Қазақстан • 15 Ақпан, 2018

Қостанай облысында еліміздегі  алғашқы цифрлық технологиялар кабинеті ашылды

257 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жітіқара ауданы орталығындағы   №3 орта мектептің базасында цифрлық технологиялар кабинеті ашылды. Әзір  облыста да, тіпті елімізде баламасы  жоқ кабинет аудандағы Балалар мен мектеп оқушылары сарайының филиалы ретінде қызмет көрсететін болады.

Қостанай облысында еліміздегі  алғашқы цифрлық технологиялар кабинеті ашылды

«Кабинет «Рухани жаңғыру» мен Елбасының  Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы аясында ашылды. Балалар мен мектеп оқушылары сарайында заманауи балалар техникалық  паркі ашылуы тиіс. Сондықтан  кабинет те осы сарайдың филиалы болады» деді осы кабинеттің ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев.

Кабинетті цифрлық жабдықтармен жабдықтауға 8 миллион теңге қаржы жұмсалды. Оған «Атығай Голд Майнинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі демеушілік жасады. Кабинетте компьютер, интерактивтік тақта, 3D-принтер, 3D-сканер секілді мультимедиялық және робототехникалық құралдар, «Электроника» бағытындағы жабдықтар, «Ақылды үйді» жинауға және оның бағдарламасын жасауға арналған жиынтық,  3D-автомодельдеуге арналған  бағдарламалар мен конструкторлар қойылған.

Ұстаздар цифрлық технологиялар балалардың компьютерлік бағдарламаларды меңгеруіне, әсіресе ғылыми-зерттеу  және инженерлік-технологиялық жұмыстарға  мектеп оқушыларының  назарын, ынтасын аударуға таптырмайтын мүмкіндік беретінін айтты

2018 жылдың аяғына дейін  мұндай кабинет облыс аудандары мен қалаларының барлығында ашылады. 

 

  Нәзира Жәрімбет

«Егемен Қазақстан»

Қостанай