Аймақтар • 16 Ақпан, 2018

Мақсат – ауылдың жағдайын жақсарту немесе ақсақалдың аманаты

942 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Егеменнің» Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшілер қосынына Отырар ауданының құрметті азаматы, «Жаман төбе» шаруа қожалығының төрағасы Бекбатыр қажы Айменов ақсақал келді. Бұл кісінің қаланы, ауылды өркендету мақсатындағы жобалары жайлы естігеніміз бар. Елдің қамын ойлаған жүретін ақсақал өңірімізде сайлаушылармен кездесулер өткізген Мәжіліс депутаттарының кеңесімен «Егемен Қазақстан» арқылы кооперативке бірігу, ауылды өркендету жөніндегі ұсыныс-жобасын көпшілікке жеткізу үшін келіпті. Оның айтқан әңгімесінің түп-төркіні төмендегідей. 

Мақсат – ауылдың жағдайын жақсарту немесе ақсақалдың аманаты

Осыдан төрт жыл бұрын «Нұр Отан» партиясы ауылдық жерде өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған «Біздің ауыл» атты жобаны жүзеге асыра бастаған болатын. «Отырар аудандық шаруалар одағын» көп жыл басқарған, ауыл шаруашылығының түрлі саласында 46 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан Бек­ба­тыр Айменов партия қолға алған осы бір игі іске өз үлесін қосу мақсатында бірқатар жоба жасапты. Ауылдың жағдайы, эко­но­микалық мүмкіндіктер жан-жақты ес­керіліп-есептелген жобаны саяси ұйымға да, облыс әкімі мен тиісті мекемелерге де таныстырған. «Біздің ауыл» партиялық жобасын жүзеге асыру бойынша бизнес-жоспар жасаған Б.Айменов ең алдымен ұсақ шаруашылықтарды біріктіру басты мiндет деп есептейді. Біріктіру жолдарын да жан-жақты саралапты. 

– Ауыл шаруашылығында инвесторлар жоқтың қасы. Неге? Кешегі жеке­ше­лен­діру кезінде тым ұсақталып кеткен ша­руашылыққа ғылым және техника же­тіс­тігін, қуатты техникаларды пайда­ла­ну мүмкін болмағандықтан ауыл қар­қын­ды даму көшіне ілесе алмай отыр. Ғы­лым жетістігін, техникалық прогресті ауыл шаруашылығына өз дәрежесінде ен­гізе алмай отырмыз. Сондықтан да бі­рін­шіден, бірігуіміз керек. Қалай бірі­ге­міз? Нені ескеруіміз керек? Оның жол­дары қандай? Осы мәселе бойынша өз ұсы­ныстарымды жобамда дәлелімен кел­тір­ген болатынмын. Ол жөнінде қысқаша айтып өтейін. «Меншік» деген ұғым бар. Бірінші – жеке, екінші – ұжымдық, үшін­ші – мемлекеттік меншік. Біздің бірі­гуі­міз ұжымдық меншікке негізделуі керек. Және де инвестордың менталитетін ес­керіп, мемлекеттік, яғни, әкімшілік басқару мен бағынуды есепке алуымыз қажет. Сонымен бірге еліміздің заң талаптарынан шықпайтын Азаматтық кодекске сай құрылым жасауымыз керек. Сол бірігудің ішінде бізге тиімдісі – кооператив. Кооператив – алдымен шаруа­шы­лықтардың одағы, мұндай одаққа кі­р­ген шаруашылықтар бұрынғысынша ұсақ ша­руашылық қалпында болады. Олар өз өндірісінің бір ғана бөлігін одақтық ұй­ымға біріктіреді. Ауылшаруашылық коопе­ративі өзінше еңбектенетін шаруа қо­жалығына қосымша болып санала­ды, оған қыз­мет етеді және сол қо­жа­­лықсыз оның ма­ғынасы болмайды. Біз­дің Азаматтық кодекс кооперативтің екі түрін нақтылаған коммерциялық өн­дірісті кооператив, комме­рциялық емес тұтыну кооперативі. Осы­н­ың бізге ком­мер­циялығы керек. Өйт­ке­ні бірігу дивидентке негізделеді, – дейді Бекбатыр қажы.

Ақсақал өзінің «Болашақ ауыл», «Өн­дірістік кооператив» жобаларында коопе­ратив өнімін өткізу нарығы, бағаны анық­­тау, құрылымы мен жарғысында қам­­тылуы тиіс заңдылықтар жөнінде ұсы­ныс­тарын жан-жақты дәлел-дәйегімен жет­кізіпті. Сондай-ақ қазіргі ауыл жағдай­ында кемшіліктерді жоюдың жолдарына тоқталған. Б.Айменовтің айтуынша, Отырар ауданындағы ауылшаруашылық мақсатындағы жерлердің ауқымы кең. Яғни, кооператив немесе серіктестік әрбір мү­шесіне отбасылық жағдайына сәйкес, 3 гектардан 5-6 гектарға дейін жер беруі керек. Бір адам бір гектар жерді толық игере алады. Дегенмен, Бекбатыр ақсақал келешек Отырар ауданы өз өсімімен бүкіл жерді игере алмайтынын, сондықтан көрші ел­дердегі қандастарымызды көшіріп әке­лу қажет деп есептейді. Сондай-ақ ол субсидияға байланысты сыбайлас жем­қор­лық көбейгеніне алаңдаулы. Бұл орайда субсидияның орнына дотация беруді ұсынады.

– Енді «Болашақ ауыл» атты жобама қысқаша тоқталайын. Отырар ауданы негізінен екі өзеннің тоғысқан шұрайлы жерінде орналасқан. Арыс өзенінің Сырдарияға құйған сағасын қамтыған. Су мәселесі шешілген. Дегенмен, өзеннен су сорғы арқылы шығарылады. Бір сорғы бір секундта 500 литр су шығаруы керек болса, ескіргені 250 литрдей тартады. Ол 2-3 шақырым жерге барғанында 50-60 пайызы жерге сіңіп кетеді де, егістікке 150 литрдей ғана су жетеді. Яғни, бір тәулікте 10 800 литр су ғана егістікке барады. Оған 200 литр солярка жұмсалады. Жағармайы және басқа да қосалқы шығындарын есептегенде 26000 теңге жұмсалады. Сондықтан өте қымбатқа түседі. Осыны жерасты суы арқылы шешу жолдарын ұсынамын. Мұнда ешқандай шығын жоқ. Неге дерсіз? Өйткені жел, күн энергиясын пайдаланамыз. Отырар ауданында жылдың 365 күнінің 280-290 күнінде жел толастамайды. Арыстанды Қарабас атты атақты желдің өтіндеміз. Біздің негізгі мақсатымыз – осы жел энергиясын пайдалану. Сонымен бірге Отырар ауданының тағы бір ерекшелігі, күннің ашық кезі көп болады. Желдің әсерінен көп бұлт торламайды. Яғни, қосымша күн энергиясын да өндіреміз. Энергия мәселесін әр отбасында шешу мүмкіндігі жан-жақты қаралған. Бұған кететін шығын шамамен бір-екі жылда өзін-өзі өтейді де қалған уақытта пайдаға жұмыс істейді, – дейді Бекбатыр ақсақал.

Бұл орайда ол жерасты суын пайдала­ну­дың зиянсыз және үнемді жолдарын ұсы­нып отыр. Өндірілген суды ауызсу ре­тінде де пайдалануға болады. Әрбір үй­ге ұңғыма қазылып беріледі. Жоба бір адам 1 гектар жерді игере алады деген есепті басшылыққа ала жасалыпты. Б.Айменовтің есептеуінше, әр отбасына бе­рі­летін үш гектар жердің 25 сотығы үй, қо­ра, жел энергиясын өндіретін агрегат жә­н­е басқа қажеттіліктерді орналастыруға жа­ратылса, бос жерлеріне жеміс ағаштары егі­леді. 

– Жобада салынуы көзделген үйлер – алты бұрышты, жалпы ауданы – 93 шар­шы метр, 3-8 адамға арналған. Алты бұ­рыш­ты үйдің ерекшелігі – 12 толқынды жер сіл­кінісіне төтеп береді, төрт бұрышқа қара­ған­да құрылыс жабдықтары 25-30 пайыз ар­занға түседі. Қора мен қоймасы әр үйге 225 шаршы метр көлемінде салынады. Өйткені 3 гектар жердің өнімін сақтау, мал, тау­ық, балық тағы басқа да үй жануарларын ұстау керек. Осындағы балығыңыз не дер­сіз? Жоғарыда айтылғандай, 20-30 метр тереңдікке ұңғыма қазып, одан жел-күн энергиясы арқылы 50,4 тонна су жинадық. Осы суды егін суғаруға пайдаланамыз. Жерасты суының тағы бір ең негізгі пайдасы, ағын судағыдай арамшөптің ұрықтары болмайды. Бұл егінге жақсы. Осы суға 1 шаршы метр жерге 5 балықтан болғанда 150-дей балық асырауға мүмкіндік бар. Біздің жаңа ауылымызда молшылық, иман­дылық, бірлік, тірлік болады. Бұл жоба ауыл жастарының қаладан оралуына да оң әсер етеді, – дейді Б.Айменов. 

Сондай-ақ жоба авторы өзін-өзі бас­қару жүйесінің заманауи жолдарын енгі­зіп­ті. Жоба бойынша, ауылға көше атау­ла­ры қажет емес. Кез келген алты цифр тұрғынның толық мобильді мекенжайы болып табылады. Мысалы, 05.06.40 дегеніңіз 05-сі шағын аудан, 06-сектор, 40 үйі. Қысқасы алты цифрмен кез келген кісінің үйін, өзін таба аласыз. 

– Елбасы биылғы Жолдауында «Мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режімінде азаматтардың ескертпелері мен ұсыныстарын есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануға тиіс» екенін айтты. «Болашақ ауыл» жобасында осы мәселені де ескердік. Біз ұсынған бұл жүйеде ол үйдің мобильді таңбасы (нөмірі) арқылы бүкіл ақпарат орталық жүйеге байланысып, сол орталық қызмет атқарады. Қандай жұмыс атқардық? Қанша табыс таптық? Қысқасы барлық ақпаратты электронды жүйеде өз смартфоныңнан көріп отыруыңа болады. Электронды жүйеге негізделіп, өзін-өзі басқару жүйесі қалыптасқан ауыл тұр­ғынына қажетті барлық жағдай жасал­ған. Уайымсыз өмір, тұрақты жұмыс, таза ауа, таза тамақ бұл тек ауылда ғана бар. Жобаға қатысты сұрақ туындап жатса, жауап беруге, түсіндіруге әрдайым дайынмын, – дейді Бекбатыр Айменов. 

Ақсақалдың ауылдың ертеңіне қа­тыс­­ты нақты жоспар-жобалары жө­нін­­де қысқаша айтып өттік. Яғни, ама­нат­қа қиянат жасамадық. Парламент депу­тат­тарының кеңесімен, ертеңгі ауылға қа­ты­с­ты ұсыныстарын «Егемен» арқылы же­т­кізгісі келген абыройлы ақсақалдың орын­ды тілегін орындадық. Бекбатыр ақсақал «Болашақ ауыл» жобасын жүзеге асыруға қолдау көрсетер, қолұшын берер азаматтардың ел ішінен табылуынан да үмітті.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»