Әдебиет • 19 Ақпан, 2018

Алматы облысында «Әдебиет – руханияттың діңгегі» атты әдеби жобаның тұсаукесері өтті

37 реткөрсетілді

Талдықорғанда Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен  Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің кең залында «Әдебиет – руханияттың діңгегі» атты әдеби жобаның тұсауы кесілді.

Бұл жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы аясында басталып, Жетісу өңірінде дүниеге келген қаламгерлердің үш буын өкілінің басын қосатын тұрақты шара болмақ. Әдеби шараның алғашқы қонақтары болып бүгінгі қазақ прозасы мен поэзиясын бедерлі қолтаңбаларымен бедел биігіне көтеріп жүрген ақын-жазушылар Жұмабай Шаштайұлы, Дәурен Қуат және Айнұр Төлеу шақырылды. Жергілікті зиялы қауым өкілдері мен студент жастардың көзайымына айналған кездесуде қонақтар әдебиет туралы толғамды ойларын ортаға салды.

Еркін форматта өткізілген әдеби шараның алғашқы сауалы Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жазушы, «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Жұмабай Шаштайұлына қойылды. Жазушы, abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат та сүбелі ойларымен бөлісіп, өмір жолынан сыр шертті. Көпшілік тарапынан қойылған сауалға да тартымды жауап қайырды. Мұнан соң жастар тарапынан қойылған сауалға орай Жамбыл аудандық «Атамекен» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Айнұр Төлеу де өзінің орамды ойларын ортаға салды.

Осылайша жазушы, журналист Есболат Айдабосын жүргізген рухани әңгімеде қаламгерлер шығармашылық лаборатория, әдебиет пен идеология, руханиятты байытудағы әдебиеттің рөлі, сауатты оқырман қалыптастыру, әдеби сынды дамыту және басқа да тақырыптарда келелі әңгімелер қозғап, студент жастар мен әдебиет сүйер қауымның сауалдарына жауап берді. Ал екі сағат бойына қаламгерлер мен оқырмандар арасында алғаусыз сыр бөліскен шараның тоқетерінде Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев: «Әдебиет – руханият діңгегі» жобасы жыл бойы жалғасып, қазақ әдебиетінде қолтаңбасы бар аға буын, орта буын және жас толқын өкілдерінің басын қосып, руханият жайлы әңгіме өрбітетін ашық алаңға айналады деп отырмыз. Жетісулық қаламгерлердің елді рухани жаңғыртуға, туған жердің түлеуіне үлес қосуына барлық жағдай жасаймыз», деді.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар