astanatimes.com
Іс-шараға Нидерланд Сыртқы істер министрлігінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мәселелері бойынша арнайы тобының үйлестірушісі Роберт Дресен, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүше елдерінің елшілері, «Клингендайл» жетекші талдау орталығының сарапшылары және басқа да нидерландтық академиялық топтардың белгілі өкілдері қатысты.
Өз сөзінде Қазақстан елшісі Мағжан Ілиясов Қазақстан төрағалығының шеңберінде кеңестер, брифингтер және пікірталастар үлгісінде отызға жуық отырыстар өткізіліп, олардың қорытындылары бойынша Кеңес төрағасының қарарлары және мәлімдемелері қабылданғанын атап өтті. Қазақстан дипломаты Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 18 қаңтардағы саяси Үндеуінің негізгі бағыттарына ерекше назар аударып, олардың ішінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмысының басымдықтары мен тәжірибелік компоненттері көзделгені туралы айтты.
Сонымен қатар Қазақстанның Әлемдік терроризмге жол бермеу туралы мінез-құлық кодексі жобасын іске қосу бойынша жоғары деңгейдегі арнайы іс-шара өткізгені туралы атап айтылды. БҰҰ-ның оның ішінде терроризмге қарсы құрылымдардың басшылығы, мүше мемлекеттердің жүзден астам делегацияларының өкілдері аталған кодекстің өзектілігі мен маңыздылығын қолдады.
Өз кезегінде дөңгелек үстелге қатысушылар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы ретіндегі жетістіктерін жоғары бағалап, Ауғанстандағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған біздің еліміздің практикалық күш-жігерін атап өтті.
19 қаңтарда өткен Министрлік пікірталастардың қарсаңында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің Ауғанстанға жеті жылдың ішінде ұйымдастырылған алғашқы сапары бұл елдің ішкі және айналасындағы тұрақтылық пен өркендеуді қолдау үшін шешуші маңызға ие болғаны атап айтылды. Сонымен бірге Қазақстан және Президент Н.Назарбаевтың жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау ісіне қосқан елеулі үлесі ерекше атап өтілді. Кездесу барысында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты емес мүшелерінің 2018-2019 жылдарға арналған күн тәртібі бойынша жан-жақты пікір алмасу болды.
Кездесуді қорытындылай келе, Роберт Дресен: «Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығы әлемдік қауымдастыққа ең өзекті мәселелерді шешуге сындарлы көзқараспен қарайтынын көрсетті. Атап айтқанда, бұл өз кезегінде Ауғанстандағы қауіпсіздікті нығайту үшін маңызды өңірлік экономикалық жобаларды, оның ішінде инфрақұрылымды дамыту, электр энергиямен жабдықтау, сауда-саттық пен транзит қызметтерін қеңейту жобаларын іске асыруға жол ашады», деп мәлімдеді.
«Егемен-ақпарат»