Осыдан төрт жыл бұрын «Нұр Отан» партиясы ауылдық жерде өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған «Біздің ауыл» атты жобаны жүзеге асыра бастаған болатын. «Отырар аудандық шаруалар одағын» көп жыл басқарған, ауыл шаруашылығының түрлі саласында 46 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан Бекбатыр Айменов партия қолға алған осы бір игі іске өз үлесін қосу мақсатында бірқатар жоба жасапты. Ауылдың жағдайы, экономикалық мүмкіндіктер жан-жақты ескеріліп-есептелген жобаны саяси ұйымға да, облыс әкімі мен тиісті мекемелерге де таныстырған. «Біздің ауыл» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша бизнес-жоспар жасаған Б.Айменов ең алдымен ұсақ шаруашылықтарды біріктіру басты мiндет деп есептейді. Біріктіру жолдарын да жан-жақты саралапты.
– Ауыл шаруашылығында инвесторлар жоқтың қасы. Неге? Кешегі жекешелендіру кезінде тым ұсақталып кеткен шаруашылыққа ғылым және техника жетістігін, қуатты техникаларды пайдалану мүмкін болмағандықтан ауыл қарқынды даму көшіне ілесе алмай отыр. Ғылым жетістігін, техникалық прогресті ауыл шаруашылығына өз дәрежесінде енгізе алмай отырмыз. Сондықтан да біріншіден, бірігуіміз керек. Қалай бірігеміз? Нені ескеруіміз керек? Оның жолдары қандай? Осы мәселе бойынша өз ұсыныстарымды жобамда дәлелімен келтірген болатынмын. Ол жөнінде қысқаша айтып өтейін. «Меншік» деген ұғым бар. Бірінші – жеке, екінші – ұжымдық, үшінші – мемлекеттік меншік. Біздің бірігуіміз ұжымдық меншікке негізделуі керек. Және де инвестордың менталитетін ескеріп, мемлекеттік, яғни, әкімшілік басқару мен бағынуды есепке алуымыз қажет. Сонымен бірге еліміздің заң талаптарынан шықпайтын Азаматтық кодекске сай құрылым жасауымыз керек. Сол бірігудің ішінде бізге тиімдісі – кооператив. Кооператив – алдымен шаруашылықтардың одағы, мұндай одаққа кірген шаруашылықтар бұрынғысынша ұсақ шаруашылық қалпында болады. Олар өз өндірісінің бір ғана бөлігін одақтық ұйымға біріктіреді. Ауылшаруашылық кооперативі өзінше еңбектенетін шаруа қожалығына қосымша болып саналады, оған қызмет етеді және сол қожалықсыз оның мағынасы болмайды. Біздің Азаматтық кодекс кооперативтің екі түрін нақтылаған коммерциялық өндірісті кооператив, коммерциялық емес тұтыну кооперативі. Осының бізге коммерциялығы керек. Өйткені бірігу дивидентке негізделеді, – дейді Бекбатыр қажы.
Ақсақал өзінің «Болашақ ауыл», «Өндірістік кооператив» жобаларында кооператив өнімін өткізу нарығы, бағаны анықтау, құрылымы мен жарғысында қамтылуы тиіс заңдылықтар жөнінде ұсыныстарын жан-жақты дәлел-дәйегімен жеткізіпті. Сондай-ақ қазіргі ауыл жағдайында кемшіліктерді жоюдың жолдарына тоқталған. Б.Айменовтің айтуынша, Отырар ауданындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің ауқымы кең. Яғни, кооператив немесе серіктестік әрбір мүшесіне отбасылық жағдайына сәйкес, 3 гектардан 5-6 гектарға дейін жер беруі керек. Бір адам бір гектар жерді толық игере алады. Дегенмен, Бекбатыр ақсақал келешек Отырар ауданы өз өсімімен бүкіл жерді игере алмайтынын, сондықтан көрші елдердегі қандастарымызды көшіріп әкелу қажет деп есептейді. Сондай-ақ ол субсидияға байланысты сыбайлас жемқорлық көбейгеніне алаңдаулы. Бұл орайда субсидияның орнына дотация беруді ұсынады.
– Енді «Болашақ ауыл» атты жобама қысқаша тоқталайын. Отырар ауданы негізінен екі өзеннің тоғысқан шұрайлы жерінде орналасқан. Арыс өзенінің Сырдарияға құйған сағасын қамтыған. Су мәселесі шешілген. Дегенмен, өзеннен су сорғы арқылы шығарылады. Бір сорғы бір секундта 500 литр су шығаруы керек болса, ескіргені 250 литрдей тартады. Ол 2-3 шақырым жерге барғанында 50-60 пайызы жерге сіңіп кетеді де, егістікке 150 литрдей ғана су жетеді. Яғни, бір тәулікте 10 800 литр су ғана егістікке барады. Оған 200 литр солярка жұмсалады. Жағармайы және басқа да қосалқы шығындарын есептегенде 26000 теңге жұмсалады. Сондықтан өте қымбатқа түседі. Осыны жерасты суы арқылы шешу жолдарын ұсынамын. Мұнда ешқандай шығын жоқ. Неге дерсіз? Өйткені жел, күн энергиясын пайдаланамыз. Отырар ауданында жылдың 365 күнінің 280-290 күнінде жел толастамайды. Арыстанды Қарабас атты атақты желдің өтіндеміз. Біздің негізгі мақсатымыз – осы жел энергиясын пайдалану. Сонымен бірге Отырар ауданының тағы бір ерекшелігі, күннің ашық кезі көп болады. Желдің әсерінен көп бұлт торламайды. Яғни, қосымша күн энергиясын да өндіреміз. Энергия мәселесін әр отбасында шешу мүмкіндігі жан-жақты қаралған. Бұған кететін шығын шамамен бір-екі жылда өзін-өзі өтейді де қалған уақытта пайдаға жұмыс істейді, – дейді Бекбатыр ақсақал.
Бұл орайда ол жерасты суын пайдаланудың зиянсыз және үнемді жолдарын ұсынып отыр. Өндірілген суды ауызсу ретінде де пайдалануға болады. Әрбір үйге ұңғыма қазылып беріледі. Жоба бір адам 1 гектар жерді игере алады деген есепті басшылыққа ала жасалыпты. Б.Айменовтің есептеуінше, әр отбасына берілетін үш гектар жердің 25 сотығы үй, қора, жел энергиясын өндіретін агрегат және басқа қажеттіліктерді орналастыруға жаратылса, бос жерлеріне жеміс ағаштары егіледі.
– Жобада салынуы көзделген үйлер – алты бұрышты, жалпы ауданы – 93 шаршы метр, 3-8 адамға арналған. Алты бұрышты үйдің ерекшелігі – 12 толқынды жер сілкінісіне төтеп береді, төрт бұрышқа қарағанда құрылыс жабдықтары 25-30 пайыз арзанға түседі. Қора мен қоймасы әр үйге 225 шаршы метр көлемінде салынады. Өйткені 3 гектар жердің өнімін сақтау, мал, тауық, балық тағы басқа да үй жануарларын ұстау керек. Осындағы балығыңыз не дерсіз? Жоғарыда айтылғандай, 20-30 метр тереңдікке ұңғыма қазып, одан жел-күн энергиясы арқылы 50,4 тонна су жинадық. Осы суды егін суғаруға пайдаланамыз. Жерасты суының тағы бір ең негізгі пайдасы, ағын судағыдай арамшөптің ұрықтары болмайды. Бұл егінге жақсы. Осы суға 1 шаршы метр жерге 5 балықтан болғанда 150-дей балық асырауға мүмкіндік бар. Біздің жаңа ауылымызда молшылық, имандылық, бірлік, тірлік болады. Бұл жоба ауыл жастарының қаладан оралуына да оң әсер етеді, – дейді Б.Айменов.
Сондай-ақ жоба авторы өзін-өзі басқару жүйесінің заманауи жолдарын енгізіпті. Жоба бойынша, ауылға көше атаулары қажет емес. Кез келген алты цифр тұрғынның толық мобильді мекенжайы болып табылады. Мысалы, 05.06.40 дегеніңіз 05-сі шағын аудан, 06-сектор, 40 үйі. Қысқасы алты цифрмен кез келген кісінің үйін, өзін таба аласыз.
– Елбасы биылғы Жолдауында «Мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс» екенін айтты. «Болашақ ауыл» жобасында осы мәселені де ескердік. Біз ұсынған бұл жүйеде ол үйдің мобильді таңбасы (нөмірі) арқылы бүкіл ақпарат орталық жүйеге байланысып, сол орталық қызмет атқарады. Қандай жұмыс атқардық? Қанша табыс таптық? Қысқасы барлық ақпаратты электронды жүйеде өз смартфоныңнан көріп отыруыңа болады. Электронды жүйеге негізделіп, өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасқан ауыл тұрғынына қажетті барлық жағдай жасалған. Уайымсыз өмір, тұрақты жұмыс, таза ауа, таза тамақ бұл тек ауылда ғана бар. Жобаға қатысты сұрақ туындап жатса, жауап беруге, түсіндіруге әрдайым дайынмын, – дейді Бекбатыр Айменов.
Ақсақалдың ауылдың ертеңіне қатысты нақты жоспар-жобалары жөнінде қысқаша айтып өттік. Яғни, аманатқа қиянат жасамадық. Парламент депутаттарының кеңесімен, ертеңгі ауылға қатысты ұсыныстарын «Егемен» арқылы жеткізгісі келген абыройлы ақсақалдың орынды тілегін орындадық. Бекбатыр ақсақал «Болашақ ауыл» жобасын жүзеге асыруға қолдау көрсетер, қолұшын берер азаматтардың ел ішінен табылуынан да үмітті.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»