Әсілі, қала жағалаған елдің қатары көбейгеніне қарап, аймақтағы орталықтың қалыпты даму жолында екендігін бағамдауға болады. Деректер де осыны әйгілейді. Мысалға, 2017 жылдың қорытындысы бойынша Талдықорғандағы өнеркәсіп өндірісінің өнім көлемі 67 млрд теңгеден асып жығылған. Сөйтіп бұрнағы жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқан. Жыл ішінде 7 кәсіпорын іске қосылса, қалыпты жұмыс істеп тұрған 2 өнеркәсіп кеңейтіліп, жаңғыртылған екен.
«Талдықорған» арнайы индустриялық аймағының жұмысына да жан біте бастаған. Қазір мұнда 2 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Нәтижесінде 237 адамға тыңнан жұмыс табылып, еңбекпен қамтылған. Шаһарда өндіріспен қатар ауылшаруашылық өнімдерін дайындау да жолға қойылып келе жатыр. Былтырғы жылы 16 млрд теңгенің өнімі алынғаны осыны көрсетеді. Тағы бір атап өтерлігі, қалаға қарасты 71 шаруа қожалық «Агробизнес - 2020» бағдарламасы шеңберінде 5 кооперативке бірігіп, шаруасын дөңгелетіп отыр.
Жалпы, еліміздегі облыс орталықтарының барлығына тән үрдіс қаладағы шағын және орта бизнестің дұрыс жолға қойылуы болса керек. Талдықорғанда да бұл бағытта айтуға тұрарлық іс бар. Дәл осы шағын және орта бизнес саласында 2017 жылы 58,1 млрд теңгенің өнімі шығарылып, 352 жаңа жұмыс орыны құрылыпты. Ресми дерек көзі қалада 26 мың адамның жеке бизнеспен шұғылданып, 9861 нысанның тұрақты жұмыс істеп тұрғандығын айтады. Ал қаланың даму индексіндегі басымдыққа ие сала құрылыстың қызу жүріп жатқандығы болып тұр. Соңғы жылдар ішінде қала аумағында 2 жаңа шағын аудан салынып, тұрғын үйлер саны көбейді. Қазір қала билігі көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысын көбейтумен қатар коттеджді қалашық салуға білек сыбанып кірісіп кетті. Биылғы жылдың соңына дейін құны 2,4 млрд теңге болатын 202 пәтерлі 166 коттедждің құрылысын аяқтау мақсаты тұр. Ал бюджет қаражаты есебінен 520 пәтерлі 9 көп қабатты үй, жеке қаражат есебінен 195 пәтерлі 4 көп қабатты үй салып, пайдалануға беру жұмыстары өз алдына бөлек міндет. Мұның сыртында көшелерді жөндеп, аулаларды аббаттандыру сияқты жұмыстар да күн тәртібінде тұр. Дәл осы жерде жеке кәсіпкерлердің көмекке келіп жатқанын айту парыз. Талдықорғандық қалталылар биыл 100 ауланы жасақтап, жарқыратып бермекші екен.
Әрине, қалада әлеуметтік мәселе де аз емес. Мәселен, қаладағы қоғамдық көліктердің қызмет көрсетуіне қатысты жиі дау шығады. Тасымалдаушы компаниялар тарифті көтергенімен, қызмет сапасын жақсарта алмай отыр. Автобустардың техникалық талаптарға сай еместігі де жолаушылардың жүйкесін түткен жайт. Әсіресе, қала маңындағы саяжай тұрғындарының қоғамдық көлікке қатысты өкпесі қара қазандай. Осы елді мекендердің ауыз сумен толық қамтамасыз етілмеуі де қала басшылығының жұмысына сын болып отыр.
Қалада орталық жылу жүйесіне қосылмаған жеке тұрғын үйлердің саны көп. Қыс бойы қатты отын тұтынатын тұрғындар тал мен дарақ қоршаған жасыл қаланың «өкпесін» түтінмен ыстап шығады. Оның үстіне биыл саршұнақ аяз кәріне мінгенде, көмір тапшылғы болып, жұрт әбігерге түсіп қалды. Сүйінерлігі, облыс орталығына көгілдір отын жетті. Бір жыл бұрын басталған қаланы газдандыру жұмысы жалғасуда. Қазірге дейін табиғи газға 393 абонент қосылған. Тұрғын үйлерді толықтай газбен қамту аяқталғасын, қаланың экологиялық мәселесі де шешіледі деген үміт бар.
Айтпақшы, Талдықорғанның таяу болашақта «Smart sity» жобасы аясында жаңа сипатта дамуға толықтай мүмкіндігі бар. Еліміздегі цифрландыру бағдарламасының шеңберінде қаладағы бірқатар нысандардың жұмысын жандандырып, қызмет көрсетуді жаңа бағытта қолға алуға қадам жасалып жатыр. Қала қауіпсіздігін бейнеқұрылғылар арқылы қадағалау сәтімен жүзеге асты. Облыс орталығындағы бейсауыт жүрісті қалт жібермейтін 669 камера жұмыс істейді. Және аталған құрылығылардың барлығы ішкі істер органдарының басқару орталығана тікелей жалғанған, бұл тәртіп сақшыларының жедел дабыл беру мен жылдам әрекет ету мүмкіндігін еселеп арттырған. Еліміздегі ең алғашқы робот-полицей де осы Талдықорғанда жұмысын бастады. Жасанды интеллектіні дамытуға арналған алғашқы қадамның нәтижесі туралы «Егемен Қазақстанның» оқырмандарын бұған дейін құлағдар еткенбіз.
Діттеп келгенде, Талдықорғанның «Ақылды қалаға» айналуына толық негіз бар. Қазір жетісулық жас инженер Талғат Абылаев «Талдықорған Smart sity» жобасының тұжырымдамасын жасап жатыр. Ізденімпаз түлек бұған дейін қала тұрығындарының қажетін өтейтін цифрлы жоба – «Tinfo» мобильді қосымшасын дайындап, іске қосқан болатын.
Тағы бір жаңалық, жақында қала әкімі Бағдат Қарасаев тұрғындарға есеп беру кезінде Талдықорған маңындағы Мойнақ аулында күннен қуат алатын станса салынатынын айтып қалды. Биыл құрылысы басталатын күн батереялары стансасы электр қуатын өндіруге қол жеткізсе, қала тұрғындары тұтынатын энергия құны да едәуір төмендейтін болады. Демек, келер күннен үміт мол.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы