Бейжіңде (ҚХР) Транскаспийлік халықаралық көлік маршрутын (ТХКМ) дамыту бойынша халықаралық конференция өтті. Онда Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асырудағы Шығыс-Батыс транскаспийлік сауда-транзиттік дәлізінің рөлі» тақырыбында сөз сөйледі.
Сондай-ақ конференцияда Әзербайжан, Грузия, Түркия және ҚХР өкілдері баяндама жасады.
Конференцияның мақсаты – Транскаспий дәлізінің перспективалары мен мүмкіндіктерін талқылау. Конференция барысында интеграцияланған аймақтық транзиттік-логистикалық инфрақұрылымның мәселелері сөз болды.
Бұл сұхбат алаңы еуразиялық континент елдерінің мүдделерін жақындатуға және достық қатынастарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ тасымал қызметін дамыту үшін өзара тиімді ынтымақтастықты қалыптастырудың оңтайлы жолдарын іздестіруге ықпал етеді.
«Егемен-ақпарат»