20 Ақпан, 2018

Жүздік құрылымда рулық үлес жоқ

689 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жақында танымал антрополог-академик Оразақ Смағұловтың «Қазақ халқының шығу тегі» атты еңбегі жарыққа шықты. Туындыда қазақ халқы осыдан қырық ғасыр бұрын Еуразия даласында дара этнос ретінде қалыптасқаны физикалық антропология арқылы дәлелденіпті. 

Жүздік құрылымда рулық үлес жоқ

Кітаптағы елді елең еткізерлік оқиға – ұзақ жыл сарапталған морфо­фи­зиологиялық зерттеулер нәтижесі көр­­сеткендей қазақтың үш жүздік құ­рылымында ешқандай, рулық, ту­ыс­тық үлес жоқ екен. Бар қазақ – бір қазақ екен.

Сонда дейміз... қазақ көсемсөзінің майталманы Марат Қабанбаев айтқан­дай, еңсегей бойлы бір қазақтан үш мыр­тық қазақты өсіріп шығарған кім? Бұл қашан, қалай пайда болды? Ұлттың бай қазынасы, қазақтың генетикалық ақыл-есі – фольклоры мен ежелгі жыр-дас­тандары түп қопарып, ақтарып кө­ріңіз, жүзге бөліну жайлы бір ауыз сөз жоқ. Тіпті жоғарыдағы нақты ғы­лым морфологиялық, генетикалық дерек­тер­дің өзі дәлел таппай отырғанда, қазіргі бүтін ұлты шірітіп жүрген осы бір «жүз» деген дүние қайдан шыққан?.

Осы орайда, гуманитарлық ғылым­дар соның ішінде тарихшы-этнографтар, кемел ойлы жазушылар не айтады? Дені дұрыс оқымыстылардың бәрі дерлік бір ауыздан жүздік құры­лым­ның түпкі мәні басқа екенін айтады. Мысалы, академик-жазушы Сәбит Мұқанов қазақтың үш жүздік құ­рылымына қа­тысты түркітанушы оқы­мысты Н.Я.Бичуриннің еңбектеріне жү­гіне оты­рып, мұндай құрылым біздің дәу­іріміздің 635 жылдары болғанын, ата-балаларымыз – түркілер көрші қытайға кешенді шабуыл жасау үшін үш одақ, яғни үш жүздік әскери құрылымды пайдаланған десе, тарих ғылымының докторы, этнограф Халел Арғынбаев, қазақ халқы үш жүзге XV-XVI ғасырда бөлінген және жүздік құрылымда – тұқымдық-генетикалық сипат та, ата­лық негіз де жоқ, бұл байырғы көш­пенділерге тән көнеден келе жатқан әс­кери құрылымнан шыққан дүние деп, жо­ғарыдағы Сәбеңнің пікірін толық­ты­рыпты.

Тағы бір қазақ тарихшысы Сәбетқазы Ақатаев 1994 жылы жарық көр­ген монографиясында: «Ертеде ғұн­дар мен скифтерде де осындай үш құрылым болған. Яғни «жүз» сөзінің шынайы мәні «жақ», «бөлік», «фланг» мәндес әскери жауынгерлік бөлініс. Жүзде генетикалық сипат жоқ. Оған дәлел: бір ата мен екінші атаның (рудың) есімдері үш жүздің құрамында мидай араласып жатуы» дейді.

Осылай көшпенділердің ежелден жалғасып келе жатқан әскери-жауынгерлік тактикасы жүздік құры­лым­ның ХV-ХVІІ ғасырлардағы тарихи-идеологиялық маңызы жайлы зерделі қаламгер Әбіш Кекілбаев 1992 жылы жазған «Әйтеке би» атты толғауында, байырғы жүздік құрылымның идеологиясын 1560-шы жылдары қайтадан жаңғыртып негіздеген – Хақназар хан. Ол қазіргі біз айтып жүргендей бүтін ұлысты үш жүзге бөлген жоқ, үш тарап, үш ұлысты «үш жүз» деп жариялап бастарын қосты. Яғни жаңа одаққа ортақ мекен болып отырған жердің түп иесі бұрынғы Моғолстан халқын қадірлеп «Ұлы жүз» атандырды. Жаңа одақтың алғашқы құрылымына негіз болған Ақ Орда халқын «Орта жүз» атандырды. Ал бұрынғы Алтын Орда құрамында болған халықты «Кіші жүз» атандырды. Бұл бөлінушілікті емес, ағайынгершілікті, жікшілдікті емес, ынтымақты көздеген концепция еді, дейді.

Демек, жүздік құрылым өткен ғасырларда ұлыстың басын біріктіретін, сыртқы жаудан қауымдасып қор­ға­на­тын міндет атқарып отырған. XIV-XV ғасырларда осындай бірігу­дің арқасында Қазақ хандығы күшей­іп, жүздіктер өздерінің байырғы қоныс­та­рын қайтарып, Қазақ Ордасына қосып алды. Осындағы «жүздік бір­лік» концепциясының арқасында қазір­гі Атыраудан Алтайға, Тобылдан Қор­дай­ға дейінгі жеріміз сақталып қалды.

Кейін отарлаушылар жоғарыдағы жүздік құрылымды қазақты ыды­рат­қыш құрал ретінде пайдаланды. 1819-1821 жылдары Сібір генерал-губер­на­тор­лығын басқарған М.Сперанский патшаға жазған хатында: «Қазақ же­рінде сексеуіл деген ағаш бар. Соны бір-біріне ұрып жарады екен. Сол сияқты қазақтар үш жүзге, руға бө­лінеді. Біз соларды сексеуіл сияқты бір-біріне ұрып жарумыз керек», деуі («Мәдени мұра» журналы. № 2(59) // 2015 ж. 38-б) отарлаушылардың жоғары дай­ындықпен, қазақ қоғамының ішкі-сыртқы, астар-қыртыстарын әбден зерттеп, барып іске кіріскендігін аңғартса керек.

Сөйтіп ұзақ ғасырлар бойы дала көшпенділерінің мемлекеттік ұстынына айналған жүздік құрылымның маңызы жойылып, қазіргі таңда қазақ қоғамын ыдыратқыш індетке айналды. Саналы қазақ осы дерттен айығатын уақыт жетті. Күллі ғалам қауымдасып жатқанда, қытай мифологиясындағы үш басты айдаһардай үш жаққа қарап, ысқырып отырғанымыз жараспас.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»