Қазақстан • 16 Ақпан, 2018

Астананың мерейтойы – барша қазақстандықтар абыройы

744 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Уақыт деген ұғымның қадірін Астанада көбірек ұғынасыз. Ел астанасының Алатаудың төрінен Сарыарқаның төсіне көшірілгені кеше сияқты еді... Енді міне, тәуелсіздігіміздің тірегі, Отанымыздың жүрегі – Астананың қазақтың кіндік қаласы болғанына да жиырма жылға жуықтапты. Биыл күллі Қазақстан елорданың жиырма жылдығын бар сән-салтанатымен атап өтпек. Осыған байланысты арнайы комиссия құрылып, Астананың 20 жылдығын мерекелеудің тұжырымдамасы бекітілді.

Астананың мерейтойы – барша қазақстандықтар абыройы

Астана – ұлтымыздың ұясы, ұлы мұраттарға ұмтылған еліміздің ерек символы. Астана – барша қазақстандықтың мақтанышы, жүрегінде аялап жүрер асылы. Себебі қазақ қазақ болғалы ешкімнің нұсқауымен емес, өзінің таңдауымен, жүрегінің қалауымен таңдаған тұңғыш Астанасы осы болатын.
Иә, елорда тым ерте есейді. Баяғы ертегі батырларындай сағат сайын өсті. Оның көз ілеспес даму динамикасы талайларды тамсандырды. Кешегі шағын шаһар қысқа мерзім ішінде адам танымастай өзгеріп, бүгінгідей еңсесі биік, экономикасы қуатты қалаға айналды.

Елбасы мен елорда егіз ұғым іспетті. Астананың өн бойында Нұрсұлтан Назарбаевтың ғасырлық қолтаңбасы, жасампаздыққа жетелеген жарқын жеңісі жатыр. Астананың әр адымы мен даму қарқыны, тіпті ұсақ-түйек жұмысына дейін Мемлекет басшысының назарынан тыс қалған емес.
Президенттің өзі аялы алақанына салып, жан жылуы мен жанашырлық сезіміне бөлеп өсірген бас шаһар енді міне, ержетіп, жігіттік жиырма жасқа жетті. Осы уақыттың ішінде бас шаһар бағындырған биіктер аз емес. Оның қаншалықты қарыштап дамығанын мына сандардан-ақ көруге болады: бүгінде Астана тұрғындарының саны 1 мил­лионнан асты. Бұл дегеніңіз жалпы респуб­лика халқының 5 пайызы елордада тұ­рады деген сөз. Ал кезінде – елорда­ның қадасы енді қағыла бастаған 1997 жылы мұнда небәрі 300 мың халық тұрған еді.

Соңғы 20 жыл ішінде қаланың ішкі жал­пы өнімі 190 есе көбейіп, 5 трлн тең­геге жетті. Өнеркәсіп саласы – 30 есеге, орта және шағын бизнес субъектілері өндірген өнім көлемі 4,3 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік бюджетке түсетін түсім 80 есеге өсіп, 1998 жылдағы 13 млрд теңгеден 2017 жылы 1 триллион теңгеге жетіп отыр. Мұның өзі Астана­ның экономикалық тұрғыдан өте тиім­ді жоба екенін аңғартқандай. Осылай­ша, бас қала өндірістік өсу қарқыны жа­ғынан Атырау облысынан кейінгі екінші орынға шығып отыр.

Жиырма жылдың ішінде ша­һар­­­дың құрылысына 1,6 трлн теңге салы­нып, 1 265 көп пәтерлі тұрғын үй тұр­­ғы­­­зыл­­­ған. Соңғы бес жыл ішін­де 9 мил­­­лионнан астам шаршы ме­тр тұрғын үй пай­далануға беріл­ген. Бұдан бөлек, өндіріс­тік, әлеуметтік-мәдени және қоғамдық ма­ңызы бар 1 172 ғимарат салынған. 

Иә, Астана қысқа уақыттың ішінде өсіп-өркендеді. Кезінде елор­даның бас жоспарын жаса­ғандар болашақ шаһарға лайықты барлық жағдайды ескергені­мен, 2030 жылға дейін елорда тұр­ғындары­ның саны 800 мыңға жете­ді деп болжа­ған екен. Бірақ Ас­тана бұл болжам­нан әлдеқайда асып түсіп, қазірдің өзінде халық 1 миллионның үстіне шықты. Елорданың осындай қарышты қадамы мен халқының көбеюіне байланысты Астанада тағы төр­тінші аудан құрылмақ. Жаңа аудан­­ды жергілікті билік өкілдері «Ба­й­қоңыр» деп атауды жөн көрген.

Ерке Есілдің қос қапталында бой көтерген әсем шаһарда ел сүйсінетін игі істер баршылық. Бейбітшілік қаласы атанған Астананың ендігі мақсаты – бас қаланың бет-бейнесін нағыз астаналық деңгейге жеткізу, сол арқылы әлемдегі ең үздік, ең ақылды мегаполистердің қата­рына қосылу. Осыған байла­нысты «Смарт Астана» тұжырым­дамасы бекі­тіліп, қала тіршілігін қамта­масыз ететін жүйелерді заманауи технологиялармен жабдықтау, тұрғындардың қауіпсіздігін, жайлы өмірін қамтамасыз ететін жобалар іске қосылуда. Бүгінде е-ПИК, мобильді қосымша, чат-боттар сын­ды жобалар қолданысқа ен­гізілді. Тек «Смарт Астана» мо­биль­ді қосымшасын­да қазірдің өзінде тұрғындарға көрсеті­летін 20 қыз­мет түрі бар. Биылдан бас­тап олардың қатарын 50-ге жеткізу жос­парланып отыр. Мұнда «109» қыз­метіне сұраным қалдыруға, басқарма бас­шыларының қабыл­дауына жазылу­ға, емханаларды таң­дауға, айыппұлды төлеуге, тіп­ті автотұрақтардың ақысын тө­­леу­ге болады. Жақында осы м­о­биль­­ді қосымшада қаланың көр­­нек­ті орындарымен таныстыра­тын «Аудиогид» функциясы іске қо­сыл­­ды. Тіпті отель жалдау, пә­тер, хос­т­ел­дерді іздестіруге де болады.

Жалпы, цифрландыру аясын­дағы «Смарт Астана» жүйесі негізгі екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Соның бірі «Қауіпсіз қала» болса, екіншісі – «Интел­лектуалдық көлік жүйесі». Бұл жоба­лардың мақсаты – жолда, қо­ғамдық орындарда бола­тын қылмыс деңгейін азайтып, тұр­ғын­дардың қауіпсіздігін барын­ша қорғау. Соның аясында былтыр республикада бірінші болып Астана мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында «Сергек» бейнебақылау жүйесін іске қосты. Қаланың 400 көше қиылысына, 300 учаскесіне, жалпы саны 13 мың бейнекамера орнатылды. Бұл камералар бүгінде жолдағы тәртіпті күзететін таптырмас тәсіл болып тұр. Астана қаласы әкімі баспасөз қызметінің тарат­қан мәліметтері бойынша, осы бейне­ка­мера­лардың көмегімен тек биылғы екі ай­дың көлемінде 18 қылмыс және 1 412 әкім­шілік құқық бұзушылық анықталыпты. 

«Цифрлы Қазақстан» мемле­кеттік бағдарламасы аясында өрісі кеңейіп, көрсетілетін қызметтері ұлғайып жат­қан «Смарт Астана» жобасындағы тағы бір жүйе – «Ақылды жарықтан­дыру». Осы жобаның арқасында қаланың жарығы 60 пайызға дейін үнем­деліп, эксплуатациялық шығын­дар 30 пайызға қысқармақ. 

Жоғарыда аталған жобалардың бәрі елорда тіршілігіне заманауи реңк беруді және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, тұрмыс жайлылығын арттыруды көздейді. Алдағы уақытта меди­цина, білім беру саласында да смарт жүйелер жетілдіріліп, жұрт­шы­лыққа қызмет ететін болады.

Әлбетте, Астана еліміздің бас қала­сы ретінде қай жағынан да өзгелерге үлгі-өнеге болуы тиіс. Әсіресе, биыл­ғы 20 жылдық мерейтой – елорданың ескі­сінен жаңа қадамы көбейетін ең жауап­кершілікті кезең. Біле-білгенге, Астананың 20 жылдығы – жалпыұлттық мереке. Бұл – күллі Қазақстанның қол жет­кізген табыстары Астана арқылы әспет­телетін ерекше күн. Есті жұрт тойға көңіл көтеру үшін ғана емес, өт­кенінен ой түйіп, барына қанағат етіп, болашағына бағдар жасау үшін бара­ды. Демек, Астана да жиырма жыл ішін­­де жеткен жетістіктерін саралап, келе­­шектегі мақсат-мұратын тағы бір нақтылап алатыны анық.

Бүгінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өкімімен «Ел жүрегі – Астана» – Астана қала­сы­ның 20 жыл­дығын мерекелеу тұжырымдамасы бекітілді. Тұжы­рымдамаға сәйкес елорданың 20 жылдық мерейтойын тойлаудың кезеңдері белгіленді. Өткен жылдың 10 желтоқсанынан бастап, биылғы 6 шілдеге дейін – негіз­гі кезең. Ал 2018 жылдың 6 шіл­десінен осы жыл­дың ая­ғы­на дейін мерекеден кейінгі кезең ретінде іс-шаралар легі жал­ғасын таппақ, яғни 2018 жыл мерейтойлық жыл болғаннан кейін жоспарланған іс-шаралар жыл бойы өткізілетін болады.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, 
«Егемен Қазақстан»