Театр • 16 Ақпан, 2018

«Астана Опера» театры Алматы қаласына гастрольмен барды

609 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жуырда «Астана Опера» театры Алматы қаласына гастрольмен барды. Осындағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында астаналық труппа әлемдік өнер жауһарларынан тұратын қанық та керемет бағдарлама ұсынды. 

 «Астана Опера» театры Алматы қаласына гастрольмен барды

Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Тур қазақ музыкалық өнерінің әйгілі туындысы – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» ұлттық классикалық операсымен басталды.  

Қойылымдар Қазақстанның және Италияның айтулы өнер қайраткерлерінің қатысуымен сахналанған. Алғашқы спектакльге музыкалық жетекші әрі дирижері болған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алан Бөрібаев. Қоюшы режиссер – та­нымал италиялық режиссер Джанкарло дель Монако. Мұхтар Әуезовтің либретто же­лісі бойынша жасалған ұлы жауһар шын мәнінде шырқау шабыттың шынай жемісі болды.

– Бұл гастроль біз үшін аса м­аңызды әрі жауапты, се­бебі, бірінші кезекте, өзі­міз­ге жа­қын қазақстандық көрер­мен­дермен қауышамыз. Труп­па­мыз­дың көпшілік әртісі өзде­рінің ұстаздарының алдына шы­ғып, өнерін көрсетеді, ал олар шәкірттерінің кәсіби шеберлігіне бағасын бермек. Біз үшін бұл кезекті емтихан. Тұтастай ал­ғанда, труппаға гастрольдік са­парлар, өзара тәжірибе алма­су қажет. Алматылықтар үшін «Абай» операсын бекер таң­да­ған жоқпыз, бұл туынды ұлт­тық өнеріміздің бетке ұстар жауһарына айналды. Осы операны орындау арқылы біз Абай атын­дағы опера және балет театры­на деген құрметімізді білді­реміз, – деп атап өтті «Аста­на Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Оның ертеңіне гастрольдік бағдарламаны сәтті жалғаған ХХ ғасырдың атақты хореографы Кеннет Макмилланның «Манон» балеті болды. Балет туындысы аббат Превоның «Кавалер де Грие мен Ма­нон Лесконың оқиғасы» рома­нының желісі бойынша жасал­ған. «Астана Операның» репер­туарындағы шырайлы шығарма жақында ғана көрермен назарына ұсынылды. Қойылымды астаналық сахнаға Корольдік балет труппасының дәстүрін сақтаушылар – қоюшы балет­мейстерлер Карл Бёрнетт пен Патри­сия Руанн ала келген. Оның қоюшы дирижері Ар­ман Оразғалиев. Оркестрге өң­де­ген – Мартин Йетс. Атап өтетін маңызды жайт, спек­такль Ресейдің Халық әрті­сі, балет труппасының көркем­дік жетекшісі Алтынай Асыл­мұратованың арқасында театр­дың қоржынын толық­тыр­ды. Әйгілі өнерпаздың өзі бірнеше рет басты Манон партиясын аты аңызға айналған лондондық сахнада билеп, Кеннет Мак­милланмен бірге бейнені жасауда жұмыс атқарған. Оның осы жауһар туындыны елорда сахнасына алып келу туралы ұсынысын қоюшы топ қуана қабыл алды.

– М.Жаррдың «Париж Құдай анасының соборын» «Астана Опера» театрының труп­пасы Мария театры (Санкт-Петербург) мен Карло Феличе (Италия) сахнасында орындаған еді, бірақ «Манон» балетін гастроль аясында алғаш рет ұсынбақпыз. Қазіргі таңда бұл хореографиялық туындыны ағылшын классикасы деп санайды. Спектакльде әрдайым жағымды кейіпкерлер болады, көрермендер олардың қасіретіне ортақтасады, әйтседе, жағымсыз бейнелер де жоқ емес, бірақ қоюшы режиссер оқиғаны шебер жеткізгені соншалық, біз барлық қаһарманға жылы шырай танытып, уайым-қайғысына ортақтасып отырамыз, – деді Алтынай Асылмұратова.

Мұндағы Манон партиясын Қазақстанның ең­бек сіңірген қайраткері Мәди­на Басбаева орындады. Алматы­дағы гастрольдік сапар Мо­рис Жаррдың «Париж Құдай ана­сының соборы» балет спектаклін көрсетумен аяқталады. 

Мерей ДІЛДАБАЕВ