Өскемендегі Жаңа Согра кентінде орналасқан Мұхамет Шаяхметов атындағы екі тілде білім беретін орта мектепке қосалқы 300 орындық ғимараттың құрылысы басталды. «Қала жылдан жылға ұлғайып келеді. Жаңа Согра кентіндегі халық саны да көбеймесе кеміген жоқ. Оның жарқын көрінісі - бүгінгі №23 мектептің қосалқы құрылысы. Былтыр Өскеменде мемлекеттік тілде оқытатын мың орындық екі мектептің құрылысы басталды», - деді ғимараттың іргетасын қалау және капсула салу салтанатына қатысқан Өскемен қаласының әкімі Қуат Тұмабаев.
Жаңа нысанның құрылысына қажетті қаржы республикалық бюджеттен және «Өскемен ТМК» АҚ тарапынан қарастырылып отыр. «Жаңа корпустың салынуын ұзақ күттік. Себебі бұл мектеп әр кезде де білім саласында жетістіктерімен танылып келеді. Былтыр білім ұясы Ұлы Отан соғысының ардагері, осы мектептің бірінші директоры Мұхамет Шаяхметовтің есімін иеленді. Мектеп пен комбинат арасында өзара берік байланыс орнатылған. Құрылыстың басталуына ықпал жасаған, біздің өтініш-тілектерімізді ескерген облыс, қала басшылығына алғыс білдіреміз. Комбинат өз тарапынан 26 млн теңгені құрылысқа бөліп отыр», - деді «ӨТМК» АҚ президенті Әсем Мамытова.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН