Бұл бастама Қазақстанды әлемнің дамыған отыз елінің қатарына қосуға және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бүгінде Ұлт жоспарының алпыс қадамы орындалып қойды, ал қалғаны ұзақ мерзімді, кезең-кезеңімен жүзеге асады. Сонымен қатар Қазақстанды үшінші жаңғырту, «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасы жүзеге асып, 2025 жылға дейін Республиканы дамыту стратегиясы әзірленді.
Қазақстанның табысы маңызды екені анық. Сондықтан елде төртінші өнеркәсіптік революцияның элементтерін кең көлемде енгізуге негізделген сапалы дамудың жаңа жолы қажет. Осы орайда бұған дейін қабылданған құжаттарға қосымша ретінде бірқатар мәселелерге назар аудару керек болады.
Біріншіден, Қазақстан Президентінің Жолдауы – мемлекеттің өмірлік іс әрекетіне қатысты бүкіл саланы қамтып, нақтылық пен орындалуы тұрғысынан ерекше түзілген. Екіншіден, өзінің күн тәртібінде тұрған және көкейкесті мәселелерді барынша қамтыған көлемі және маңыздылығы жөнінен таңғалдырады. Мәселен, ауыл шаруашылығын дамыту мәселесінде Президент аграрлық университеттердің рөлін арттыру, жаңа технологияларды трансферттеу мен оларды елдегі жағдайға бейімдеумен айналысатын аграрлық ғылымды дамыту мәселелеріне назар аударудың маңыздылығына тоқталады. «Қазақстанда жасалған» табиғи өнімдерінің брендін алға жетелеп, әлемде танымал етуге шақырады.
Үшіншіден, Н.Назарбаев алдағы 5 жылда агроөнеркәсіп кешенінің өндірісін ұлғайтып, ауыл шаруашылығы өнімдерін кемінде 2,5 есеге көбейтуге және таяу арада ақылды көліктік жүйе енгізуге тапсырма берді. Бұл қадам көлік жүйесінің ағынын реттеуге, даму инфрақұрылымын анықтауға мүмкіндік береді.
Қазақстан Президенті тың мәселелерді шешуге әрдайым шығармашылық тұрғысынан қарап, түйткілдердің бәрін ақылға салып қарауымен ерекшеленеді. Оның Жолдауында алға қойылған міндеттерде ақыл-ой сипаты жиі қолданылды. Мәселен, Жолдауда «Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек. Бұл тұрғындарға қолайлы жағдай жасап, электр энергиясын, жылу мен суды тұтынуды қысқартып, табиғи монополистерді тиімді жұмысқа ынталандырады» делінген. Меніңше, осы арқылы дамыған елдердің әлемдік элитасының өркениетті қоғамына енудің бірегей әрі баламасыз тәсілі көрсетілген.
Президент банктердің рөлі мен экономикалық жауапкершілігін түсіндіре келе, қоғам алдына маңызды мәселелер қояды: «Акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиіс. Ұлттық банк мұндай істерге немқұрайлы қарамау керек. Әйтпесе, мұндай мемлекеттік органның не керегі бар?» Осы арқылы Президент мемлекеттің болашағын ойлайтын көрегендігін көрсетеді.
Жолдауда жастармен жұмыс жүргізудің, Қазақстанның жас буынын тәрбиелеудің маңызы тағы да ерекше аталып өтіледі. Елге «Білім берудің жаңа сапасы», «мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар» қажет. Сонымен қатар «барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйе» құрудың да маңызы зор. Бұдан бөлек «бірегей ұлт» ретінде ұсынылған азаматтық қоғамның жаңа тезисі де қызықты әрі маңызды. Онда «кез келген этникалық топтың өкілі кез келген жұмысты таңдай алады, тіпті Президент болып сайлануға да мүмкіндігі» бар екені айтылады. Сондай-ақ қазақ тілі ғұмырлы болуы үшін «оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтау» қажеттігі де көрсетілген.
Президент 2018 жыл Астананың 20 жылдық мерейтойы екенін еске түсіре отырып, инвесторлардың мемлекетті емес, жұмыс істеуге және өмір сүруге қолайлы қаланы таңдайтынын, сондықтан Астананың тәжірибесін ескере отырып «Смарт Сити» стандартын енгізіп, Қазақстандағы қалалар арасындағы үздік үлгілермен алмасудың маңыздылығына тоқталады.
Жолдауда мұндай маңызды мәселелер көп кездеседі. Нұрсұлтан Назарбаевтың жарқын келешекке қадам басқан өз халқының экономикалық жағдайы мен көңіл-күйін дәл баса білуі қайран қалдырады. Біз, өзбекстандықтар, қайырымдылық үдерістері өзара әріптестікке, аймақтың мүддесіне жұмыс істеп жатқан көршіміз және бауырларымыз үшін ерекше қуанамыз.
Ало ХОДЖАЕВ,
философия ғылымдарының кандидаты, тәуелсіз журналист
Өзбекстан