Бұл жүйе дамыған елдерде қоршаған орта туралы ақпаратқа жұртшылықтың қолжетімділігін жүзеге асыру құралы ретінде қолданылады. Мәселен, экологиялық ақпаратқа жұртшылық құқығын қамтамасыз ету үшін құрылған Нидерланд еліндегі шығарындылар тіркелімі 1974 жылдан бері пайдаланылып келеді. Ал АҚШ-тағы зиянды заттар шығарындыларының тіркелімін 1980 жылдардың соңында америкалық кез келген кітапханадан кездестіруге болатын. 2003 жылы Киевте Еуропаның 55 елінің экология министрлерінің кезекті кездесуінде ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарын тіркеу туралы арнайы хаттамаға қол қойылды. Соның негізінде ТМД елдері ұлттық тіркелімдерді құруға қатысты жұмыстарды қолға ала бастады.
Бұл жүйе шығарындылардың сипаты және саны туралы ақпарат беретін каталогтан немесе деректер базасынан, қауiптi химикаттарды тасымалдау бойынша ақпараттан тұрады. Әдетте тіркелім ауаға, суға, топыраққа және өңдеу мен көму орындарына байланысты ақпаратты қамтиды. Ақпарат ресми дереккөздерден алынып, кәсіпорындардың міндетті мемлекеттік есебінің деректерін ұсынады. Оның түгендеу, зерттеу мен есептен негізгі айырмашылығы, оған интернет арқылы кең көлемде қол жеткізуге болады. Тағы бір маңызды мәселе, тіркелім деректері тұрақты түрде толықтырылуы қажет. Бұл уақыт бойынша үрдістерді анықтауға мүмкіндік береді. Аталған деректерді қоғам өкілдері елді мекендегі экологиялық жағдаймен танысу және экономика секторлары немесе мемлекеттік органдардың экологиялық қызметін бағалауға пайдалана алады. Ластанудан зардап шеккендер тіркелім деректерін пайдалана отырып, экологиялық қолайлылыққа, денсаулықты сақтауға байланысты мәселелер көтеру арқылы кәсіпорындарды экологиялық көрсеткіштерді жақсартуға ынталандырады. Сондай-ақ мемлекетке қалдықтарды, ластауыштарды, химикаттарды басқару, игеру немесе азайту басымдықтарын белгілеу, зиянды қалдықтарды жою кезіндегі қауіпті химиялық заттарды зерттеуге байланысты мәселелерді реттеуге көмектеседі. Ал өнеркәсіптік секторлар және жалпы химикатты тұтынушы кәсіпорындар үшін таза технологияларды енгізуге, білікті мамандардың келуіне, аумақтық деңгейдегі байланыстарды жақсартуға, бәсекеге қабілеттілікті арттыруға, жаңа нарықтарды игеруге және кәсіпорынның қаржылық тұрақтылығын арттыруға септеседі.
2018-2019 жылдары Энергетика министрлігі ластауыш шығарындылары мен тасымалдары тіркелімінің хаттамасын ратификациялау жұмысын жүргізеді. Айта кетелік, 2016 жылы Экологиялық кодекске «Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркелімін жүргізу» атты жаңа бап енгізілген болатын. Энергетика министрінің 2016 жылғы 10 маусымдағы №241 бұйрығымен «Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркелімін жүргізу ережесі» қабылданды. Заңнамада қабылданған өзгерістер негізінде ірі кәсіпорындар (1-санаттағы табиғат пайдаланушылар) Энергетика министрлігі және оның аумақтық органдарына ауаға, суға және топыраққа шығарылатын шығарындылары, қайта өңдеу және көму орындарына тасымалданатын қалдықтар туралы ақпаратты ұсынады. Сонымен қатар 2013-2016 жылдары ірі кәсіпорындардың есептері сынама ретінде ұсынылды. Бұл есептермен ұлттық Орхус орталығының сайтында және Қазақстандағы ЛШТТ енгізуге арналған ақпараттық порталында танысуға болады.
Бүгінде халықаралық ынтымақтастық шеңберінде «Орнықты органикалық ластауыш заттар бойынша есеп беру құралы ретінде ластауыш шығарындылары мен тасымалдар тіркелімін жүзеге асыру» атты Қазақстан Республикасы үшін тарату және хабардар етуді арттырудың жобасы жүзеге асырылуда. 2016 жылы қолға алынған бұл жоба 2019 жылы аяқталады. Жобаның басты нәтижелерінің бірі – кәсіпорындарға арналған есептіліктің онлайн жүйесін қанатқақты режімде енгізу, ұлттық құқықтық құжаттар жобаларын дайындау, өнеркәсіптік сектор үшін баға әдістері бойынша ұлттық нұсқаулықтарды әзірлеу және қолжетімділік, ақпаратқа жұртшылықтың қолжетімділігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жүргізу болмақ. Яғни, алдағы жылдары қазақстандықтар қоршаған орта туралы ақпаратқа жеке заңды құқығын толығымен пайдалана алатын болады.
Айнел РЫМБАЕВА,
«Орнықты даму ықпалдастығы» орталығының қызметкері