші жолдары және құбырлар) пайдалануға берілмек. Бұған қоса, орташа жөндеу 1,544 шақырым жолды қамтитын болады, оның ішінде 644 шақырым жол салқын ресайклингтеу технологиясын қолдану арқылы жөнделеді», деп атап өтті Р.Скляр.
Биыл жол саласындағы бірінші концессиялық жоба – Алматының үлкен айналма автомобиль жолының құрылысы басталады. Қазіргі уақытта «Алсим Аларко-Макийол-СК-Корея Экспресс Вэй» консорциумымен келісімшартқа қол қойылды. Құрылыс жұмыстарын бірінші жартыжылдықта бастау жоспарланып отыр. Жылдың екінші тоқсанында Астана – Теміртау (132 шақырым), Алматы – Қапшағай (42 км) және Алматы – Қорғас (295 км) учаскелерінде жалпы ұзақтығы 469 км болатын автожол учаскелерінде ақы алу жүйесін сынақтан өткізу көзделуде.
«Бұдан бөлек, 5,5 мың км, соның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізі бойынша мемлекет-жекеменшік әріптестігі тетігі арқылы инвестор есебінен жоспарланып отырған ақы алу жүйесін орнату үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде», деді бірінші вице министр. Сондай-ақ ол Елбасының Жолдауын жүзеге асыру аясында жергілікті желідегі жолдарды жөндеу мен қайта құруды қаржыландыруды ұлғайту жөнінде министрлік өңір әкімдіктерімен бірлесе отырып кешенді шаралар әзірлегенін, осы мақсатта биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден паритеттік негізде қосымша 60 млрд теңге бөлу жоспарланып отырғанын, бұл шараларға 4 мың шақырымнан астам жол жөнделетінін жеткізді. Осылайша 2025 жылға қарай жергілікті желінің 85 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жетпек.
Алқалы жиында «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруда да министрлік ауқымды жұмыс атқарып жатқаны айтылды. Мәселен, 2017 жылғы тұрғын үй құрылысы жалпы ауданының физикалық көлем индексі 106,2%-ды құраған. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 100,8 мыңнан астам отбасы баспаналы болған. Жиында бұл тақырыптағы әңгімені Инвестициялар және даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев жалғастырды. Оның айтуынша, құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 2016 жылмен салыстырғанда 3,7 пайызға өсіп, 440 млрд теңгеден астам соманы құраған.
Жиында сондай-ақ «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев темір жол тасымалының тыныс-тіршілігін баяндады. Отырысқа орталық мемлекеттік орган басшылары, Парламент депутаттары, Президент Әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің, «Бәйтерек» ҰБХ өкілдері, министрліктің Қоғамдық кеңес мүшелері, облыстардың және Астана мен Алматы қалалары әкімдерінің индустриялық-инновациялық мәселелер жөніндегі орынбасарлары, министрлікке бағынысты аумақтық бөлімшелер мен ұйымдардың басшылары қатысты.
Динара БІТІК,
«Егемен Қазақстан»