Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өткен жылды қорытындылап, халық алдында есеп берді.
Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті отыз елдің қатарына еркін кіруі үшін өнеркәсіптің алатын орны ерекше. Ғылым мен білімнің жетістігі ұштасқан жерде қолбайлаулар азайып, еңбек өнімділігі артады.
Облыс басшысы өткен жылға қарағанда өнеркәсіп саласындағы өндірілген өнімнің 69,5 млрд теңгеге өскендігін айтты. Яғни облыс өнеркәсібі 858,8 млрд теңгенің өнімін дайындаған. Бұл салада жақсы ілгерілеушілік бар. 2017 жылы индустрияландыру картасы аясында 36,4 млрд теңгеге 1 мыңға жуық жұмыс орнын құрайтын 18 жоба іске қосылған. Қазіргі таңда 11 индустриялық аймақтың 9-ы толыққанды жұмысқа көшкен. Бүгінде аймақтарда іске асырылған жобалар саны 78-ге жетіп, 35,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Осының нәтижесінде 4 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Облысқа тартылған инвестицияға келетін болсақ, бұл бойынша аймақ экономикасына 482 млрд теңге инвестиция бағытталып, көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 20,2 пайызға артты. Бұл көрсеткішпен облыс республикада алдыңғы орында. Өңірге инвестиция тарту мақсатында өткен жылы шетел инвесторларымен 40-тан аса іскерлік кездесулер өткізілген. Нәтижесінде Ресеймен кіші гидроэлектрстансасының құрылысы, Қытаймен – биоэтанол мен фосфор тыңайтқышы зауыттары, күн сәулесінен электр қуатын өндіретін электр стансасының құрылыстарын жүргізу жөнінде келісімдер жасалды.
Аймақтың агроөнеркәсіп саласында атқарылған жұмыстарына тоқталған әкім мемлекеттік қолдаудың арқасында 522 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін айтты. Облыс республикадағы үлесі бойынша екінші орында келеді. Есепті жылы салаға 24,9 млрд теңге субсидия бөлініп, 40 мыңға жуық шаруаға қолдау көрсетілген.
Қазір дүние жүзінің мықты мемлекеттерінде баламалы энергияға қатты көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, көп қабатты «ақылды үйдің» шатырында күн, жел энергиясын алатын шағын қондырғылар бар. Коммуналдық төлемге артық ақша шығармайсың. Егін, мал шаруашылығында да осындай тәсілдер қолданылып, табыс молаюда.
Осындай игіліктер Оңтүстік өңірінен де көрінуде. Бүгінде табиғи ресурстардың көмегімен 207,3 МВт бере алатын алты жоба іске асырылып жатыр.
– Жаһандық жаңартылған энергия көздерін қолдануды инвесторлар арқылы жүзеге асыру біздің басты бағыттарымыздың бірі. Осыған байланысты, Төле би ауданында қуаты 2,5 МВт «Кеңес» шағын су электр стансасының құрылысы. Сарыағаш ауданында жалпы қуаты 5 МВт болатын екі шағын су электр стансасы, сонымен бірге «Жылға» ауылында қуаты 20 МВт күн электр стансасының құрылысы басталады. Бұл электр стансасы күн энергиясынан өндірілген электр энергияны теміржол көлігі саласында пайдаланатын әлемдегі ең алғашқы жоба болып табылады. Бұдан бөлек, Жетісай қаласы маңында күн электр стансасы құрылысын жүргізу жоспарда тұр. Жобаға 10,7 га жер бөлінген, қуаты 4,8 МВт. Сонымен қатар Бәйдібек ауданында қуаты 40 МВт және Отырар ауданында жалпы қуаты 135 МВт күн электр стансалары бой көтереді, – деді облыс басшысы.
Биыл Оңтүстікте индустриялық карта аясында жалпы құны 40 млрд теңгеге тең 20 жоба іске асырылады. Осының арқасында жаңадан 1,5 мыңдай жұмыс орны ашылады, өнеркәсіп көлемі 920 млрд-ға жетеді. Облыс әкімі осы мәселені баса айтты.
«Елбасы биылғы Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс деп атап көрсеткен болатын. Осы орайда облыстағы өнеркәсіптік кәсіпорындарға әлемдегі жетекші өндірушілердің жаңа цифрлы технологиялары мен автоматтандырылған басқару жүйелерін кеңінен енгізуді жоспарлап отырмыз. Ал «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында банк несиелері бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 3,4 млрд теңгеге 350 жобаға қолдау көрсету жоспарланған», деді өңір басшысы.
Сондай-ақ әкімнің есебінде мәлім болғандай «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 4 млрд теңгеге шағын және орта бизнеске көмек көрсету көзделсе, жастарды қолдау мақсатында «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.
Оңтүстік Қазақстан облысы адам ресурсына бай. Осы мәселені баса айтқан облыс басшысы «Әр ауылға – өз шебері» жобасының табысты жұмыс жасап жатқанын тілге тиек етті. Әр аудан, ауылдардағы керек мамандықтар анықталып, қысқа мезгілде кәсіби оқуға жіберіліп жатыр. Мәселен, оқуға қабылданған 12 мың 159 азаматтың 8 мыңнан астамы бүгінде өзіне тұрақты жұмыс тапқан.
Жалпы, жыл басынан бері 82 мың 227 жаңа жұмыс орны ашылған.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» шеңберінде 9-шы, 11-сыныпты бітіргендер мен жұмыссыз, ешқандай мамандықты игермеген жастардың тізімін қалыптастыру мақсатында облыста 43 мобильді топ жұмыс істеп жатыр.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы