«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты кезекті Жолдауында Президент жүзеге асуы тиіс 10 негізгі міндетті атап көрсетті. Міндеттер аса күрделі, мейлінше өзекті. Кез келген қоғамның өмір сүруі мен даму үдерісінің ең негізгі қозғаушы күші, ол сол қоғамның азаматтары, яғни адами капиталы. Сондықтан да Президент Жолдаудың 7-міндетін «Адами капитал – жаңғыру негізі» деп атап, білім беру саласындағы атқарылуы тиіс шараларға тоқталды.
Біздің пайымдауымызша, көптен бері айтылып келе жатқан мұғалімнің мәртебесін көтеру және оның жалақысы мөлшерін 30%-дан 50% -ға дейін ұлғайту туралы шешім, Елбасының миллиондаған ұстаздар мен олардың шәкірттеріне жасаған қамқорлығы, қолдауы. Өйткені ұстаз-білім, тәрбие беру үдерісіндегі ең басты тұлға. Сондықтан да ол бар болмысымен – білімімен, моральдық кескін-келбетімен, тіпті киім киісі, жүріс-тұрысымен де шәкірттеріне үлгі болуы тиіс. Сонда ғана ол қоғамның, ең бастысы шәкірттерінің құрмет-қошеметіне бөленеді. Мұндай ұстаздардың жұмысы да жемісті болады. Аттары аңызға айналған қазақтың қаһарман ұл-қыздары Талғат пен Бауыржан, Әлия мен Мәншүк, күміс көмей әншілеріміз Роза мен Бибігүл, тағы да басқа көптеген мемлекет, қоғам қайраткерлері сол ұстаздар еңбектерінің жемісі.
Жолдаудағы 10 міндетті жүзеге асыруға әрбір қазақстандық, терең білімді, жоғары білікті және өз Отанын жанындай сүйетін патриот мамандар ерекше атсалысуы тиіс. Сондықтан да Президент орта және жоғары білім беретін оқу орындарының жұмысын заманауи талаптарға сай ету мәселелеріне, педагогтардың біліктілігін көтеру, педагогикалық кафедралар мен деканаттардың жұмысын жетілдіре түсу, сондай-ақ математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын көтеру қажеттілігін атап өтті.
Жұмыс берушілерді тарта отырып, өткен жылы басталған баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасын халықаралық және цифрлы талаптарға сәйкестендіре жаңартып жалғастыра беру керек. Осылайша мемлекет жастарға алғашқы мамандық алуға мүмкіндік жасайды. Бұл дегеніміз еліміздегі тапшылыққа айналған техникалық кадрлар мәселесін шешудің ең төте жолы болмақ.
Конституциямызда айшықтап жазылғандай қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ол қазақ халқының тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын меңгерудің алтын кілті. Сондықтан да Президенттің халықаралық қолданыстағы терминдерді қазақ тіліне тәржімелеуде мейлінше абай болып, тілді орынсыз күрделендірмеуге шақыруын толығымен құптаймыз. Айта кету керек, халықаралық терминдер ежелден, сонау антикалық дәуірден бастау алып, ғасырлар бойында қалыптасып келген. Президент өз Жолдауында «қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» екенін атап көрсетті. Сонда ғана нағыз азаматтық қоғам орнап ел азаматтары біртұтас ұлтқа айналады.
Жолдауда айшықталған міндеттер ауқымды, әрі күрделі. Оларды жүзеге асыруды ұйымдастырып, үйлестіріп отыруда атқарушы және өкілетті органдардың рөлі арта түсуі тиіс. Бұл орайда өңірімізде білім беру саласындағы түйткілді мәселелер, әсіресе апатты, үш ауысымды мектептер проблемалары жіті назарға алынып отыр. Аталған мәселелердің де шешілетін күні алыс емес. Сонымен Жолдау жарияланып, 10 маңызды міндет күн тәртібіне қойылды. Баршамыз болып аянбай еңбек етсек, оларды да ойдағыдай етіп еңсереміз.
Саттар ҚУАШБАЙ,
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты
Шымкент