Футбол • 16 Ақпан, 2018

Станимир Стойлов: Ұсыныс түссе Қазақстан құрамасының бапкері болуға дайынмын

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Астана» - «Спортинг» арасындағы ойыннан кейін бас бапкерлердің баспасөз мәслихаты өтті.

Станимир Стойлов: Ұсыныс түссе Қазақстан құрамасының бапкері болуға дайынмын

- Өкінішке орай, біз жеңілуге болмайтын матчта бәрін құртып алдық. Басын жақсы бастап едік, екінші таймда мүлде ойынды қолдан шығарып алдық. Жылдам соғылған екі гол біздің команданы істен шығарып тастады. Енді, екінші ойында бірдеңеге әрекет қылу мүмкін болмай қалды. Еуропалық футболдың бір ерекшелігі осы, сәл қателік жасасаң ешкім кешірмейді. Ойын бойы 4-5 қателік жасадық, соның үшеуі қақпамызға гол болып енді.  

- Екінші ойында қандай тактикалық өзгеріс бола ма?

- Бүгінгідей құраммен шығамыз, өзгертетін ештеңесі жоқ. Тек қателіксіз, сабырлы өнер көрсетуіміз керек. Бүгінгі матчта қорғаушыларымыз сасқалақтап кетті. Соның салдарынан бүкіл жасаған ойынымыздан айырылып қалдық. Оның үстіне біздің демеушіміз қаржыны дер кезінде бермеді. Береміз деген сыйақысын да бермеді. Ешкімнің де команданың одан әрі дамығанын қаламайтын секілді. Бұлай жалғаса беретін болса мен өзімнің болашағымды бұл командамен байланыстырмайтын да шығармын. Қарымта ойыннан кейін ойланып көремін.

- Ұлттық құраманың бас бапкерлігіне басты кандидат өзіңізсіз. «Астанадағы» қаржылық жағдайдың нашарлығынан кейін, жұмыс ауытыру туралы ойламайсыз ба?

- Демеушілеріміз барлық мәселені шешетін шығар деп ойладым. Алайда, олай болмады. Жалақыны үш ай бойы алмаған кездеріміз болды. Сыйақы туралы мүлде айтпай-ақ қояйын. Команданы осыншама уақыт дамытып келіп, бүр күнде құрта салу жаныма қатты батады. Одан кейін «Астананы» қайтадан нольден қайта көтеру қажет болады. Ал Ұлттық құрамаға келетін болсақ, бәлкім ол жақта да осындай шаруалар орын алатын болса, онда мен ойланбастан бас тартамын. Егер жақсы ұсыныс түсіп, бүкіл мәселені шешіп, жұмыс істеуге мүмкіндік берсе мен ойлануға дайынмын. Қазақстан құрамасының бас бапкері болуға қарсы емеспін.

Ермұхамед МӘУЛЕН