Жазушы Шерхан Мұртазаның «Жүрекке әжім түспейді» деген шығармасын сүйсіне оқып, көңіл шіркіннің қартаймайтынын жақсы білгенімізбен, адамзат баласының лүпілдеген осы бір нәзік мүшесіне салмақ түсетінін, ол соның салдарынан түрлі ауруларға ұшырайтынын жақсы білеміз. Еліміздегі А.Н.Сызганов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы, Кардиология ғылыми-зерттеу институты, Ұлттық саламатты өмір салтын қалыптастыру республикалық орталығының білікті дәрігерлері облысқа арнайы келіп, жүрек аурулары бойынша емдеу және алдын алу жөнінде өңір мамандарына кеңестер беріп, дерті дендеген науқастарды қабылдады. Мақсат – еліміздің 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мен жүрек-қан айналымы ауруларынан қайтыс болатындардың санын азайтуға үлес қосу.
Жүрек ауруы бойынша бүгінде облыста 8 мыңнан астам адам есепте тұр. Статистикалық мәліметтер бойынша, еліміздің оңтүстік аймағы, оның ішінде Жамбыл облысының тұрғындары арасында жүрек дертіне шалдыққандар саны көп. Ол шамамен 100 000 тұрғынға шаққанда 222,4 адамнан келеді екен. А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының бас директоры Жеткерген Арзықұловтың айтуынша, оңтүстік халқына жылына 7,5 мың адамға жүрек ақауы бойынша түрлі оталар жасалады. Әсіресе, балалар арасында асқындап отырған туабітті жүрек-қолқа кемістігі ауруына ұшырайтындарға хирургиялық көмектер аса көп қажет. Себебі, дүниеге келісімен-ақ күрделі жүрек ақауы байқалған балалардың 80 пайызы 1 жасқа жетпей осы дерттен көз жұмады.
Осыған байланысты жүрек дертінен болатын аурулардың алдын алу, емдеу жұмыстарын жандандыру үшін кедергі болып отырған мәселелерді шешуге көмектесу және ақыл-кеңес беріп, облыс дәрігерлерін алдағы уақытта бұл бағытта атқарылар жұмыстардың жоспарымен таныстырып, олармен өзара тәжірибе бөлісуге келген білікті мамандар Байзақ, Жамбыл аудандарында болып, мұқтаж науқастарға тексеру жұмыстарын жүргізді. Квота арқылы ұлттық ғылыми-зерттеу институттарына барып емделу жөнінде бірқатар науқастарға жолдамалар беру туралы ұсыныстар жасады. Жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша республикадағы үздік саналатын ғылыми орталықтың білікті мамандары аймақ дәрігерлерімен жұмыс тәжірибелері бойынша пікір алмасып, шеберлік сыныбын өткізді. Сонымен қатар, жүрек ауруынан болатын өлім санын азайту үшін мекемелерді ангиографиямен қамтамасыз етіп, аортографиялық жалғау шунттары тәрізді жолдармен емдеу жүргізетін кадрларды резидентурада оқытып, оларға жаңа инновациялық технологияларды кеңінен қолдануды үйрету қажет екендігін түсіндірді.
Облыста биыл жүрек аурулары бойынша науқастарға арналған 25 орынға арналған кардиодиспансер ашылған болатын. Сондай-ақ, облыстық ауруханадағы шет мемлекеттерде біліктілігін арттырып келген арнайы кардиолог-мамандармен жасақталған кардиохирургия бөлімшесінің де жұмыс істеп жатқанына 2 жыл болды. Бөлімшені басқаратын Талып Ашировтің айтуынша, бөлімде аптасына 10-15 күрделі оталар жасалады және олардың барлығы сәтті аяқталуда.
Операциядан кейін науқастар тез арада айығып кетуде. Тек дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінбей, дерті асқынғанда ғана ақ халаттылардан жәрдем сұрайтындар да бар.
– Сондықтан, тұрғындар алдын ала дәрігерге көрініп, тиісті ем қабылдаса, жүрек-қан тамырлары аурулары азайған болар еді, – дейді Т.Аширов.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.