Әдебиет • 16 Ақпан, 2018

Несіпбек Дәутайұлы. Редакторлық мүдде

642 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әдеби редактор деген бұрын шы­­ғарманың мазмұндық, стиль­дік, көр­кемдік жағын түгел қа­райтын. 

Несіпбек Дәутайұлы. Редакторлық мүдде

Ол кезде кеңестік идео­логия болғандықтан мемле­кет­тің саясатына қарсы келетін әр сөзді жіті қадағалап отыратын. Бі­рақ редакторлардың өз мүддесі болатын. Ол алдына келген шығар­маны жақсы етіп шығару, я нашар шығармалардың жарық кө­руіне жол бермеу. Мен білетін мықты редактор – Бексұлтан Нұр­жеке-ұлы. Ол кісі менің екі кіта­быма редактор болды. Өзі бас­паның бас редакторы еді. Сонд­а әр сөздің өз орнында тұ­руына, әр сөйлемнің дұрыс құ­рылуына аса мән беретін.

Редакторлық деген – адам бойын­дағы қасиет. Жазу­шы өзі сезбеген, білмеген дүниені ре­дактор түйсігімен сезіп, көре ала­ды. Басы артық сөз, тіпті, бір­­ оқиға шығармадан оқшау, бұл­­­тиып тұ­руы мүмкін. Тіпті  ке­рісінше оқиғаларды байыта түсіп, қалам­гер көтерген мәселені дамытуға тура келеді. Осындай ескертулер жазушы үшін керек. Редактор қатал, әрі жанашыр. Жазушыға жамандық ойлағаннан шүйлікпейді. Керісінше жақсы­сын жарқыратып көрсетуге күш салады. Кеңес заманындағы ре­дак­тор­ларда осы қасиет болды ма білмеймін. Бірақ дос-редак­тор­лар болды. 

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы өндіріске ке­тіп ба­ра жатқанда, Зейнолла Қаб­долов бір­неше жеріне ескерту айтыпты. Сонда Нұрпейісов өн­дірістегі жұмысты тоқ­татып қойып, романын түзеді. Қадыр Мырзалиев «Жұлдыз» журналына жұмысқа тұрғанда Қалихан Ысқақтың тартпада жатып қалған «Қоңыр күз еді» повесін тауып­ алып, журналға бас­тырады. Ке­йін сол шығармасынан бас­тап Қалихан Ысқақтың аты шы­ға бас­тайды. Бұл көре білу. Жақ­сы шығарма тартпада неге ұзақ уақыт жатып қалған? Со­ны көре білетін редактордың болма­ғанынан. Бұған әдеби таным, талғам керек.

Әдеби редакторлық деген, тіпті  мемлекет мүдделі болатын кә­сіп. Өйткені әдеби редактор бол­са, қазіргідей халтура қап­тап кетпейді. Я жарымжан, шикі дү­ние­лер шықпайды. 

Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,

жазушы