16 Ақпан, 2018

Пассионар

1787 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Гумилев анықтамасына жүгін­сек,­ пассионарлық – жұлдыздардың әсе­рімен, табиғат пен тарихаттың қи­лы­ дүмпулерімен қайталанып тұра­тын­ заңды құбылыс. Пассио­нарлар бой­­­ларында тасыған күш-қуат­ты, жү­рек­теріндегі жалын жі­гер­ді айнала тө­ңірегін, келе-келе күллі қауым-жұр­тын өзгерту ора­йын­дағы мақсатты жұ­мысқа жұм­сайды. Олай болса, пассио­нарларды қоғамдық қозғалыстың не­ғұрлым белсенді тегершіктері, жа­ңа­шылдар, жасампаздар десек те жа­раса­ды.

Пассионар

Ұлы пассионарлар адамзат да­муын алға бастырып, тарихта талай-талай сілкіністер тудырған. Мұндай алапат тұл­ғалар қалыптасқан өмір қағидаларын бұзып-жарып, қасаң түсініктерді қиратып, құлдық сананы күресінге лақтырып, қоғаммен немесе сол замандағы билеуші топпен қақ­тығысқа түседі, әрі-беріден соң қан майданға шығады.

Осы тұрғыдан келгенде пассионар­лықты өркендеу жолындағы белсенді іс-қимыл әлеуеті деп қарастырған да дұ­рыс. Пассионар идея үшін өз өмі­рін құр­бан етуге қабілетті. Пассио­нарлықтың не екенін білмесе де, қазақ «еркек тоқты құрбандық» екенін әлдеқайда ертерек айтқан, атын білмесе де, пассионарлықтың затын жанымен ұғып таныған. Гуми­лев­­тің айтуынша, өз мұратын әсте бас пай­дасын көздемей, риясыз әрі қалт­қысыз бағалайтын әмбе сол үшін өмірін қиюға әзір адамдар болады. Егер мұндай жанкештілер болмаса, бүкіл тарих басқаша болар еді, мимырт жүрістен, көңілсіз қаражаяу сылбырлықтан танбас еді, күштілердің алдында «шыбындап бас изеген» сорлылықтан арылмас еді.

Бұдан шығатын қорытынды: демек, пассионарлық құбылыс, пассионар тұл­ғалар адамзат қоғамы үшін, халық үшін, әрбір ұлт үшін, жалпы жарқын болашақ үшін күресте аса қажет. Қай этностың болсын құрамында пассионарлар қашанда некен-саяқ, ат төбеліндей аз болады. Бірақ  соған қарамастан, жоғарыда ай­тылған қасиет-сапаларына, сом алтындай санасына байланысты олар бүкіл ұлт жүйесін, қадір-қасиеті мен ар-ожданын ұстап тұрған жұлын-омыртқа, арқау-өзекке, жан-жүрекке баланады. Тағы да пассионарлық теориясының әйгілі авторына жүгінсек, ондай тұлғалар барлығын қозғалысқа келтіретін мотормен барабар.

Қазақы жалпақ ұғымда пассионар­лықты жанкештілік, құрбандыққа бару деп түсінеміз. Тек, әрине жайдан-жай, мәнсіз, мағынасыз құрбандық емес. Ұлт үшін, ұлыс үшін, ұлы мақсат үшін жаннан кешу, дүниенің сол бір асқақ мұраттан басқа барлық қызығын тәрк ету, сол жолда басыңды бәйгеге тігу. Ал енді біздің қазақ: «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деп бұл мәселенің де баяғыда-ақ басын ашып қойған. 

Елі-жұрты үшін құрбан болудың қа­­­зақ топырағындағы ұлы үлгісі сонау сақ бабаларымыздан бастау ала­тын­ын байқаймыз. Парсының көкірегі аяққаптай Кир патшасына елінің намысын таптатпаған Тұмар патшайымның, ұлы далаға кек қуып келген Дарийдің қалың қолын шөлге тығып қаталатып қан қаптырған Шырақ батырдың ерліктері жеке мәртебеден жалпы халықтық мұ­ратты артық қастерлеуді аңғартады. Мі­не, пассионарлық энергетиканың Алаш жұртындағы алтын тамыры қайда жатыр!

Осы арада қазатың елім деп еңіреген ерлерінің көпшілігінің түп тамыры, тұ­қым-тегі адамзат тарихындағы ең ұлы пассионар Шыңғыс ханға барып тірелетінін ескер­меске болмайды. Пассионарлық қа­сиет тұқым қуалайды. Ұлы қаған ұр­пақтарының ішінен нақ қазақ жұртында Әбілқайыр хан, Абылай хан, Кенесары хан сынды жұлдыздары тым биікте жарқыраған, туған халқын тығырықтан шығарудың жолын шарқ ұрып іздеген, та­рихты сілкіндірген көсемдердің шы­ғуы әсте де тегін емес. Елінің тәуел­сіз­дігі жолында өзін құрбандыққа байла­ған­, ұлы мақсатынан бір мысқал да тай­ма­ған көкжал Кенесары – қазақ пас­сионарлығының шыңы. Өзі де баяғы Алтын Орданың Ахмат ханының бір үрім-бұтағы болып табылатын Гумилев Хан Кенені қазақтың соңғы пассионары деп санаған екен. Десе де, «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды», Құдайға шүкір, одан кейін де қазақ топырағы қа­сиет дарыған, уызына  жарыған, Отан үшін отқа да, суға да түскен пассионар тұлғаларға кенде болып көрген емес.

Шоқан мен Ыбырай Алтынсаринде пассионарлық қасиеттер молынан болды. Абай даналығының энергетикасы халқымызды күні бүгінге дейін ұйыс­тырып, мақсат пен бірлікке, еңбекке жұмыл­дырып, ғибрат-тағылым болып қуаттандырып, қанаттандырып келе жатқаны айдай ақиқат. Алаш арыстарын биік санаға жетелеп шыңдаған, халық бақыты жолындағы қайтпас күрескерлер етіп шығарған да Абай хакімнің тәлім-ұлағаты, оның басты еңбектерінің бірі дер едік. Жаңа тұрпаттағы Қазақ мемлекет­тілігінің идеясын ту етіп көтерген, осы жолда барлығы да шаһид кешкен Алаш­орда қайраткерлерін қазақтың арғы-бергі тари­хындағы бас пассионарлары демеске әддіміз жоқ.

Кеңестік қапас заман пассионарлық рухты әлсіретті. Бірақ жоя алмады. Ба­уыр­жан Момышұлының, Жұмабек Тә­ше­новтің, Олжас Сүлейменовтің және бас­қаларының отаршыл өктемдікке қар­сы отаншыл күрестері осының айға­ғы. Халқымыздың пассионарлық рухы Желтоқсанда көтерілген қазақ жаста­рының жан-жүрегінде жалындаған болатын. Қазақ аман болса, әлі талай тұлғалы пассионарлар өмірге келері хақ.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан»