Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы
ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар өз қызметінде Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын басшылыққа алсын және оны іске асыру бойынша қажетті шаралар қабылдасын.
3. Осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп танылсын.
4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Президенті
Н.НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2018 жылғы 15 ақпан № 636
«Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің
2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығына
ТҮСІНДІРМЕ
Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы № 636 Жарлығымен «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарының күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспары (бұдан әрі – Стратегиялық жоспар-2025) бекітілді.
Стратегиялық жоспар-2025 Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің негізгі құжаты ретінде айқындалып, әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына кіру жолындағы «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді стратегиясын іске асырудағы мемлекет дамуының орта мерзімді жоспары болып табылады. Ол Қазақстанның 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының орнын басады, ал оның жоспарлы іске асырылуы ұлттық экономиканың нақты көлемінің үштен біріндей өсуін қамтамасыз етті, сондай-ақ жаһандық қаржылық дағдарыстың салдарын бәсеңдетті.
Құжаттың басты мақсаты – 2025 жылға дейін ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда халықтың өмір сүру деңгейін арттыруға бағытталған экономиканың сапалы және орнықты дамуына қол жеткізу.
Стратегиялық жоспар-2025-тің негізіне экономикалық өсудің жаңа моделі салынған, ол бәсекелестіктің артуы, жеке сектордың көшбасшылық рөлі мен еліміздің өңірлері дамуының әлеуетін іске асыру жағдайында адами капиталды дамыту мен жеке қаражатты тарту, күрделілік пен өнімділікті арттыру есебінен экспортқа бағытталған өндіруді ынталандыруға негізделген.
Бұл үшін құжатта елдің экономикасы мен әлеуметтік өмірінде болатын жүйелі реформаларды жүргізу, сондай-ақ институционалдық жаңғыртуға байланысты шаралар қабылдау көзделген.
Стратегиялық жоспар-2025-тің негізі – Стратегия-2050-дің негізгі ережелерін іске асыруды қамтамасыз ететін 7 жүйелі реформа мен 7 басым саясаттың үйлесімі. 7х7 жоспардың формуласы Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуі үшін даму мен тұрақтылықтын теңгерімін қамтамасыз етеді.
Жеті жүйелі реформа ел өмірінің барлық негізгі аспектілерін қамтиды: «Жаңа адами капитал», «Технологиялық жаңарту мен цифрландыру», «Бәсекелестік және бәсекеге қабілетті бизнес», «Сыбайлас жемқорлықсыз құқықтық мемлекет», «Мықты өңірлер мен урбандалу», «Қоғамдық сананы жаңғырту», «Мемлекеттік сектор өзгерістер көшбасшысы ретінде».
Стратегиялық жоспар-2025-ті іске асыру мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары, өңірлерді дамыту бағдарламалары, ұлттық холдингтер мен компаниялардың стратегиялары арқылы, сондай-ақ қолданылатын жобалық басқару аясында іске асырылатын болады.
Жоспарда 2021 және 2025 жылдары қол жеткізілуге тиіс мақсатты нәтижелерді көрсететін өзекті ұлттық индикаторлардың негізі қаланған.
Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы
Стратегиялық жоспар-2025-тің толық мәтіні Қазақстан Республикасы Президентінің www.аkorda.kz ресми сайтында «Нормативтік құқықтық актілер» бөлімінде орналастырылған.