Талапқа сай емес өнімдерді анықтау бойынша облыста тексеру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Барлық сауда орындары қамтылған десе де болады. Жергілікті тұрғындарға саудаланып келе жатқан өнімдердің қауіпсіздігіне ай сайын мониторинг жүргізіліп, тамақ өнімдерін шығаратын кәсіпорындар жоспарлы түрде тексерілуде. 2017 жылы 3,5 миллион теңгенің өнімі сатып алынған болатын. Сараптама қорытындысы анықтағандай, былтыр сатып алынған үлгінің 17,2 пайызы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес келмеген. Соның ішінде тамақ өнімдері – 11,8 пайыз болса, балалар ойыншығы – 5,2 пайыз, балалар мен жасөспірімдер заттары (киім, аяқ киім) – 5,8 пайыз және де опа-далап өнімдері 6 пайызды құраған. Сондай-ақ зерттеу нәтижелері тұрмыстық химия заттарының 1 пайызы, жағу материалдары, майлар және арнайы сұйықтықтардың 0,7 пайызы және синтетикалық материалдардың 0,2 пайызы талапқа сай еместігін анықтаған. Заң бұзушылықтың басым бөлігін, яғни 91,4 пайызын маркалаудың сәйкеспейтіндігі құраса, ал 7,7 пайызында микробиологиялық көрсеткіштер қауіпсіздігі сақталмайды және 4,8 пайызында физикалық-химиялық көрсеткіштерінің талапқа жауап бермейтіндігі белгілі болды. Нәтижесінде саудадан 5 тонна өнім алынып тасталды. Соның ішінде 324 кило тамақ өнімі және 3 тонна тартатын химия мен мұнай-химия өнімі құрайды. Анықталған заң бұзушылық фактілері бойынша 162 кәсіпкерлік субъектілеріне азаматтардың денсаулығына қатысты санитарлық-эпидемиологиялық салада Қазақстан Республикасы заңдары талаптарын бұзуды тоқтатып, заң аясында әрекет ету туралы ескертпелер де берілді. Жалпы, тексеру нәтижелері бойынша 23 миллион теңге айыппұл салынғандығын да айта кеткен орынды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы