Облыста Азия кеңістігінде баламасы жоқ бірегей, үздік технологиялар қатары шоғырланған гематологиялық орталықтың жобалау жұмысы аяқталу үстінде. Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен алдағы таңда Семейде де алғашқы политравма және ортопедия орталығы ашылатын болды.
– Семейде медициналық жедел жәрдем ауруханасының негізінде ашылатын жаңа политравма және ортопедия орталығы республикалық травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу орталығының жетекші мамандарымен бірге ішкі протездеу және күрделі жарақаттарды емдеу үшін ең озық технологияларды енгізуге мүмкіндік береді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов, – Бұл жерде Семейдегі жедел медициналық жәрдем ауруханасының рөлі өте маңызды, себебі бұл аурухана Шығыс Қазақстан облысының 9 ауданына қызмет етеді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, медициналық жедел жәрдем ауруханасында қазіргі таңда мультимедиалық құралдармен жабдықталған ота жасау бөлімі, инсульт орталығы, науқастарды ерте қалпына келтіру залы қызмет етеді. Бұдан бөлек физиотерапия бөлімі, жаңа құралдармен жабдықталған екі бірдей гимнастика бөлмесі де бар. Мұнда сондай-ақ халықаралық стандарттарға сәйкес науқастардың өз сырқаттарын басқаруға үйрететін түрлі мектептер жұмыс жасайды. Ал аурухана мамандары жыл сайын шетелде біліктіліктерін көтеріп, арнайы курстардан өтеді. Бұл ретте аймақ басшысы арнайы облыстық бағдарламаның арқасында өңірдің денсаулық сақтау саласы толық жетілдіріліп, жаңарудан өтетінін айтады.
– Денсаулық сақтау саласын дамытудың негізгі элементтері медицина қызметкерлерін үнемі дайындау, әлемдік медициналық стандарттарды қатаң сақтау болып табылады. Келесі жылы облыстың барлық медициналық мекемелері орта деңгейдегі әлемдік жабдықтармен қамтылатын болады. Осылайша, бес жылдың ішінде өңір медицинасының бәсекеге қабілеттілігі бірнеше есе артатынына толық сенімдімін. Бұдан бөлек, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында дәстүрлі қазақ медицинасы орталығын ашамыз. Мен халық медицинасы жақсы дамыған Қытайда болып қайттым. Өткенді ұмытпауымыз керек. Бабалар мұрасын, олардың тәжірибелерін кеңінен қолдансақ, ұтарымыз көп болмақ, – деді Д.Ахметов.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
Семей