Қазақстан • 15 Ақпан, 2018

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Түркия Республикасына жұмыс сапарымен барды

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік хатшы сапар аясында Түркия Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Хакан Чавушоғлының шақыруымен Қазақстан мен Түркия іскер әйелдерінің бизнес-форумына қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Түркия Республикасына жұмыс сапарымен барды

Оған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Түркия сауда палатасы мен тауар биржаларының одағы, мемлекеттік органдар және әйелдер кәсіпкерлік қоғамдастығының өкілдері қатысты.

Мемлекеттік хатшы құттықтау сөзінде Қазақстан Президентінің 25 жылдан астам тиімді ынтымақтастық орнатып келе жатқан бауырлас мемлекеттер арасындағы екіжақты қарым-қатынастың дамуына ерекше мән беретінін атап өтті.

Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының Индустрия 4.0 – жаңа әлемдегі табысты навигацияға бағытталған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауына назар аударды. Осы орайда кәсіпорындарды цифрландыруға бағытталған жаңа әдістер сынақтан өткізіледі. Бұл ретте әйелдердің кәсіпкерлік қоғамдастығы маңызды орынды иеленеді.

Мемлекеттік хатшы Қазақстанда әйелдердің мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясат жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінде әйелдердің 10,1 пайызы (43 адам) саяси мемлекеттік қызметші болып саналады. Парламенттегі 33 адам немесе депутаттардың жалпы санының 22 пайызы – әйелдер. Барлық шағын және орта бизнес субъектілерінің 43 пайызын әйелдер басқарып, жұмыс орындарының 31 пайызын (964 мың адамды) қамтамасыз етіп отыр. Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша, «әйелдердің экономикалық даму саласына қатысуы және мүмкіндіктері» көрсеткіші жөнінен Қазақстан 30-шы орында.

Гүлшара Әбдіқалықова биыл Қазақстан айрықша мерейтойды – Астананың 20 жылдығын атап өтетінін айтты. Астана – Тәуелсіздіктің символы, Нұрсұлтан Назарбаев идеясының іске асуы және барша қазақстандықтар еңбегінің жемісі.

Форумда кәсіпкер әйелдердің инновациялық бизнес-жобалары таныстырылып, қатысушылар озық тәжірибелерін ортаға салды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия әйелдерінің бизнес-қоғамдастығы арасында экономикалық және инвестициялық қарым-қатынасты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Бұдан бөлек, форум аясында Г.Әбдіқалықова Түркия Парламентінің спикері Исмаил Кахраманмен, Түркия Премьер-министрінің орынбасары Хакан Чавушоғлымен, Түркияның Отбасы істері және әлеуметтік саясат жөніндегі министрі Фатма Бетюль Сайян Каямен кездесу өткізді.

Кездесулер барысында Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының қазіргі жағдайы, сондай-ақ әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.