Аймақтар • 20 Ақпан, 2018

Оралдың іргесінен жаңа қалашық салынады

327 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов есеп берді. Өңір басшысы мұның алдында облыстың жүздеген ауылын аралап, халықпен жүздескенін, облыс­тың ресми сайтында және жергі­лік­ті БАҚ арқылы онлайн сауал­­дама жүргізіліп, облыс тұрғындарын маза­лайтын ең өткір мәселелер­дің рей­­тингі жасалғанын айтты.

Оралдың іргесінен жаңа қалашық салынады

Фото: Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ

Онлайн сауалдамаға мыңдаған адам қатыс­қан. Дауыс берушілердің 15 пайызы жол жөндеуді, 12 пайызы өңірдегі медициналық қызмет көрсетуді дамытуды, 8 пайызы жұ­мыс­сыздықпен күресуді алға тартса, 8 пайызы тұр­ғын үй құрылы­сы қарқынын төмен­детпеуді сұраған. Ауыз су, газбен қамту, абаттандыру, қоғамдық тәр­­тіпті күшейтуді талап еткен тұр­­­ғын­д­ар да бар. «Біз барлық тұр­ғын­ның ұсынысын ескеретін боламыз», деді облыс әкімі.

Оралдықтардың жол мәселесін бірінші орынға қоюы тегін емес. Батыс Қазақстан жол жөнінен еліміз бойынша ең артта қалған өңір болып саналады. Тек соңғы жылдары жол құрылысына айрықша көңіл бөлініп келеді. 2014 жылы облыста 160 км жол ретке келтірілсе, 2016 жылы ол 290 шақырымға жетті. Ал өткен жылы 500 км жол жөндеу қолға алынып, соның 420 шақырымында аяқталды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал – Тасқала – РФ шекарасы күре жолының 70 шақырымы пайдалануға берілсе, биыл бұл жоба толықтай аяқталады. Сондай-ақ облыстық маңызы бар 128,5 шақырым жол ретке келтірілді. Орал қаласында өткен жылы 67 көшенің жолы жөнделіп, соның 61-інде жұмыс мәреге жетті. Егер 2016 жылы жол құрылысына 2,4 млрд теңге бөлінсе, өткен жылы 8,1 млрд теңгеге жетті. Депо көпірі құрылысына бөлінген қаржыны қосқанда, 10 млрд теңгеден асты.

«Батыс Қазақстан облысы шағын және орта бизнестің даму көр­­­сет­­кіші бойынша Астанадан кейін екінші орында», деп мәлімдеді Алтай Көлгінов.

– Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі жөнінен облыс өңірлер арасында сегізінші орында. Елбасы 2050 жылға қарай өңірлік жалпы өнімдегі шағын және орта бизнес көлемін 50 пайызға жеткізу міндетін қойған болатын. Қазір шағын және орта кәсіпкерлік көлемі 42 пайызға жетті. Бұл ба­ғытта жыл сайын 1,5-2 пайыз өсім бар. Бұл көрсеткіш бойынша өңір­лер арасында Астанадан кейін екін­ші орындамыз. Бұл секторда об­лыс­та 112 мың адам жұмыс істейді. Яғни бір жылда шағын және орта биз­неспен айналысатындар бес мың­ға көбейіп отыр, – деді облыс әкімі.

Оның айтуынша, былтыр жалпы құны 21 млрд теңгенің 184 жобасы мақұлданған. Жалпы, облыс­та былтыр 1 трлн теңгенің өнімі өн­діріл­ген. Алда атқарылатын үлкен жұ­мыс­­тардың қатарында А.Көл­гінов биыл БҚО-да 77 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылатынын айт­ты. Батыс Қазақстан – еліміз бо­йынша тұрғындары таза ауыз сумен ең аз қамтылған өңірлердің қата­ры­на жатады. Облыста 443 елді мекен болса, соның 37 пайызы ғана орта­л­ық­тан­дырылған ауыз сумен қамтылған.

– Үкіметтің қолдауы нәтиже­сін­де өткен жылы 13 млрд теңге рес­пуб­ликалық бюджеттен бөлін­ді. Оған 12 аудандағы 60 елді мекен­ге таза ауыз су жеткізу жұмыс­тарын бастадық. Бір аудан да тыс қалмады. Мәселен, Бөкей ордасы, Қазталов, Жәнібек аудандарының орталықтарында су құбыры болған жоқ. Жаңақала халқы үнемі су мәсе­лесін көтеріп келді. Осы мәсе­лелер шешімін тапты. 178 елді мекенге су жетті. Бөлінген қаржының 9 млрд теңгесіне 1100 шақырым су құбыры тартылды. Қазір 156 шақырым су құбыры тартылуда, жазға дейін жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Осы ауылдардағы 77 мың тұрғынға таза ауыз су жетіп, облыста ортал­ықтан­дырылған ауыз сумен қамтылу 44 пайызға жетеді, – деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Оралдықтар үшін тағы бір жа­ңа­лық – облыс орталығының іргесінен «Ақжайық» атты жаңа шағын аудан бой көтеріп, онда 150 көп қабатты үй салынатын болды. Жаңа қалашықта 50 тұрғын орналаспақ. «2020 жылға қарай Зашаган кентінде үй салатын орын қалмайды. 2030 жылы қаламызда 400 000 адам болады деп отырмыз. Олардың бәрін орналастыру мәселесін бүгіннен бастап ойлас­тыру керек. Мәншүк Мәметов көшесінен тіке түсіп, жаңа ауданға Шаған өзенінің үстімен өтетін көпір салынады. Қала бойынша бүгінде 22 000 адам үй кезегінде тұр», деді А.Көлгінов.

Осындай жұмыстар қаланың солтүстік-шығыс ауданында да атқарылады. Оралда 1500 кө­рер­менге арналған залы бар мәде­ниет сарайы бой көтермек. Ауыл­дық жерлерде де 123 тұрғын үй пай­да­лануға беріледі. Биыл Жал­пақ­тал­дан Қазталовқа дейінгі жолды жөндеуге қаражат бөлінді. Соны­мен қатар 92 елді мекенді кең жо­лақ­ты интернетпен қамтамасыз етуді бастаймыз, деді облыс әкімі.

Облыстағы мектептердің 60 па­йызы – ауылдық жердегі аз ком­плектілі шағын мектеп. Бұл үлкен мәселе, өйткені мұндай білім ордаларында шәкірттердің толық­қанды білім алып шығуы қиын. А.Көлгінов биыл бұл мектеп­тердің барлығы толығымен кең жолақты ин­тер­нетпен қамты­латынына сендірді.

Өңір басшысы нақты мысалдар келтіре отырып, 1991 жылдан 2000 жылдарға дейін облыста мал саны күрт азайғанын айтты. Ірі қара мал басы 1991 жылы 789 мың болса, 2000 жылы 336 мыңға дейін азайған. Қой мен ешкі 2 млн 300 мыңнан астам болса, 2000 жылы 571 мың бас тіркелген. Жылқы 112 мыңнан сол 2002 жылы 46 мыңға дейін түсіп кеткен. Құс 1 млн 752 мыңнан 334 мыңға азайған.

Былтырғы есеп бойынша өңір­де 556 мың ірі қара, 1 млн 156 мың ұсақ мал, 170 мың бас жылқы және 1 млн 503 мыңнан астам құс тір­кел­ген. Яғни, жылқы түлігі болмаса, 1991 жылғы көрсеткішке об­лыс әлі жеткен жоқ. Мұның өзі ауыл шаруашы­лығы секторында қол­ға алынуы тиіс жұмыс көптігін көрсетеді.

Өңірде соңғы кезде суландыру, суармалы көлтабандарды қал­пына келтіру жұмысы қолға алын­ғаны көңілге қуаныш орнатады. Өткен жылы Жайық – Көшім су арнасы жүйесі жаңартылды. Әкім енді Жайық өзенінің сол жағындағы Азынабай – Тайпақ суландыру жүйесін қалпына келтіру қолға алынатынын айтты. Бұл осы өңірдегі бос жатқан 300 мың га ауылшаруашылық жерін тиімді пайдалануға, мал азығын мол дайындап, өңірдегі төрт түлік санын көбей­туге ықпал етпек.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

ОРАЛ