Қазақстан • 20 Ақпан, 2018

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізіледі

3248 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет бас­шы­сының 2018 жылдың 10 қаңтарында жарияланған «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» Жолдауындағы кәсіпкерлікті дамытудың бас­ты ба­ғыттарына арналған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтің қа­тысуымен баспасөз мәслихаты өтті. 

«Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәні енгізіледі

Шара барысында басқарма төрағасы Елбасының Қазақстан хал­қына Жолдауында бел­гілен­ген тапсырмалардың маңыз­дылығын тілге тиек етті.

«Өңдеу өнеркәсібі секторын дамыту, еңбек өнім­ді­лі­гін арттыру және индус­трияландырудың ин­новациялық дамуының қажет­тілігіне басымдық берілгені – өзекті әрі уақытында жасалған бағ­дар. Біз Елбасының Жол­дауын егжей-тегжейлі сараптап, өзіміздің жоспарымызды дайындап алдық. Жалпы, кәсіпкерлік төңі­ре­гінде айтатын болсақ, еліміз­дің негізгі саясаттарының бірі нарықтық экономиканы көтеру, орта және шағын биз­нес­тің біздің экономикамызға қосатын үлесін көбейту жұмыс­тары­на тоқталуға болады. Енді соның аясында жасалған жұмыс­тар жөнінде айтсақ, біздің төңіректе бес әртүрлі сала бар. Олар мак­роэкономикалық саясат, ақша саясаты, тариф саясаты, төр­тінші – кәсіпкерліктің құқық­тық қорғау мәселесі, бесін­шісіне өзіміздің индустриялық саясатымызды жатқызуға болады. Осындай бес саясат бо­йынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр», деді ол.

Сонымен қатар жиын барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төра­ғасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев «Нәтижелі жұмыс­пен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» ая­сында жүзеге асырылып жат­қан жұмыстарға тоқталып, «Кә­сіпкерлік және бизнес негіздері» пәні қашан енгізілетін атап өтті.

«Мемлекет басшысы «Атамекен» ҰКП-ның жаппай кәсіпкерлікті дамыту жұ­мы­сына жоғары баға берді. Ұлттық палата «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып отырған «Бастау Бизнес» жобасының бастамашысы екені белгілі. 2017 жылы ауыл­­да тұратын 15000 азамат оқы­тылып, нәтижесінде 3000-нан аса адам өз кәсібін ашты және жұмыс істеп тұрған бизнесін ұлғайта алды. Сондай-ақ біз 2015 жылы «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәнін енгізу туралы ұсыныс жасаған болатынбыз. Білім және ғылым министрлігі оны қолдады. Қазір бұл оқулық дайын деп айтуға болады. Ол 2018 жылдан бастап қанатқақты жоба ретінде, ал 2019 жылдан бас­тап мектеп бағдарламасына енеді. Бұл пәннің басқа пәндерден айырмашылығы, ол интерактивті түрде оқытылады. Және біз осыған байланысты портал дайындап жатырмыз. Тағы да айтайын, бұл пән дайын, алдағы 2019 жылдың қыркүйек айынан бастап оқытылады», деді Эльдар Жұмағазиев.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»